Елімізде халықаралық келісімшарттар жуырда мемлекеттік тілде толтырыла бастайды.. Бұл туралы заң жобасы Мәжілісте қаралды. Депутаттардың қолға алған «ҚР халықаралық келісімшарттар мәселелері жөніндегі ҚР заңнамалық актісіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жобасы Парламенттің кіші палатасында қолдау тапты.
« ҚР Халықаралық келісімшарттар туралы» және «ҚР тілдер туралы» заңдарға өзгерту енгізіліп, Қазақстан мен шетел арасындағы келіссөздер екі тараптың келісімі бойынша қазақ тілінде тілінде жүргізілмек», — делінген Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі Мәжіліс комитетінің қорытындысында.
Жоғарыда айтылғандай, келіссөздер тілін екіжақты таңдауға салады. Бірақ бұл норманы асыра пайдаланушылар болуы мүмкін. Сондықтан белгілі бір жағдайға қатысты сөйлесу тілі келіссөздердің пішіні мен саласына байланысты. «Мемлекеттік органдар мен Үкіметке ескерткім келеді, Парламент келіссөздер мен келісімшарттардың тілін жіті қадағалайтын болады», — деді Розақұл Қалмұрадов. Ал оның әріптесі, заң жобасын ұсынушылардың бірі Мәулен Әшімбаев қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасы сын көтермейді деген пікірде. «Біздің тәжірибемізде бір келісімшартың мәтініне қол қояр алдында ғана түзету енгізгенбіз. Бұл бірінші жағдай емес, талай рет қазақ тіліндегі мәтіннің қатесін түзетудің куәсі болдық. Мысалы, Люксембургпен жуық арада ғана келісімшартты айтуға болады. Ол келісімшарт салық салу, салықты айналып өтуді доғаруға бағытталған. Осы жазылып қойған мәтіннің қазақ тілді нұсқасына грамматикалық, орфографиялық сипатты қателерін түзеттік. Сондықтан бұл жағдайды бей-жай қалдыруға болмайды, ол үшін заң жобасына тиісті шаралар енгізіледі», — деді Әшімбаев. Алайда заң жүзінде, заңда бекітілген шаралардың көпшілігі бірден орындала қоймайды. Оған еліміздегі көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен заң жобалары дәлел. Бұндай жағдайдың алдын алу үшін «Әкімшілік заңбұзушылықтар туралы» кодекске де толықтырулар жасалады, сөйтіп қате жіберген адам әкімшілік жауапқа тартылады.
Қазақ тілі – бай тіл. Сәрсенбіде қазақ тілінің талдамалы сөздігінің тұсаукесері өтті. «106 мың сөз және 48,3 мың сөз тіркесін қамтиды. Түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінің байлығына осы сөздік куә. Қазақ тілі түрік тілінен 14 мыңға артық», — деді тұсаукесерге қатысқан ҚР мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед.Ендеше төл тілімізді өз құжаттарымызда қатесіз қолданудың қиындығы жоқ.