Қыстың қатал мінезін қаңтарда сезіндік. Аяз қысқан аймақтардағы мектептерде сабақ жиі тоқтатылуда. Мектепте сабақ болмайтыны туралы ақпаратты «112» нөмірі хабарлап отыр.
Алайда кейбір абоненттерге сабақтың болмайтыны туралы смс-хабарлама кешігіп жететінді шығарды. Мұның себебін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың өзі түсіндірді.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингке келген В.Божконың айтуынша, смс-тің кешігуінің техникалық себебі ғана бар. «Операторлар сағатына 200 мың абонентке смс-хабарлама жөнелтеді. Әйтпесе, олар адал еңбек етіп жатыр» деді министр.
Осындай смс-хабарламалар жолдардың жабылуы туралы да күнделікті ақпарат беріп отыр. Мәселен, жыл басынан бері жалпы 62 миллионнан астам абонентке жолдардың жабылуы туралы 138 смс-хабарлама жіберілген. Ал «112» нөміріне қар құрсауынан құтқару туралы 25905 қоңырау түсіпті. Мұндай қоңыраулар адамдарды қар құрсауынан құтқаруға септігін тигізуде.
«Жыл басынан бері Алматы қаласы, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірлерінде жолдар 128 рет жабылды. Жыл басынан бері қар құрсауынан барлығы 3685 адам және 1132 техника құтқарылды. Биыл Ақтөбе облысында қысылтаяң жағдай болды. Көліктер қар құрсауында қалып, жұмыс негізінен Самара–Шымкент, Ақтөбе–Ор, Ақтөбе–Астрахань жолдары учаскелерінде, Хромтау қаласынан Қостанай облысы шекарасына дейінгі жолдарда жүргізілді» деді министр.
Министр Президент Жолдауынан туындаған тапсырмаларды орындау үшін атқарылатын жұмыс легін де тілге тиек етті. Мәселен, ТЖМ биыл бірінші кезекте жергілікті атқару органдарымен бірге аймақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу үшін инфрақұрылымдарды дамытуға күш салмақшы. Бұл ретте, үстіміздегі жылы үш қалада – Астана, Алматы, Жаңаөзен қалаларында өрт сөндіру деполарының құрылысы аяқталады. Қарағанды облысындағы Приозерскіде су-құтқару станциялары салынады. Ал Көкшетау, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент қалаларында өрт сөндіру деполарының құрылысы жалғасады.
«Соңғы үш жылда өртке қарсы қызметтің құрылымын күшейтуге үлкен көңіл бөлінуде. Қазірде инфрақұрылымға бөлінетін қаржының артқанын да айту керек» деді министр.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын қорғау мақсатында Қорғас өзенінде селден қорғау және тасқынға қарсы құрылыстар салынады. «ЭКСПО – 2017» көрмесі нысандарын өрттен қорғау да маңызды міндеттердің қатарында екен. «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарын өрттен қорғау үшін 2 өрт сөндіру депосы және орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының базасын салу керек. Бір депоны салу мәселесі шешілді, барлық үш нысанға жер телімі бөлінді. 2017 жылы елімізде өтетін универсиада нысандарының да өртке қарсы қорғанысын күшейтуге көңіл бөліп отырмыз. Бұл ретте Универсиада өтетін спорт нысандарының өртке қарсы қорғанысын қамтамасыз етуді қолданыстағы өрт сөндіру бөлімшелері мен осы жылы «Ақбұлақ» шағын ауданында пайдалануға берілетін өрт сөндіру депосының есебінен шешуді жоспарлағанбыз» деді В.Божко
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
http://www.aikyn.kz/