Әлі құрылмаған Еуразиялық одақтың ғұмыры ұзаққа созылмас. Атап айтарлығы, оған Батыстың еш қандай қатысы жоқ. Еуразиялық одаққа ұқсас құрылым бір кезде болған, бірақ оның да ғұмыры ұзаққа бармады.Біздің, тіпті, ортақ валютамызда болды. Ол рубль деп аталатын. Бұл жерде мен 1991 жылы Кеңестер одағы күйрегеннен кейінгі, Ресейдің төл валютасын енгізгенге дейінгі үш жылды меңзеп отырмын.
Атап айтарлығы, сол жылдары Қазақстан Кремльдің көргісі келмеген интеграциялық бастамалардың ортасында болған еді. Ресейдің сол кездегі басшылығы ешкімді масыл қылғысы келмеді. Өйткені әлсіреген елді дағдарыс қыспағынан шығару керек болатын.
Ал Қазақстанның өзіне келсек, біздегі халық шаруашылығы Ресейге толық тәуелді болатын. Күйреу кезеңіндегі дағдарыс қыспағынан жалғыз шығуға ешкімнің жүрегі дуаламайтын. Сондықтан біз ешқандай артық қимылдарға бармай, соңғы сәтке дейін метрополияның етегінен ұстап, соның жетегінде жүруге тырыстық. Біз ол кезде өз бетінше өмір сүруге дайын емес бозбала іспетті едік.
Бірақ тас жүрек анамыз бізді сыртқа теуіп, сол кездегі бас банкир Геращенкоға «Ресейдің мойнына масыл болған Қазақстанды асырғанымыз жетеді», дегенді айтқызды.
Түптеп келгенде, бұл бізді бүгінгі жағдайға жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан ТМД елдері арасында ең қуатты экономикаға ие, ЖІӨ деңгейі бойынша көптеген елдерден оқ бойы озық келе жатқан мемлекет. Оның ішінде, Ресейдің өзінен де оздық. Бүгінде біз планетадағы ең озық дамыған отыз елдің қатарына кіруді мақсат етіп отырмыз.
Тағдыр тәлкегі. Бұрын бұлай болады деп, кім ойлаған. Дегенмен әңгіме бұл туралы емес…
Тағы да өткенге оралайық. 1989 жылы сол кездегі Қазақ КСР-індегі қазақтардың саны 49 пайызға жақындап қалған еді. Яғни, ол кезде біз өзіміздің туған жерімізде сан жағынан аз болатынбыз. Қалайша біз, қазақтар, тарихи өлшем бойынша, осындай қысқа мерзім, небәрі жиырма бес жылдың ішінде санымызды 70 пайыға жеткізіп, сан жағынан басымдыққа қол жеткіздік? Атап айтарлығы, осы уақыт ішінде ешкімді елден қуған, ешкімді зорлықпен айдап әкелген жоқпыз және ешкімді ашашылыққа ұшыратып, қырған емеспіз. Сонда не болды, бұған қалай қол жеткіздік?
Оның ешқандай құпиясы жоқ. Қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары қазақстандық еңбек нарығында қазақтар бәсекеге неғұрлым қабілетті бола білді. Қазақтар орыстар келіспеген жерлерде мардымсыз екбекақыға жұмыс істеді. Осылайша қазақтар нарықтағы онсызда аз бос орындарды басып алып, қалғандарын ысырып тастады. Тиісті еңбекке лайықты төлемнің болмауы салдарынан көптеген орыстар «жұмыс табамын» деген үмітпен өз отаны, Ресейге ағылды.
Де жа вю немесе тәтті қиял
Енді келесі гипотетикалық ахуалды көз алдымызға елестетейік. Еуразиялық одақ құрылды делік. Мұндай жағдайда орыстар Қазақстанға емес, керісінше, жоғары еңбекақы төлейтін жұмыс іздеген қазақтар Ресейдің ірі қалаларын иегруге аттанады. Ал Ресейде жұмыс жеткілікті. Осы орайда, жағдай қайталанып, жұмыс күшінің демпингі есебінен қазақтар еңбек нарығында қайтадан орыстарды ығыстыра бастауы мүмкін.
Бұл жерде атап айтарлығы, қазақтар өзбек емес, олардың артында өз азаматтарына түрлі инвест-қорлардан жеңілдік несиелер түрінде қаржылай және және ақыл-кеңес түрінде көмек беруге қабілетті ауқатты әрі қуатты елі бар. Қазақтар табиғатынан белсенді, бастамашыл және білімді. Сондықтан болашақта олар Ресейдің компаниялары мен банктеріне жұмысқа орналаса отырып, жоғары жақтан көрінуі әбден мүмкін.
Сөйтіп, күндердің күнінде Ресейдің кәсіпкерлік эшелонының жоғарғы және орта буынына қазақтар берік орнығып, оларды астынан өзбектер, қырғыздар тәжіктер тіреп тұратын ахуал қалыптасуы әбден мүмкін. Яғни, тоқсаныншы жылдардың аяғындағы жағдай қайталанып, орыстардың алдында қайтадан «енді қайда барамын?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Міне, сол кезде Еуразиялық одақтың күлі көкке ұшады. Өйткені Ресейдің келесі президенті билікке «Кавказ бен қазақтарды асырағанымыз жетеді!» деген ұранмен қол жеткізеді. Егер ЕЭО одан бұрын күйремесе.
Серік Малеев, аударған Қайрат Матреков