АЛТЫНОРДА
Казахи за рубежом

СЫРТТАҒЫ ҚАЗАҚҚА САЛҒЫРТ ҚАРАМАЙЫҚ

ОралмАтамекенге оралғысы келетіндерге есік ашық екенін ескертті. Содан бергі кезеңде атамекенге 1 миллионға тақау қазақ бет бұрды. Туған елмен қауышты. Бір қарағанда, бәрі жақсы, бәрі оңды. Алайда шешілмей жатқан тірлік көп. «Қазақтың санын қа­лай көбейтеміз, өз жерімізде басымдыққа қалай ие боламыз, салт-дәстүрімізді қа­лай сақтап қаламыз, тілімізді өз тұғырына қалай қоямыз» деп бас қатырамыз. Сөй­те тұра, қазақтың көбеюіне үлкен үлес қосатын оралмандарды ұмытамыз, сөйте тұра, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұр­пын, тілдік нәрін керемет сақтаған қан­дастарымызды (оралмандарды) өзекке тебеміз, сыртқа итереміз. Тіпті белгісіз себептермен «Нұрлы көш» деген керемет аталған көшке 2015 жылға дейін мора­торий жариялап жібердік. Ол аздай жа­қында сырттан келген қазақтар (орал­ман­дар) 4 жылдан кейін ғана азаматтық алады деген заң шығарып қойдық. Бұл да шекара асып келетін қандастарымыз үшін үлкен тосқауыл болмақ. «Елге ел қосылса – құт» деп жатушы еді атамыз қазақ. Шындығы сол, «Әр қазақ – менің жалғызым» деп еміренуден әдіра қалған секілдіміз. Жарайды, бұл – іштегі тірлік. Сырттағы қазақтың жай-күйі қалай? Өзге жақты айтпағанда, әсіресе, өзімізге жақын дейтін Моңғолдың Бай өлкесін мекендейтін иісі қазақтың басына қара бұлт төне бастаған сынды. Ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары мынадай деректерді алға тартуда. Бай өлкедегі қазақтардың моңғол тілін керек етпей, тек ана тілінде сөйлеуі Моңғол үкіметін алаңдата бастаса керек-ті.
Өткенде бір үкімет сағатында «Бай өлкедегі (Баян-Өлгей) моңғол тілін оқыту қандай деңгейде?» деген депутат сауалына осы елдің Білім және ғылым министрі Л.Гантөмөр: «Баян-Өлгейде моңғол тілін оқыту – өте жаман. Аймақ басшылары моңғол тілін оқыту мәсе­ле­сіне өте немқұрайлы қарайды. Моңғол тілін жоғары оқу орнына түскенде үйре­ніп алады» деген пікірде. Мәселені шешу үшін парламенттің (Улсын их хурал) жалпы отырысында, комитет отырыс­тарында айтып, көтеру керек. Минис­трлік тарапынан бірқатар талпыныстар жасалғанымен, нәтижесіз болды» деп жауап беріпті.
Демек, алдағы уақытта осы аймақты мекен еткен қандастарымызға зорлап болса да өз тілдерін үйретуге тырыспақ. Яғни «ана тілін арда тілім» деп отырған жұрттың тіліне тосқауыл қойылып, қысым жасамақ.
Тіпті интернет форумдарда «Моңғо­лия қазақтарын ассимиляцияға ұшыра­тып, сіңіру керек», «қазақ қыздарын ал­дап қолға түсіріңдер де үйленіп алыңдар», «қазақтар Баян-өлгейді Қазақстанға қоспақшы» деп ұрандатып жатқандар да бар көрінеді. Әрине, моңғолдардың өз тілін шыр-пыр болып қорғап, өз елінде мәртебесін көкке көтеруге тырысуы заң­ды. Оған ешкім қой деп айта алмасы хақ. Мұндай жағдайда біз не істеуіміз керек? Ең дұрысы тілдік нәрімізді сақтап отыр­ған сырттағы ағайынды жедел елге кө­шіріп алу қажет. Бірақ ұлы көшке мора­торий жариялап қойдық. Өз бетімен кел­­­гендер 4 жылға дейін азаматтық алу құ­қына ие емес. Сонда қайтпек керек? Әл­де сырттағы 5 мил­лион қандасымыз­дың ассимиляция­ға ұшырап, өзге ұлттарға сіңіп кетуіне куә болып отыра береміз бе?
Әкім ЫСҚАҚ, қоғам қайраткері, Тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы:
– Бай өлке – ежелден қазақ мекен етіп келе жатқан аймақ. Оған жуық арада көшіп барып, жайлап жатқан жоқ. Сондай-ақ таза қазақи дәстүр, салт-сана, тілдің нәрі бұзылмаған жер. Ал одан айы­рылып қалу – біз үшін үлкен қылмыс. Он­дағы жұртта болғанмын. Үнемі Қазақ­станды «үлкен Отанымыз, атамекеніміз» деп арқа тұтып, мақтан етіп отырады. Бірақ ол жер Моңғолияға қарағандықтан, Моңғол билігі өз пәрменін, өз билігін жүргізгісі келетіні, өз тілін осы жерде өркендеткісі келетіні заңды. Оған «қой» деп айта алмайсың. Олардың ішкі ісі. Бірақ Қазақстан мен Моңғолия жақсы қарым-қатынаста. Осыны пайдаланып, қазақ Үкіметі ол жердегі қазақтардың салт-дәстүрін, қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілін сақтап қалуына араша түскені жөн деп ойлаймын.
Бұл – біздің парызымыз. Мұндай жағ­дай тек Моңғолияда емес, Қытайда –қытайландыру, Өзбекстанда – өзбек­тендіру саясаты жүргізілуде. Ресейде де солай. Демек, мұның бәріне куә болып, қол қусырып қарап отырмай, тәуелсіз, іргелі ел болғандықтан, бір қарекетке баруымыз керек. Яғни жедел көшіру мәселесі. Әйтпесе сырттағы 5 миллион қазақтан айырылып қаларымыз хақ.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz