АЛТЫНОРДА
Новости

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРИЯЛАНҒАН КҮН ЕСІҢІЗДЕ МЕ?

кЖылдар өтіп, заман өзгерсе де, әрбір азаматтың есінен бұл күнді жақындатқан тарихи кезеңдер, әсіресе 1986 жылғы желтоқсан айында жастардың азаттық үшін бас көтеруімен 1991 жылы елдің егемендігін жариялаған күн еш ұмытылмасы анық.

Биыл Қазақстанның тәуелсіз, дербес ел атанғанына 22 жыл толады. Жылдар өтіп, заман өзгерсе де, әрбір азаматтың есінен бұл күнді жақындатқан тарихи кезеңдер, әсіресе 1986 жылғы желтоқсан айында жастардың азаттық үшін бас көтеруімен 1991 жылы елдің егемендігін жариялаған күн еш ұмытылмасы анық. Қоғам қайраткерлері сонау 90-шы жылдардың басында қиын қыстау кезеңнің басталғанын, тіпті, ел ішінде болашаққа деген сенімнен гөрі, алаңдаушылықтың басым болғанын жасырмайды. Олар мемлекет басшыларының сол кездегі алғашқы қадамдары мен шешімдерін, ең алғаш тойланған Тәуелсіздік күнін былай еске алады.

 

Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:

Егемендік алуға атсалысқан ұрпақпыз

– Тәуелсіздік аламыз деген алғашқы жылдары Жоғарғы кеңестің сессиясында қазақтың зиялы қауымының ұлы өкілдері Салық Зиманов, Сұлтан Сартаевтың мінбеден сөйлеген сөзін естігенде, қатты көңілім қобалжыды. Екінші жағынан, таңырқап: «Қазақтан да осындай ұлы заңгер-ғалымдар шыққан екен ғой! Елдің дербестігін, егемендік алуға атсалысып жатқан біз шын мәнінде нағыз бақытты ұрпақпыз!» – деген, ойға келдім. Жүректе осындай үлкен қуаныш пайда болған тарихи кезең еді бұл. Артынша еліміздің Егемендігі туралы тұңғыш декларация бекітіліп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Президент етіп сайлап, үлкен бақытқа кенелдік.

Сол жылдары Жоғары кеңестегі көптеген азаматтардың, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің «жеке мемлекет бола аламыз ба, жоқ па?» деп, ел болашағына сенімсіздікпен қарағаны жасырын емес. Ел ішінде әртүрлі толқу, әңгіме болды. Сол кездегі жағдайды, тіпті, сөзбен айтып жеткізу де қиын. Бірақ соның өзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен жоғарыда аты аталған белсенді депутаттарымыз өздерінің үлкен көрегенділігі мен білімділігінің арқасында депутаттар корпусы мен жалпы халықтың көзін бұл шешімнің дұрыстығына жеткізіп, Егемендік декларациясына қол қоюға атсалысты.

Бүгін Қазақстан – әлемдегі ең танымал әрі жоғары жылдамдықпен өсіп-өркендеп, дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі. Елбасы өзінің алғашқы Жолдауларының бірінде «2030 жылы үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз» деп, ел алдына үлкен мұрат қойған болса, соңғы Жолдауында «2050 жылға қарай бұдан да асқан жетістіктерге жетуіміз керек» деп үлкен талаптар қойып жатыр. Осы жылдар аралығында түрлі құқықтық, экономикалық, саяси реформалар жүргізіліп, өз жемісін берді. Оның ішінде ерекше атап өтетін жетістігіміз – ТМД елдері ішінен, тіпті, түркі мемлекеттерінің ішінен тұңғыш рет Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі. Мұның бәрі қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш деп ойлаймын.

 

Асылы ОСМАН, Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі:

Тәуелсіздік жарияланған күні көзімізге жас алдық

– Бұл тарихи күн ешқашан да есімізден кетпейді. Бұ дүниеден өткенше көз алдымызда сол бір күндер менмұндалап тұрады. Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғанда мен Алматыдағы Республика алаңында болған едім. Сол кезде еліміздің егемендігін Түркияның мойындағанын естігенде, қуанышымызда шек болмады. Жанымда Анадолы жерінен келген түріктің баласы бар еді, екеуіміз қуаныштан көзімізге еріксіз жас алдық. Сол бір күні аспаннан жаңбыр себелеп тұрды. Біз мұны жақсылыққа жорып: «Құдай да еліміздің Тәуелсіздігін қолдап жатыр! Аспаннан нұрын жауып тұр!» – деп, бір-бірімізді құшақтап, құттықтап жаттық.

Сол күнгі қуанышты ауызбен айтып жеткізу де қиын. Бұл нағыз шынайы сезім, нағыз бақыт еді. Мұстафа Кемал Ататүріктің: «Дүниедегі ең қымбат нәрсе – адамның еркіндігі» – деген дана сөзі бар. Тәуелсіздік дегеніміз – еркіндік, толыққанды дербес мемлекет болу. Бұл күнді ұмыту да, қадірлемеу де мүмкін емес. Күн өткен сайын тәуелсіздіктің қадірі де асып жатыр деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біз әлі де соның қадірін толықтай сезіне алмай жүрміз.

Тәуелсіздік жылдары еліміз қол жеткізген жетістіктерді санамалағанда, оған саусақ та жетпейді. Құдайға шүкір, бүгін Қазақстан әлемге танылды. Қазір дүниежүзінде «Назарбаев десе – Қазақстан, Қазақстан десе Назарбаев» дейді. Елбасы тек ел халқы үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін де қызмет етіп жатқаны баршаға аян. Адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді. Ақын Қасым Аманжолов: «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» – деген екен. Елбасы елді де, жерді де күллі әлемге танытты. Астанада қаншама халықаралық маңызды іс-шаралар өтіп жатыр. Қазір Қазақстанды білмейтін ел жоқ деуге де болады.

Естеріңізде болса, «Қазақстан-2030» стратегиясында қазақтың: «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан» деген нақылы айтылып, алға ұлы мұраттар қойылған еді. Ал 2050 жылға бағытталған стратегияда қоғамның барлық саласын дамыту ісі қамтылған. Менің бұл жерде айтайын дегенім, еліміздің дамуы қазақтың атам заманнан келе жатқан «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан» деген қағидасын бұзып, Елбасы аз уақыт ішінде Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына қосты. Енді елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосуды мақсат етіп отырғаны мені ерекше қуантады. Құдай бұйыртса, бұл мақсатқа да көп ұзамай жетуіміз керек.

http://www.aikyn.kz/articles/view/38261