Қоғамға танымал саясаткер, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің арманы не? Елорданың ендігі даму бағыты қалай өрбиді? Қазақтың бас қаласына ағылған елге тосқауыл қойыла ма?
Астанадағы ең басты мәселе — баспана жайын түпкілікті шешудің жолы табыла ма? Міне, орталықтың тұрғындарын ғана емес, өзге де өңірдегілерді жиі мазалайтын маңызды сауалдарға кеше Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жауап берді.
Осы орталықта кейінгі жарты жылдың ішінде барлық аймақ жетекшілері баспасөз мәслихатын өткізуді дәстүрге айналдырған еді. Кеше ұйымдастырылған әкімдердің соңғы брифингіне 65 бұқаралық ақпарат құралынан 125 журналистің қатысуының өзі-ақ, елорданың ел өміріндегі ерекшелігін білдірсе керек. Сонымен қалабасы Иманғали Нұрғалиұлы әдеттегідей алдымен орталықтың экономикалық екпінінен хабар беретін қызықты цифрларды мәлімдеді.
Былайғы жұрт астаналықтардың айлығы жоғары деген сөзді жиі қайталайды. Алайда дәл қазіргі кезде астаналықтардың орташа жалақысы өткен жылға қарағанда 15 пайызға артып, 165 мың теңгеге енді жетті. Сырттағы елдің елордаға қарап елеңдеп, екі қолға бір күрек табу үшін алыстан ат арылтып келетіндігі бар. Өйткені өзге жаққа қарағанда орталықта жұмыс мол деп ойлайтындығы белгілі. Расында да, тек ағымдағы жылдың өзінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылыпты.
Дегенмен оның 12 мыңы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Жалпы, бас қалада бизнес бұрынғыға қарағанда қарқын ала түссе керек. Атап айтқанда, тек биыл шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде олардан өндірілетін өнімнің көлемі алғаш рет 1 трлн 100 млрд теңгені құрапты. Индустриялық-инновациялық даму бойынша жалпы бағасы 87 млрд астам теңгені құраған 19 инвестициялық жобаның жұмысы жолға қойылып, үш мың адам тұрақты кәсіп тапқан. Кәсіпкерліктің еңсе көтеруіне орай аталған саладан шаһар қазынасына 600 млрд теңге салық түсіп отыр. Республиканың ортақ қазанына қаржы құятын донор өңірлердің төрттігіне кіретін Астана 2015 жылы ол жаққа 7,5 млрд теңге аудармақшы. Ал 2016 жылдан бастап соманың көлемін 17,3 млрд теңгеге көтермекші.
Жақсы өмірге жұрттың барлығы қызығады. Бәлкім, содан шығар биылғы жылы Астанаға ағылған халықтың қарасы тіптен қалың. – Жыл сайын сырттан келушілердің есебінен қала тұрғындарының қатары 50 мың адаммен толығатын еді. Ал биыл 80 мыңға көбейіп отыр, – дейді Иманғали Тасмағамбетов. Мәселен, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жыл басынан бері басқа облыстан көшіп келген 101 мың 283 азаматты тіркеуге қойса, есесіне, 22 мың 747 адамды тізімнен шығарған. Айырма 78 мың. Әрине, мұның барлығы орталықта әлеуметтік ахуалды күрделендіріп, жаңа проблемаларды көлденең тартары анық.
Расында да, ресми мәліметке қарағанда елордада 6 жасқа дейінгі 110 мың сәби бар екен. Ал кейінгі төрт жылдың өзінде 80 балабақша соғылғанның өзінде, барлық бөбекжайлардың сыйымдылығы 32 мың орынды құрайды. Сондықтан да әкімдік 2014 жылы 10 мектеп пен 14 балабақшаны іске қосуды жоспарлап жатыр. Жалпы, 2020 жылға дейін тағы да 100 бөбекжай салу жобасы бар. Олай етпеске тағы болмайды. Тек биылдың өзінде шаһарға мектеп жасындағы 5 мың бала келген. Бұл дегеніңіз қосымша 5 мектепті қажет ететіндігі сөзсіз. Айтпақшы, таяуда үкіметтік деңгейде елордаға ағылған елді тоқтату жайы көтерілгені белгілі. Орталықтың халқын 1 миллионнан асырмауды жоспарлаған биліктің мұндай қадамы ел ортасында әлеуметтік кикілжіңдерді де тудыруы әбден мүмкін. Өйткені қалаға келтірмеудің жолы ретінде «тіркеуге алыну үшін осында 5 жыл тұру керек» деген талап тіптен орынсыз екендігі көрініп тұр. Тасмағамбетов күрделі жайтты тағы да ойланып шешу керектігін жеткізді.
– Астананың ең өзекті мәселесінің бірі – жер мен баспана, – деген қала әкімі келесі қиындықтың жайын тарқатты. – Елорданың жалпы аумағы бүгінде 71 мың гектар. Мұның 14 мың гектары кезінде жекеменшікке таратылып кеткен. Алайда ауқымды аймақты 10 жыл бұрын алса да игермеуіне байланысты мәселе көтеріліп, Елбасының тапсырмасымен прокуратура тексеріп жатыр. Әзірге оның екі мың гектары мемлекеттің қорына қайтарылды. Қалғандары да өз шешімін табуы тиіс. Егер ол учаскелерді иеленгендер инвестиция салып, мезгілінде игермесе, міндетті түрде мемлекетке алынады. Ал Астананың аумағынан 10 сотық жер телімін алуға тілек білдірушілердің қатары 100 мыңнан асып түсті. Бас жоспарға сәйкес 2025-2030 жылға дейін беруге мүмкіндік бар жердің көлемін 10 сотықтан есептейтін болсақ, тек 15 мың адамға арналған. Бұл 15 мың учаскені халыққа қазір де бөліп беруге болады. Бірақ та бұл жер телімдерінде жол жоқ, құбырлар тартылмаған. Мұны тарту үшін қосымша 150 млрд теңге қажет. Бізде әзір ондай қаржы жоқ. Оның үстіне қаладан 30 шақырымдық қашықтықта жеке үй салуға жер беруге тыйым салу туралы Елбасының тапсырмасы бар. Өйткені қалаға жақын жерлерге үй салынып, ауылдар пайда болып жатыр. Бірақ бұл ауылдарда не жол жоқ, не электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Ең бастысы, бұл жерлерде жұмыс орны жоқ. Сондықтан барлығы қалаға келіп жұмыс істеуге ұмтылады. Осындай қолайсыз шағын ауылдарда өмір сүру және тұрғындарды орналастыру тіптен тиімсіз.
Бұл қалабасының жерге қатысты жауабы. Ал көпқабатты үйлерге келер болсақ, елордада өз талаптарына сәйкес іріктеуден өтіп, тұрғын үй кезегіне тұрғандардың өзі 28 мың адамды құрайды. Бұдан бөлек әкімнің мәлімдеуінше, жалпы елордада 175 мың адамның пәтерге мұқтаждығы бар. 2013 жылдың өзінде 1 млн 200 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілген. Жалпы, 15 жылдың ішінде 12 млн шаршы метр баспана таратылып, 18 мың отбасы яғни 60 мың адам жаңа жайға қоныстанған. Аталған бағытта үкіметтік деңгейде қабылданған бағдарлама бар. Ендігі пәтермен қамту жайы сол талаппен жүретін болады. Бұдан бөлек әкімдік қала аумағындағы әбден ескіріп, құлауға айналған ескі үйлерді бұзу жөніндегі пилотты жобаны да жүргізуде. Соған сәйкес 2020 жылға дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй соғылып, оның 250 мыңына апатты баспананың иелері көшіріледі. Үстіміздегі жылдың өзінде 314 пәтерлі 3 тұрғын үй тапсырылған. 2017 жылы тағы да 228 ескі үйді сырып тастап, 3519 отбасыға жаңа баспана сыйлау жоспарға енгізіліпті.
Астананың өзі өркениеттің орталығына айналғанымен қаладан қарға адым жерге шықсаңыз, сұрқай көріністегі ауылдарға енетіндігіңіз шындық. Не жолы, не суы жоқ, не мектеп пен ауруханаға жарымайтын елді мекендерді дамыту үшін Үкімет елорданың іргесіндегі екі облыспен келісімге келіп, осы төңіректегі 80 ауылды қаланың есебіне қосты. «Астананың 60 шақырым қашықтықтағы 80 ауылда 156 мың адам тұрады. Алайда олардың кейбірі Қарағанды облысына, ал кейбірі Ақмола облысына қарайды. Өкінішке қарай, аталған ауылдарды қазір коммуникациямен, жолмен, әлеуметтік мәселелермен, яғни балабақшамен қамтамасыз ету менің құзырымда емес. Бұл екі облыстың шаруасы. Мен оларды ысырып тастап отырған жоқпын, өйткені ауылдарда тұратын халықтың барлығы Астанада жұмыс істейді. Көбісі қалада балаларын оқытып, денсаулық сақтау мекемелерінде ем қабылдайды. Сондықтан бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданды. Қазір бұл ауылдарда халық саны 156 мың болса, орта есеппен 250 мыңға дейін өсуіне жағдай жасалады. Ал қалаға нақты қосылған 20 ауыл бар. Осыдан үш жыл бұрын мәслихат қабылдаған шешімге сәйкес, аталған ауылдардың күрделі мәселелерін шешу назарға алынды. Бүгінде 6 ауылдағы мәселелер толықтай шешілді, ал басқаларында қаражатқа байланысты жұмысымыз жүріп жатыр» дейді Иманғали Тасмағамбетов.
Брифинг барысында әріптестер белгілі әкімнің белгісіз қырлары да қозғалды. Жеке арманы, қайда тұратындығы, әлеуметтік ахуалы сұралды.– Жеке арманым – балаларым мен немерелерімнің аман-сау өсіп, жетілгенін көру. Ал мемлекеттік қызметкер ретінде ата-бабалар армандаған тәуелсіздіктің мәңгілікке жалғасқанын қалаймын, – деген Тасмағамбетов, жеке тіршілігін де жасырмады. – Әкімдердің жалақысы жалпы бір ғой, яғни 650 мың теңге көлемінде аламыз. Астанада жұмыс істеп жатқаныма бес жыл болды. Келген кездегі маған тиген «Audi» маркалы қызметтік көлікпен жүремін. Сондай-ақ «Lexus» маркалы жол талғамайтын көлік бар. Елордада пәтерім болған, алайда қызмет ауыстырып келгенде үш жыл бойы жер үй жалдап тұрдым. Алматыда үйім бар, соны сатып осында жеке үй салып алдым.
Мүмкіндікті пайдаланған тілшілер соңғы кездері әкімдіктен ақпарат алдыртудың тым күрделеніп кеткендігін де жеткізіп үлгерді. Әрбір ескертпеге мұқият қарайтын әкім Жаңа жылдан соң әр ай сайын барлық басқарма басшыларын бір кабинетке жинап, журналистермен жолықтырып, сауалдарына жауап бергізетінін жеткізді.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ, Астана