АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақ қалай өзгерді?

Бұрынғы қазақта өзін-өзі өлтіру деген болып па еді? Бұрынғы қазақта – қыз зорлау, біреудің әйелін зорлау деген болып па еді? Бұрынғы қазақта – арақішу деген болып па еді? (Ал ұрлық, кісі өлтіру, әйел зорлау мен өзге де хайуандық қылуаларды арақ ішкен адам жасайды). Бұрынғы қазақта – ата-анасына қарсы келу, ата-анасын қаңғытып тастап кету деген болып па еді? Бұның бәрі қазаққа жұққан қасіретті аурулар. Ал біздің осыны бүгінгі ұрпағымызға айтпай, айтуға әлдекімдерден қорқып, ол аз болғандай соның бәрін телеарналардан «жаңалықтар» деп көрсетуіміздің өзі одан өткен қасірет. Бұл осы саланы басқарып отырған басшылардың қазақ ұлтына қарсы ең ауыр қылмысы деп үн көтерер күн де жетті!

Міне, қазақты ұлттық тәрбиесінен, бүкіл ұлттық бет-әлпетінен айыру үшін жасалып келген, әлі де кейбіреулер жасауға тырысатын осынау қасіреттердің кесірінен қазақ ұлты бүгінде алапат психологиялық өзгеріске ұшырады. Осы арада айта кететін бірнәрсе мынау: отаршыл ел өзі әртүрлі айлакерлікпен немесе күшпен басып алған елін, ең алдымен арақ ішуге, сосын тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айыруға кіріседі. Сібірдің көптеген халқы осылайша бүкіл ұлттық бейнесінен айырылды. Ресейде өткен ғасырда талай ұлт осылайша жойылып кетті. Ал ұрпағы араққа салынған, ана тілінде сөйлемейтін ұлт айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін, оңай басқарылатын, намыссыз, құлтекті тіршілік иесіне айналады. Міне, басқыншылық, әзәзіл саясат кесірінен сол замандардан бастап қазақта ана тілін, өз ұлтының киесі мен қасиетін сыйламайтын небір қасиетсіз ұрпақ қалыптасты. Сосын ол қасиетсіздік тұқым қуалап, ұзақ жылдарға созылды. Бұл генетика ғылымында дәлелденген нәрсе. Қазақ мұны «сынықтан басқанын бәрі жұғады» дейді. Ал ұлттың жаңағы айтқанымыздай, психологиялық өзгеріске ұшырағанын оның осы күнгі мынадай сипатынан ап-анық аңғаруға болады:
1. Қазір көшеде, аялдамада, дүкенде бір-бірімен сөйлесіп тұрған қазақтардың сөзіне бір сәт құлақ түріп көріңізші. Олар не тек орыс тілінде, не тең жартысына орыс сөздерін араластырып сөйлеп тұрады. Орысша бір сөз араластырмай сөйлейтін қазақты қазір қала түгіл ең шалғай түкпірдегі ауылдан да емге таппайсыз. Осындайда, бір әзірбайжан жігітінің «Мен дүниежүзін аралап жүріп байқағаным: әр ұлт өкілдері бір-бірімен өз тілінде сөйлеседі. Тек чукчалар, сосын қазақтар ғана бір-бірімен орысша сөйлеседі екен» дегені еске түседі. Иә, қазір чукчалардың аты-жөніне шейін орысшаланып болды. Жалпы, орыстар ол заманда өздері жаулап алған елдің есімін де орысшаға өзгертіп Сырымды – Сергей, Сартайды – Саша, Тарғынды – Толик, Бөкенбайды – Боря дей салатын еді. Қазақ соған мәз болатын! Бүгінде қазақ сөзінің орысшаның көшірмесіне яки аудармасына айналғанын мынадан-ақ аңғаруға болады. Қазір бір қазақ түшкіріп жіберсе, қасында тұрған қазақ «Сау болыңыз!» дейді. Бұл орыстың кәдімгі «Будь здоров!» сөзінің тіп-тікелей аудармасы. Әйтпесе, атам қазақ мұндайда ықылым заманнан күні кешеге шейін «Жә, рақым Алла» дейтін еді. Ал «сау бол» деген тек қоштасарда ғана айтылатын. Қазір қазақтар бір-біріне «сенің жалақың неше теңгені құрайды?», «қайда жүрмесең, аман бол», «қайда болмасын аман болсын» деп тұп-тура орысшадан аударғандай қып сөйлейтін болды. Бұл орыстың «где-бы ни был», «где бы не находился» дегендерінің аудармасы ғана. Осының бәрі жәй қазақ жоғарыдағы орысша сөйлейтіндерден, телеарнадағы сауатсыз журналистерден қағып алған сөздер. Ол аз болса, бүгінгі қазақтар «ң» дыбысын айтудан қашып, оның орнына «н»-ны қолданып сөйлеуді сәнге айналдыруда. Кейбір ақыл-есі тапшылау қазақтар «ң»-ға тілі келіп тұрса да «жаңа жылды» «жана жыл», «мың теңгені» «мын тенге», «өлеңді» «өлен» деп, «ң»-ды айтпасақ, орысқа жақындау боламыз, деген нағыз ақымақтыққа дейін барып жүр. Теледидардан бойжеткен қазақ қызының қайта-қайта «ен жақсы» дегенін естіп күлкіге бір кенелгеніміз бар. Ол байғұс қыз «ң» дыбысын айтпаймын деп сол жерде «ен» деген ер адамның еркектік мүшесі екенін өзі соны жақсы деп тұрғанын білмейтін болуы да мүмкін-ау. Бүгінде қазақтар «әйелі оған жақында ұл сыйлады» немесе «қыз сыйлады» дейтінін де жиі еститін болдық. Бұл енді ақыл-естің нағыз тапшылығы деуге де болатын шығар. Сонда ол әйел сәбиді күйеуіне қайдан, кімнен алып «сыйлапты?». Күйеуі болмаса, ол бала әйел құрсағына қайдан, қалай келіп түседі? Әлде өз күйеуінің қолынан ондай «шаруа» келмегесін әйелі оны басқа біреуден туып берді ме? Әлде, бұл әйел баланы күлге аунап туды ма? Міне, бұл өрескелдік, бұл ессіздік те орысша «Она подарила ему ребенка» дегенді қазақшаға тәржімалай салудың кесірінен болып тұр. Яғни оны айтып тұрған қазақ өмірде өзі көрген, естіген жағдаятты өз ақылымен, өз ойымен, өз тілімен айтып беруге қабілетсіз күйге ұшыраған мәңгүрт. Ол орыс не істесе, соны істеп, орыс не айтса, соны қайталаушы, әйтеуір бір тірі жан. Бұл да ұлттың өзін-өзі жоюының басты бір белгісі. Бір данышпан «Құлдың бақыты – құлдық» деген екен. Сірә, біз әлі де Ресейден ат құйрығын үзсек, күн көре алмаймыз деп, құлдық өмірді ең бақытты өмір деп ойлайтын шығармыз? Сондай қазекемдерді тыңдап отырғанда тозақтағы адамға біраз уақыт өткесін келіп: «шығарып алайын ба?» десең, «керегі жоқ, осында үйреніп қалдым» депті деген тәмсіл еске түседі.
2. Өзін-өзі ұлт ретінде жоюдың біз айтқан екінші себебі жөнінен бүгінгі қазекең алдына жан салмай тұр. Бұл бүгінгі қазақтың өз ата-бабасының есіміне шейін орыстың айтуына бейімдеп, орысшаға бұрмалап жазатынынан-ақ көрінеді де тұрады. Әйтпесе, бүкіл ғұмырын қазақтың елін, жерін діні жат, ділі мен тілі жат кәпір атаулыдан қорғап өткен Өтеген деген батыр бабасының атын орысшаға бейімдеп Утеген деп қазақтан басқа бірде-бір ұлт өзгертпейді. Көшедегі осы жазуды оқып тұрып «е-е, Өтегеннің орысшасы Утеген екен ғой» деп күліп тұрып жылайсың. Не айтары бар, «Ө» деген әріпті «У» деп өзгертіп жатпай-ақ «Өтеген батыр» көшесі деп жазып қоя салса, орыстар Алматының қақ ортасында адасып, Ресейдің қалың батпақ қара орманына қарай қаңғырып кетпес еді ғой! «Бұл не деген жағымпаздық, не деген орысшылдық?» деп ішіңді ит тырнағандай боласың. Сол сияқты «Төле би» көшесі дегенге қосарландырып «ө» деген бір әріпке бола «Толе би», «Қазыбекті» «Казыбек» деп, әр аялдаманы солайша бір әріпке бола екі тілде жазбасақ, ит тұмсығы батпайтын ну орманның ішінен де жұдырықтай саңырауқұлақты тауып жейтін орыс адасып өлмес еді ғой. Ал осында тұратын ­айналайын, әзірбайжан, ұйғыр, өзбек, татар, дұнған, түрік, қырғыз бауырларға тіпті немістерге де өйтуіңіздің түк керегі жоқ. Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі өз биігіне көтерілуіне де не ұйғыр, не өзбек, не татар мен түрік қарсы емес. Ендеше, бір ұлтқа бола қазекемнің тұлабойы сонша балқып, көңілі босап кете беретін несі? Ендеше, Құрманғазыны – Курмангазы, Қабанбайды – Кабанбай, Мұқановты – Муканов, Әуезов – Ауэзов, Молдағұлды – Молдагул деп өзгертіп, оны сол бір әріпке бола екі тақтайшаға жазып қоятындай бұл қазақтың басына не күн туды?
Бүгінгі қазекем бұл кеселден арылмақ түгіл соңғы 22 жылдың ішінде өзінің кіндігінен өрген бала-шағасына да еш мән-мағынасы жоқ есім беруге кірісті. Қазіргі қазақ қыздарының есімі Анеля, Аделя, Жанеля, Аида, Диана болып келсе, Айнұр – Айнура, Нұргүл – Нургуля, Әсел – Аселя, Шолпан – Шолпана, Айгүл – Айгуля, Әйгерім – Айгера, Ажар – Ажара, Назгүл – Назгуля, т.б. есімдерге осылай орысша женский родтың «а» қосымшасы қосып айтылатын болды. Ал ер балалардың Диас, Олжас, Марлен, Абель деген есімдері нені білдіреді? Бір-біріне өздерін Дюсен, Серик, Нурик, Кайрат, Чинтас деп таныстырып тұрғандар ұлтының ертеңін, ұлт намысын ойлайтын жастарымыз деп батыл айта аласыз ба? Қазақтың осынысының өзі-ақ ағзасын жайлаған дерттен айықпауға бет алғанын көрсетіп тұр емес пе?! Енді қараңыз: Егер сіз қаладағы әлгі Қабанбай, Төле, Өтеген дегендерді өзгертіп жазған сияқты Панфилов, Верешагин, Фурманов дегендерді сәл өзгертіп жазып көріңізші! Өйтсеңіз, Қазақстанда туып, тегін балабақшада, тегін мектепте оқып, ауырса тегін емделіп, осы қазақ елінің дәм-тұзын татып өскен, бүкіл байлығы мен игілігін қазақтан көп пайдаланбаса кем пайдаланбаған кез келген орыстың еркегі де, әйелі де аты-жөнімізді қорлады деп у-шу қылар еді. Ал біздікі не? Сондықтан біздің Үкімет басындағылар, не Парламент көшелердегі адам аттарын екі тілде жазуға тыйым салатын бір заңнама қабылдауы керек. Әлде осының бәрі 300 жыл Ресей езгісінде болғандықтан қалыптасып, қанымызға сіңіп қалған ҚҰЛМІНЕЗ деген бәледен әлі де арыла алмағанымыздың айқын айғағы ма? Бұл құлмінезден 22 жылда арыла алмаған қазақ енді одан арыла алады ма? Бұл да бүгінгі қазекемнің үлкен-кішісі ойланар жағдаят-ау!
3. Жоғарыда айтылған 3-інші кесел ше? Біз қазір өз елімізде, өз жерімізде өзіміз егіп, өзіміз орып, өзіміз бастырып, өзіміз азыққа айналдырған арпа-бидай, тары-талқан асымызға да, өзіміз бала қаздай баптап, асырап, күтіп, жемдеп, суарып өсірген төрт-түлігімізден алынатын ет-сүтімізге де әуелі орысша ат қойып барып жейтін болдық. Біле-білген адамға бұл да біздің әйтеуір өзге біреуге еліктеуге, әйтеуір нағыз қазақ болмауға бұратала бет бұрғанымыздың айғағы. Әйтпесе, сол өзіміз егіп, өзіміз өсірген бидайдан алынған ұнның сыртына «Мука» деп жазып қоймасақ, орыстар ол ұнды алмай, ол нанды жемей қоя ма? Қазақ тілін өз еліндегі ең құрметті, ең көп қолданылатын тілге айналдырмау үшін осы жарамсақтықтың өзі-ақ жетіп жатыр. Бұл ретте тағы да үйреншікті әуенімізге басып: «қазақ еліктегіш», «қазақ жалтақ» деп бүкіл ұлтымызды жазғыру үлкен күнә. Бұл жағдай елдің жүргізіп отырған саясатына байланыс­ты. Бүйте берсек, біз енді әрбір бұйымның атын үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жазып қоюға шығамыз. Ал дүкендердегі көмештің (оны да орыстардан үйреніп «кирпич нан» дейтін болды), қатырма, қуырма нандардың, пішіні әртүрлі нан өнімдерінің атауларына бір сәт көз салып, сосын бұ қалай ойланып көріңізші. Ол саясатты жүргізіп отырғандар сол ұнды, сол нанды шығарушы компаниялар мен зауыттардағы алуан пиғылды адамдар. Қазір қазақ даласындағы егістіктен орылып, нанға айналған тағамдарымыздың атаулары «Московский», «Бородинский», «Полтавский», «Киевский», «Калачики», Батончики», «Ватрушки», «Коржики», «Солнечное» болып келеді. Бір қазақ бізге дау айтқансып: сонда «печенье» дегенді қазақша қалай дейміз?» деді. Оған мен «ау, печенье деген сөздің өзі келісіп тұрған сөз емес қой! Орыстар біздің пешімізді «печь» қып алды, олар күйдіру дегенді де «печь», «печенье» дейді. Олар күшті болса «бауырсақты», «талқанды», «сөкті», «жентті», «қазанжаппайды», «қатырманы» тағы басқаларын аударып көрсінші» деп қызыл кеңірдек боламын. Қазақта сүттен істелетін тағамның айран, іркіт, қымыран, шұбат, қымыз, саумал, сарысу, шалап, құрт, сірнеден басқа да жүзден астам түрі бар екен. Ал орыстар «кефир» деген сөзді француздан алып, біздің айран құйған ыдысымыздың сыртына солай деп жазып қоятын болды. Қазір қазақтар айран демей, «кефир», «қаймақ» демей «сметана», «ірімшік» демей «сыр», «күріш» демей «рис» дейтін болды. Өзіміздің сүтіміздің сыртына басқа біреулер «Мое молоко», «Мумуня», «Lactel» деп жазып қоюының аржағында не сұрқиялық жатқанын неге ойламаймыз? Сонда тағамның сыртына жазылған жазудың өзі бір ұлтты тілі үстем ұлттың жойып жіберуіне молынан жетіп тұрғанын біз – қазақтар неге ойламаймыз?
4. Қазақстанда қазақтың өзі бағып-қағып өсірген қасиетті жылқысы мен сиырының, қойының етінен жасалған шұжықтардың аты да түп-түгел орысша. Олардың бірі «Беккер», бірі «Докторская», бірі «Молочная», бірі «Московская». Бұны қазақтың жуастығын пайдаланған біреулердің шовинистігінің, империалистігі мен отаршылдығының кесірі дейсіз бе, өз еркіңізде. Бірақ бүгінде азат мемлекет құрдық деп отырған қазақтарды ұлттық санасынан айырудың бұл да бір амалы. Өйткені өз малының еті мен сүтінен жасалған тағамды өзге ұлттың атауымен атап қорек қылу да ұлттық намыссыздықтың айқын белгісі. Ал өзінің ұлттық тағамын жемей, өзгенің «пицца», «хот-дог», «амлет», «котлет», «чипсысын» жеп, «кока-кола», «пепси-кола», «фанта», «спрайтын» ішіп өскен ұрпақ ешқашан өз ұлтын шын ынта-ықыласымен сүйетін ұрпақ бола алмайды. Сондықтан Ресейдің 300 жылдық езгісінде есеңгіреп қалған санамызға ес кіргізіп, намысымызды оятудың басты бір жолы, ең болмаса өз астығымыз бен өз малымыздан өндірілген ас-суымызды, дәм-тұзымызды, өзіміздің ұлттық тілімізбен атау екенін есі түзік әр қазақ ескеріп отыруы керек. Ал ұлттық идеологияның, ұлттық тәрбиенің басты бір қаруы – ұлттық киім туралы әңгіме де өз алдына. Әттең, қазір Би-ағаның сөзімен айтқанда: «Біз – бай, біз – Құдай, кім келеді сайма-сай?», «дүниежүзіне үлгі болып отырмыз» деген сияқты мақтаншақтыққа жеткен қазекем ішкиімін де шет елден сатып алып отырғанда, мектептерде балаларымызға ұлттық киім кигізуді қозғаудың өзі парықсыздық шығар.
5. Қазір қазақтар түсіріп жатқан сериал-сымақтарды қараңыз! Олардан қазақылықтың мысқалдай нышанын таппайсыз. Ертеңін ойлайтын ел мен оның басшылары жас сәбилерге арналған мультфильмдердің өзіне ұлттық реңк берілуін қатты қадағалар еді. Біздің одан да мақұрым болып, бүгінгі сәбилеріміз ұлттық дүниетанымынан алшақтап кетпеуіне мән бермейтініміз жақында жұртшылыққа таралып кеткен «Ер Төстік» анимациясынан-ақ көрініп тұр. Егер біз алдағы уақытта басқа да ұлттық ертегілерімізді кімнің Төстігі екені белгісіз, бұл «Ер Төстікке» ұқсатып түсірсек, бұл да қазақтың өзін-өзі жоюға бұратала бет алған, мәңгүрттік ауруы меңдеген ұлтқа айналғанының бір айғағы болар еді. Бұны, жай әңгіменің ұтыры келгенде ғана қысқаша айтып өтуді жөн көріп отырмыз. Әйтпесе, қазақ ертегілері бойынша мультфильмдер түсіру де жеке көтерілетін маңызы өте зор мәселе.
6.Бүгінгі қазақ ұлтын өз бет-әлпетінен айыруға оның той-думан, ойын-сауықтарына орыстардан және батыс елдерінен келген небір жабайылық көріністер себеп болуда. Ата-бабамыздың қыз ұзату, келін түсіру тойларының өзі ұлгі-өнегеге, тағлым-тәрбие мен аса жоғары дегдарлы мәдени көріністерге толы-тұғын. Қайран ата-бабамыз ұлына – қалыңдық, қызына – күйеу, өздеріне құда-жегжат таңдауда талдау, ұрпақ болашағына болжау жасап, қысқасы үлкен бір зерттеулерді ой елегінен өткізіп барып бір ұйғарымға келетін еді. Құда түсер алдында ет-жақын тума-туыс, ақсақалдармен кеңесіп барып келісімге келетін. Кейде мұны болашақ ерлі-зайыптылардың құрдас-замандас әкелері келісіп, кейде аналары бір-біріне әртүрлі жолмен құлаққағыс қылып, сосын онысын әрқайсысы өз отағасыларына (күйеулеріне) сөйтсек қайтеді дегенді жұқалап, сыпайылап жеткізер еді. Қыз жағы арада бірер апта ішінде өз шешімін айтар еді. Олар мұны да қызының келісімімен жасайды.
Жатжұрттыққа жаралған қыз баланың туған үйінен аттанып бара жатқандағы ата-анасымен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен қоштасардағы «сыңсуының» өзі үлкен бір жантебірентерлік рәсім еді. Ал бүгінгі басына ақ желек, үстіне қос етек көйлек киген қалыңдық той үстіндегі ата-анасының, дүйім елдің көзінше біресе күйеу жігіттің мойнына асылып, біресе аспанға секіріп билеп жүреді. Бұл болашақ отана, болашақ бала тәрбиелеуге тиісті ананың бассыздығының, көргенсіздігінің, ешкімнен қымсынбауының басы. Ал «неке қию» рәсімі ше? Бұл рәсімде су толы әдемі кесеге қыз жағынан бір күміс теңге салынып, ол жігіт жағынан әкелінген ақ жібек матамен бүркеледі. Бұл рәсімге екі кісі «куә» болады. «Куәлік жыры» айтылады. Молда екі жақтың разылығын тыңдап болған соң әлгі кесеге шекер қосып, оны жамағатқа ұсынады. Олар одан бір-бір ұрттап ішеді. Одан соңғы «Беташар». Бұл рәсім кезінде ақжелең торғын шәлімен жүзі бүркеулі қалыңдықтың әуелі қайын-ата, қайын-енесіне, сосын қайынағалары мен қайны, қайынсіңлілеріне сәлем ету сәттері қандай жарасымды көріністер демейсіз бе? Ал «Беташар» жырының мазмұны қалыңдықтың келін боп түскен сәтінен бастап, ана болған, одан ұл-қыз, немере-шөбере өсірген әже дәрежесіне жеткенге шейінгі өмір жолының ұлы жобасы, тәртіп-тәрбиесі, үлгі-өнегесінің тұтас жиынтығы деуге болады.Ендеше, қазіргі «өркениетті», «еуропашыл», «жаһанданғыш», «цивилизованный», «егемен» қазақтың той-томалағы, шынымен-ақ тағлымды, тәрбиелі, шынымен-ақ қазақтың ұлттық ерекшелігін паш етіп, адам жанын шынайы шаттыққа бөлеп, жаныңа жақсылық пен жылу толтырарлық той дей аласыз ба? Жоқ!
7.Ұлттың жойылуының ең қасіретті белгісінің бірі – оның әйелдерімен қыздарының ар-ұяттан, әйелдік намыс­тан айырылуы және еркекті сыйламауы. Бүгінгі қазақтың «он бесінде туған Айдай» толықсыған бойжеткендерінен бастап, тоқтасқан, сары қарын бәйбіше жасына келген қатын-қалаштарын бір сәт көз алдыңыздан өткізіп көріңізші. Қазіргі қазақтың жасы 15-16-ға әрі кетсе 18-ге келген қыздарының езуінде темекі, майқұйрықты да, омырауын да тең жартысына шейін жарқыратып ашып тастаған, киімі не еркектікі, не әйел екені белгісіз жын-жыпыр десек артық айтты демеңіз. Осының бәрі біздің тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде ең болмаса қазақты өзінің ұлттық ерекшеліктерін көрсетіп тұратын тілін, салт-дәстүрін қалпына келтіруді ойламаған жоғарыдағы еуропашылдардың шалағайлықтарының кесірі деуге толық негіз бар. Бұл үшін халықты еліктегіш деп жымысқы саясатпен кінәлау орынсыз. Бұның бәрі ең әуелі жоғарыдағылардың мемлекеттік деңгейде қолға алуға тиісті міндеті еді. Амал не?!
Сөздің тоқетері, біз қазір қазақтың осы заманғы алуан түрлі қауіп-қатерден, шетелдердің идеологиялық шапқыншылы­ғынан аман сақталуын қатты қадағалауымыз керек. Анау азуы алты қарыс АҚШ-тың, Ресейдің мультфильмдері мен көркем фильмдерінен бастап, бүкіл телеарналары мен баспасөзіне қарап отырсаңыз, оларға әлдеқайдан қатер төніп келе жатқан екен деп қалуға болады. Бірақ соның бәрі өзгені ақымақ қылудың бір жолы ғана. Иә, қазекең «Жаман айтпай жақсы жоқ», «Жамандықты бұрын ойла» деген ғой. Бұл өзі әрдайым сақ бол, қауіп-қатерді есіңнен шығарма деген ескерту, сақтандыру. Орыс­тар «тыныштық керек болса, қаруың ­дайын тұрсын» дейді. Атам қазақ «Кәпірмен жолдас болсаң, жаныңда айбалтаң болсын» дейді. Қай халықта да, қай ұлт, қай дінде де ең әуелі өз шаңырағыңның қамын ойла деп үйрететін қағидалар көп. Ендеше, қазақтың осы жалбатайлақтықтан, қанға сіңген құлмінезден арылуға кірісетін кезі әлдеқашан келді. Бұл жоғарыдан, бас жақтан басталуы керек дейді осы күні көзі ашық, ұлттық намысы бар әр қазақ.

Мырзан Кенжебай

anatili.kz