АЛТЫНОРДА
Новости

ДСҰ КІМГЕ ТИІМДІ?

Сәтін салса, еліміз биыл Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп қалуы мүмкін. Өйт­кені ұйымға мүше болу үшін жүргізілген келіссөздер тәмам десе де болады. 
Тек та­рифтік үйлесімділікке және жергілікті қамтуға байланысты екі мәселе шешiмін тапса, Қазақстан жыл аяғына қарай ДСҰ-ға мүше болмақ. Дегенмен Қазақстанның ол ұйымға кіруіне мүдделі еместер де бар. Соның бірі – Ресей. Ресей экономистері «Қазақстанның ДСҰ-ға енуі – еліміз үшін үлкен қатер» деген дабыл қағуда. Себеп, «Егер Қазақстан ДСҰ-ның ыңғайына жы­ғылып, тарифтік бағаны бірден түсіріп жіберетін болса, онда ол ел арқылы Ре­сейге арзан тауарлар лап береді. Көлік өн­дірісі, ауылшаруашылық саласы құлап қалмақ. Өйткені арзан жеңіл көліктер, ұшақтар, тікұшақтар, ауыл-шаруашылық көліктері еліміздегі осы сала бойынша жұ­мыс істеп тұрған зауыт-фабрикалардың қарқынын тоқтатады. Шығарып жатқан отандық өнім шетелдік тауарлармен бәсе­келес бола алмайды. Мұның арты – құр­дым. Демек, Қазақстанның ДСҰ-ға енуі – Ресей үшін үлкен қатер» деседі олар. Рас, Ресей ДСҰ-ға кірер алдында көлік, ұшақ, ауылшаруашылық өндірісін қорғап, арнайы келісімдер жасады. Тарифтік бағаны бірден түсірмей, кезең-кезеңмен төмендетуге қол жеткізді. Әрине, өзінде барды жоғалтып алмау үшін, ондай ке­лісімдер Ресейге ауадай қажет. Оған ке­лі­суге болады. Бірақ Қазақстанда ондай ке­лісімшарттар жасайтындай ірі өнеркәсіп орындары бар ма? Әрине, жоқ. Дегенмен өзге елдермен бірігіп шығарып жатқан ауылшаруашылық техникалары, жеңіл көліктер баршылық. Бірақ олар мар­дым­сыз. Демек, Қазақстанға сырттан келетін арзан, бірақ сапалы тауарға қорықпай есікті ашуға болар еді. Ол халыққа тиімді болмақ. Бірақ ресейліктер Қазақстанның тарифтік мәселені өздерінің ыңғайына қарай шешкенді жөн көреді. Олардың алға тартар уәжі: «Ресей ДСҰ-ға кірерде Кедендік одаққа мүше Қазақстан және Беларусьпен тарифтік жағдайларды келісіп алды. Бір-бірінің мүддесіне қайшы келмеуді ойлады. Демек, Қазақстан да сондай қадамға баруы керек». Бірақ бұған ДСҰ көне ме? Қазақстанға ұйымның бәріне бірдей шартты таңары анық? Өйт­кені Қазақстан Ресейдей алып ел емес. Сон­да екі оттың ортасында еліміз қалмақ па? Қайтпек керек?

Ілияс Исаев, қаржыгер, сарапшы:
– Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін кез пісіп-жетілді. Енді ешкімге жалтақтамай, ДСҰ-ға есік ашқаны жөн. Құдайға шүкір, ол ұйыммен келіс­сөздер жасалып жатқан уақыт ішінде еліміз айтарлықтай дайындық жасап үл­герді. Мәселен, көлік жасау саласын ала­йық, біз сол шетелдік көлік компа­ния­ла­рымен біріге отыра, Қазақстанда құ­­растыру зауыттарын салып алдық. Өнім шы­ғарып жатырмыз. Жаман емес. Нәтиже бар. Ал Ресейдің бізге өйтіп шарт қоя­тындай жайы жоқ. Олар қорғаса, өз өнім­дерін жоғалтып алғысы келмейді. Біз ше? Неге біз сол Ресей көліктерінен жақсы көлік шығара алмаймыз. Шығарамыз. Ол үшін шетелдік озық технологиясы керек. Ол бізге келе бастады. Халыққа арзан, сапалы тауар керек. Демек, біз ұтыл­май­мыз. Егер Ресей Кедендік одақты алға тартатын болса, ондағы құжаттарда еркін капитал, сауда, жұмыс күшінің қозға­лыс­тарына рұқсат берілген. Сондықтан Ре­сейдің қас-қабағына қарамай, өз мүдде­мізге сай келетін болса, ДСҰ-ға тездетіп енгеніміз жөн.

Мырзагелді Кемел, экономика ғы­лымдарының докторы, профессор:
– Қазақстан 1996 жылдан бері ДСҰ-ға мүше боламыз деумен келеді. Соның реті биыл келген секілді. Халық үшін, мемлекет үшін өте тиімді. Әрине, ауыл шаруашы­лығы үшін зияны тиер, бірақ өзге сала­ларға көп әсер етпейді. Мәселен, Ресей талай жыл ДСҰ-ға бірге өтеміз деп келді де, өздері мүше болып шыға келді. Біз қа­лып қалдық. Сондықтан өзге елдің қас-қабағына қараудың реті жоқ. Ресейдің бір экономисі «Қазақстан ДСҰ-ға енсе, бізге қауіп» деп дабыл қақты екен деп бүкіл тірлікті тоқтатып қоюға болмайды. Біз тәуелсіз елміз. Тәуелсіз шешім қабыл­да­уымыз тиіс. ДСҰ-ның тиімділігін көріп тұрып, неге біз шегіншектеуге тиіспіз?!

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/news/view/39925