Бұл төңіректегі мәселе қоғам назарын аудара бастады. Тіпті ел аралаған халық қалаулылары да жұрттан жағымсыз жағдайларды естідi ме, Парламент төрінен де қарыз мәселесін көтерді.
«Мемлекеттің қарызға өмір сүруі қауіпті» деді күні кеше Кузьмин Мәжілістің жалпы отырысында. Премьер-министр мен Ұлттық банк төрағасына сауал жолдаған ол: «Депутаттық сауалымның себебі халықтың екінші деңгейдегі банктерге тұтынушылық қарызының күрт өсуі болып отыр. Осы көрсеткіш 2013 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 2,2 триллион теңгені құрады. Тек қана бір күнтізбелік жыл ішінде, 2012 жыл мен 2013 жылдың қараша айлары арасында тұтынушылық қарыз 48% өсіп, 701 млрд теңгені құрады» деді.
Бір жағынан алып қарағанда, екінші деңгейдегі банктердің, халықтың төлеу қабілеттілігін ұлғайта отырып, тауарлардың тұтынушылық нарығын белсенді несиелендіруі қуантады. Алайда бұл банктерді тұтынушылық несиелендіруге тауар өндірушілер мен ірі сауда орталықтарының иелері өз тауарларын өткізу мақсатында күштеп итермелеуі көрінеді. «Бірақ біз Батыс Еуропа және басқа елдердің тәжірибесінде мемлекеттің қарызға өмір сүруінің қауіпті екендігін көрдік» деген депутат бірқатар мысалды нақты атады. Елімізде 90 күннен артық қарызын төлей алмаған жеке тұлғалардың тұрақты өсу үрдісі байқалады. Былтыр 11 айда 90 күннен артық несиесін төлей алмаған жеке азаматтардың қарызы 15,3 пайызға өскен. Осы үрдіс жалғаса беретін болса, бұл халық арасында кері әлеуметтік салдарларға әкеліп соғады.
«Осыған байланысты Мәжілісте Қазақстанның қаржылық жүйесінің беделін көтеру мақсатында дайындалған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қайта құрылымдауды жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы қарастырылды. Осы айтылғанның негізінде, сіздерден 2011-2013 жылдар аралығында екінші деңгейдегі банктер берген тұтынушылық несиелерді, олардың қайтарылу динамикасын нақты талдап, несие алушыға қалыпты өмір сүруіне қажетті қаражатты қалдыратын, несие алушының төлем қабілетін сапалы қарастыратын, банк үшін шектеуші іс-шараларды дайындап, халықтың несиеге беріліп кету үрдісін реттеуге қажетті шараларды қолдануыңызды өтінемін» дейді депутат.
Халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысы бар тағы бір мәселені депутат Алмас Тұртаев көтерді. «Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында орта және шағын кәсiпкерлiк субъектiлерін оңалту және банкроттық механизмін енгізу қажеттілігі айтылды. Өткен жылдың аяғында Мәжіліс «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Заң жобасын қарау барысында «Ақ жол» партиясы депутаттарының жеке кәсіпкерлер банкроттығы туралы бөлім қосу ұсынысын Үкімет қолдамаған еді. Осы себептен партия фракциясы өз күшімен «Жеке тұлғалар және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлейтіні туралы мәлімдеген болатын. Жеке тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы институты шетелдерде кең таралғанын ескеру қажет. Мысалы, Германияда 1994 жылдың басынан бастап күшіне енген банкроттық
туралы заңында, жеке тұлғалар банкроттығына арнайы бөлім арналған.
АҚШ-та соңғы жылдары 1-2 миллионға жуық адам өздерін банкрот деп жариялады. Ондағы соттарда қаралып жатқан барлық істердің 96% – америкалықтардың банктен жаппай несие алып, дәрменсiз халге түсуіне байланысты істер. Бұл мемлекетте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы арнайы заң қолданыста.
Ресей Федерациясында «Дәрменсіздік (банкроттық) туралы» Федералды заңға өзгерістер енгізу туралы» заңы мен жеке тұлғалардың банкроттығы мәселесін реттейтін заң актілері қабылданған.
Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығын енгізген жағдайда, несиені төлей алмаған тұлғалар, мүлкінен айырылған жағдайдың өзінде де көшедегі «қаңғыбасқа» айналмас еді. Бұл мәселемен көптеген азаматтарымыз бетпе-бет келіп отыр. Бұл – біздің адамдар, біздің елдің азаматтары!
Мәселенің екінші жағы – Кеден одағы және ЕЭК аясында біз тауарлардың, капиталдың және еңбектің ерікті қозғалуына уағдаластық. Бұл дегеніміз – біздің кәсіпкерлікпен айналысқысы келген азаматтар Ресей банктерінен несие алып, көрші елде кәсіп ашып, сол елдің экономикасын көтеруге атсалысуға қолайлы жағдай. Өйткені Ресей Федерациясында жеке тұлғалардың мүддесін қорғайтын, сәтсіз жағдайлардан шығуды реттейтін, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң бар. Өкініштісі, «Ақ жол» партиясының осындай нормаларын Қазақстан Республикасының заңнамаларына енгізу туралы
ұсынысына, Қаржы министрлігі бұл механизмді 2016-2017 жылдары енгізуді жоспарлап отырған жалпыға бірдей табысты декларациялауды енгізгеннен кейін қарастыру мүмкін деп мәлімдеді.
Ол уақытқа (егер қабылданса) 3 қысты бастан өткізу керек. Алайда несие алып, қайтара алмай, балаларымен далада қалған азаматтарымыздың 2016 жылға дейінгі жағдайы, басқа да қажеттілігі ескерілмейді.
Елбасы Жолдауындағы шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерін оңалту және банкроттық механизмін енгізу қажеттілігі айтылғанынан бастап, кәсіпкерлер ортасында бұл мәселе қайтадан көтерілуде» деген депутат «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасына жаңа бөлім етіп енгізу үшін Мәжіліске қайтару қажет деп санайды. Мұның қаншалықты қажеттігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Дуанабай Жолдасбек
http://www.aikyn.kz/articles/view/40764