АЛТЫНОРДА
Новости

Ерназар-Бекет жыры

Ерназар-Бекет жырыАқтөбе – жыр мен күйге бай өлке. Соның бірі – «Бекет батыр» тарихи жыры. Тарихи жыр – тарихтың өзі болмаса да көзі. Шығарма қаһармандары Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы – Есет Көтібарұлы басқарған 1847-1858 жылдары Ақтөбе облысында өткен ұлт-азаттық көтерілістің батырлары. 1857жылы Сібірге айдалған.
Жырға халқымыздың айрықша мән беруі, кең таралуы, «тәуелсіз ел болу» «мемлекеттік мүддеге» байланысты. «Бекет батыр» осы уақытқа шейін де талай ғалымдардың назарына ілінген. А.Байтұрсынов оны тарихи жырға жатқызса, М.Әуезов арнайы зерттеу жазып, 1927 жылы Қызылордада шыққан «Әдебиет тарихы» атты әйгілі монографиясына енгізді. Бұлардан кейін С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов еңбектерін атап өту лазым. Тарихи жыр Кеңес үкіметіне дейін 1896 жылы Қазан қаласында «Киргизская былина о героях Ирьназара и Бекете» деген атпен, «Ученые записки Казанского университета» дейтін еңбектің 1897 жылғы 11-санында, «Сборник материалов для статистики Сыр-Даринской области» деген еңбектің 1897 жылғы 6-санында жария көрген. «Туркестанский сборниктің» 568-томында басылған. Одан соң 1922 жылы «Әбубәкір Диваевтың жинаған сөздері» ішінде Ташкентте жарияланған.
Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толу мерейтойына орай 1922 жылы Орынборда актер Н.П.Анинкова-Бернар «Бекет» атты пьеса қойғаны, оның сыншылар тарапынан өнер туын­дысы ретінде жоғары баға алғаны мәлім. Он жеті жылдан соң, 1939 жылы М.Әуезов «Бекет» пьесасын жазып, ол пьеса 1940 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қойылғаны тағы белгілі.
Заманында ел-жұрттың назарын өзіне аударған, кейінгі білікті ғалымдардың зерттеу нысанасына ілінген, М.Әуезовтей ғұламаға зерттеу­мен шектелмей, пьеса жазуға ықпал еткен әйгілі жырдың архаитиптік нұсқасы «Ерназар-Бекет» деп аталады. Ақтөбе топырағында туған «Ерназар-Бекетті» баспасөз арқылы оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Бірнеше нұсқасын салыстыра отырып дайындаған, текстологиясын қараған, баспасөзге ұсынған филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асанов.

Ерназар мен Бекет бұрынғы Арыстан правительді өлтіріп, Орынборда түрмеде он екі ай жатып, ақырында Сібірге айдалынатын болып, сонда Бекеттің шешесі соңынан барғанда халқына сәлем айтқан толғауы:

Кеген, кеген, кегенге,
Қосымды арттым дөненге,
Жоғарыдан су ағады,
Жүлгесін тауып төменге.
Атасы ағаш екен деп,
Балта шаппа еменге.
Қайратыма мас болдым,
Тамам жұртқа бас болдым,
Хандарменен қас болдым,
Екі кісі бас қосса,
«Бекет білсін» дегенге.
Ханның бермен дегенін,
Тіземен алып жегенге.
Атым шығып біліндім,
Жоғары мен төменге,
Әлім менен Шөменге.
Жасымнан жетті дабысым,
Мен қазақпын дегенге.
Келіп едім ауылдан,
Бітім қылса орысқа,
Келсін Бекет дегенге,
Енді шығар сай қайда,
Аңдамай түстім тереңге,
Абайсызда алдырып,
Аяғымнан шалдырып,
Ішім толды шеменге.
Сеніп қалып жолықтым,
Шернияздай немеге.
***
Дұғай сәлем дегейсің,
Ағам Есет беренге.
Бекет қайда дегенге,
Бекетің кетті дегейсің,
Шықпайтұғын тереңге.
Халық айтад келер деп,
Келмеспін деп қорқамын,
Көзі шегір, біз мұрын
Күн-күн сайын қатайды,
Сапар шегіп барамын,
Петербор мен Сібірге.
***
Барсаң сәлем дегейсің,
Жанқожа, Есет нарыма,
Қазақтағы барыма,
Қасымда болса Жанқожа,
Шаппас па еді арыма.
Қолеткі салды қарыма,
Орыс ескен жөке арқан,
Қатты батты саныма,
Бүкпелеген темірден,
Шынжыр салды мойныма,
Жау да болсаң бос байла,
Қатты батты жаныма.
Мен ауылдан шыққанда,
Ұшырадым Құдайдың,
Қайтпайтұғын қарына.
***
Ауылдан бермен жүрерде,
Орысқа елші болып келерде,
Жалғыз ағам Есет ер,
«Бекетжан, сен барма» деп,
Екі келді өзіме,
Аспадым құлақ сөзіне,
Орыстан қашып жүргенді,
Лайық көрмей өзіме,
Жүре бердім жөніме.
Есет берген көп ақыл,
Орынборға келген соң,
Қараңғы үйге кірген соң,
Бір көрінді көзіме.
Тентек өскен ер едім,
Ақыр түбін ойласам,
Аз болды бұл да өзіме!
***
Ата тілін алмадым,
Есетке ақыл салмадым,
Оңатұғын болмадым,
Он екі ай жатып байлауда,
Қараңғы үйдің ішінде,
Ботасыз нардай боздадым,
Көк арбаның үстінде,
Көлденең жатып толғадым,
Іштегі дертім қозғадым.
Ішімде бар арманым,
Салмай шықтым беліме,
Мен сорлыға тарту деп,
Түрікмен берген алмасын,
Ақыр түпке келгенде,
Өз басымды жалмадым.
***
Мен Серкебайдан бір едім,
Бір де болса ер едім,
Өзім Бекет болған соң,
Кім тиеді деп едім.
Бар арманым сол болды,
Екі жетім баламды,
Жалғыз барып көрмедім,
Бүйтерін орыс білмедім,
Отыз үшке келгенде,
Арманда өтіп жөнедім.
«Бекет келсін» деген соң,
Елші болып келген ем,
Орынбордағы орысқа,
Қатын-бала қамы үшін,
Айналып едім қонысқа.
Мінсем еді тайыма,
Жүрсем еді жайыма,
Елші деген не болар,
Ақыр түпке келгенде,
Жалғыз басым қуарып,
Өзім тептім ырысқа.
***
Кішкентайдан бас қосқан,
Есет еді жолдасым,
Қатарымның ішінде,
Озып туды өз басым,
Арманым бар демеймін,
Арыстандай хандардың,
Қолыммен бұздым ордасын.
Арыстан ханды өлтіріп,
Астынан міндім жорғасын.
Өзімнен бұрын жоқ қылдым,
Талтаңдаған төренің,
Өз қолымнан хан басын!
Артымнан ерген көп елге,
Үлестірдім олжасын.
***
Бес жүз қолға бас болып,
Аққарабас ту алып,
Ханның жатқан ордаға,
Таң алдында келгенмін,
Іркілмей жалғыз кіргенмін,
Талтаңдаған төрені,
Сақалынан көтеріп,
Қонаққа сойған қозыдай,
Қолымнан өлім бергенмін.
Арыстан мінген қасқа атты,
Астыма алып мінгенмін.
Неше төрені өлтірген,
Салмойын Бекет дегенмін.
Ақыр түбі ойласам,
Орынбор деген қалаға,
Құдай айдап келгенмін.
Сонда алпыс солдаттың сыртында тұрған шешесінің толғағаны:

Бір атадан дарасың,
Өлдім-талдым дегенде,
Сұрап алған Құдайдан,
Бекет жалғыз баласың.
Он екі ай жатып сақтадың,
Орыстың Орынбор деген қаласын.
Әділ бала қияр ма,
Атасы мен анасын.
Жалғызым қайда барасың?!
Елде екі мінбедің,
Жылқының сүрме жорғасын,
Ақыр түпке келгенде,
Құтты болсын, жалғызым,
Мініп алдың орыстың,
Қалқан құлақ шанасын.
Артыңнан анаң келгенде,
Қайрылмай қайда барасың?
***
Үргеніш пен Бұқарға,
Шырағым жетті хатыңыз,
Өлгенде көрген жалғызым,
Артыңнан келді қартыңыз,
Барған соң сәлем хатыңыз.
Қайткенде естен шығады,
Артықша еді нарқыңыз.
Сен кеткен соң Бекетжан,
Иесіз қалды ауылың,
Құлыны өлген қулықтай,
Болып келді сауыным.
Кетер болсаң жалғызым,
Қызылша беттен бір сүйгіз,
Басылып қайтсын ауырым.

Бекеттің екінші толғауы:

Сорлы шеше, жылама,
Жыламай көңіл тына ма?
Обалың болсын Аллаға.
Дұғай сәлем айта бар,
Есет сынды ағаға,
Дәріден алған қасқа атты,
Жетектеп көшке мінгізсін,
Жеті жасар артымда,
Дабыл жетім балаға.
Және Есетке сәлемде,
Күзді күні болғанда,
Менің үшін бір шапсын,
Орынбор деген қалаға.
Және сәлем дегейсің,
Сарбөпе мен Сатайға,
Шынтемір мен Матайға,
Тілеу, Қабақ, бес Шекті,
Ерназар мен Бекетті,
Көремін деп атай ма?
Мен көрмеспін деп қорқамын,
Қылған ісі орыстың,
Күннен-күнге қатайды.
Ерназар, Бекет болғалы –
Бармас жолға барғанбыз,
Хандардың малын алғанбыз,
Құтылмастай бұл істі,
Өзіміз тілеп алғанбыз.
Орынборға келген соң,
Құдайдың көрдік салғанын.
Және сәлем дегейсің,
Біздің үйге барғаның,
Екеу еді алғаным.
Екі әйелге сәлемде,
Ойнамасын, күлмесін,
Мен бардағы тастасын,
Орама көйлек, он жүзік,
Қатарлап таққан түймесін.
Иесіз қалған ақ орда,
Белгісіз адам кірмесін.
Кім біледі Бекеттің
Бұл сапардан келмесін?!
Біреуге қиып бермесін,
Омыраудағы алтын түймесін.
***
Ауылда көп-ті құрдасым,
Жігітте көп-ті жолдасым,
Ыржаңдаған көп жаман,
Мендей болар демесін,
Болар деп боғын жемесін.
Бүлдірмесін дүниесін,
Тап үш жыл біткенше,
Менен күдер үзбесін,
Үш жылдан соң Бекетті,
Келер тірі демесін.
Және екі әйелге,
Үйге барып сәлемде,
Бекер басын бос байлап,
Маған қарап жүрмесін.
Жалғыз әкем Серкебай,
Жалғызынан айырылған,
«Серкебай қасқа» демесін,
Адамның тілі тимесін.
Біздің көрген бұл істі,
Мұсылман түгілі Құдайым,
Қалмаққа да бермесін.
***
Орғи-орғи жүгірсе,
Ор қояннан жүйрік жоқ,
Ұстайын десем құйрық жоқ.
«Бекетке келмей қайтсін» деп,
«Артынан келген шешесі,
Бір күн алып жатсын» деп,
Алып келген қағаздың,
Ішінде жазған бұйрық жоқ.
***
Айтып болып бұл сөзді,
Ашумен Бекет жылады,
Есі ауып құлады.

Сонда Бекеттің көңілін көтеріп,
Ерназардың толғағаны:

Қой, Бекетжан, жылама,
Жыламай көңіл тына ма?
Ерназар мен Бекеттің,
Жау жүрегін өстіріп,
Жау ішінде жылаған,
Бойына лайық бола ма?!
Ерназар, Бекет болғалы,
Елге болдық бидайық,
Жасаған жаппар құдайды,
Осы сапар сынайық.
Ерназар мен Бекеттің,
Жау жүрегін өстіріп,
Жау қолында жылаған,
Бойына болмас лайық!
Жетсе қаза, өлерміз,
Әгәр қаза жетпесе,
Қолмен қылған бұл істі,
Мойнымызбен көтеріп,
Петербор мен Сібірден,
Барармыз да келерміз.
Қой, жеңеше, аман бол,
Бұл дүниеде болмаса,
Тәңір алдында көрерміз.
***
Сол уақыт болғанда,
Артынан барған шешесін,
Сол жерден кейін қайырды,
Жалғызынан айырды,
Бекет айтқан бұл сөздер,
Әнекей содан жайылды.

Ескертпелер:
Дәрі – Есеттің туған інісі Дәрібай Көтібарұлы.
Дабыл – Бекеттің ұлы, ат жалын тартқан соң Әзберген батырға еріп, ел тәуелсіздігі үшін күресіп, әке жолын жалғастырушы.
Ақын «орыс» деп оның халқын айтып отырған жоқ, отарлаушыларды айтып отыр.

http://anatili.kz/?p=17627