Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
«Денсаулығын күтпейді, ауруханаға дерті асқынып, жығылғанда бірақ келеді» деп қазақстандықтарды кінәлайтын еліміздің бас дәрігері, бұл жолы «ауруханаға жатуға әуестер көп» деп сынға алды. Қазақстандықтардың денсаулығын биіктен бақылап отырған денсаулық билікшісінің мәліметінше, аурухана төсегін тәуір көретіндердің көрсеткіші жоспардағыдан 15 пайызға артық екен. Десе де, бас дәрігер халықтың кемшілігімен қатар, өзі басқарып отырған саланың да кемшілігін айтты. Бәлкім, бұл «сөзім бір жақты болып, сенімсіз шықпасын» дегені ме екен? «Алаш айнасын» осы мәселе ойлантады.
Өзге аймақты қайдам, Алматыда ауруханаға жату оңай емес. Жағдайыңыз ауыр болмаса, жедел жәрдем де сізді ауруханаға алып кетпейді. Кейде, жедел жәрдем науқасты екінші не үшінші рет келгенде ғана ауруханаға алып кететін жағдайлар да кездеседі. Бұл жерде жедел жәрдем дәрігерін айыптау да қиын. Өйткені, ол ауруханаға алып барған науқасты қабылдау бөлімінің дәрігері стационарға жатқызбай, қайтарып жіберуі мүмкін. Мұны өз басымыздан өткізіп те көрдік.
«Неге жедел жәрдеммен барған науқасты стационарға қабылдамайды» деп ойлаушы едім. Мұның жауабын бас дәрігердің баяндамасынан кейін тапқан сияқтымын. Себебі, ауруханаға жатқызудың белгілі нормасы бар екен. Стационарда жатып, емделетін науқастар саны нормадағыдан асып кетсе, ондайға жол берген дәрігер денминнен дені дұрыс баға ала алмайды. Керісінше, жаза алады.
Ал партал арқылы ауруханаға жатар болсаңыз, кезегіңізді бір аптадан-біржарым айға дейін күтуіңіз мүмкін. Мұндай жайды жалпақ жұртқа жария етіп, кемшілікті көрсеткен журналиттерді басшы қауым ұната қоймайды.
«Түймедейді түйедей етіп көрсетуге құмар» деп журналистердің сынына жатырқай қарайтын Денсаулық министрі де бұл жолы өзі басқарып отырған саланың біраз кемшілігін жайып салды.
Министр ханымның мәліметіне қарағанда, жер-жерлерде маман потенциалы тиімді пайдаланылмай отырған көрінеді. Кейбір стационарлық әкімшілік-басқару бөлімдерінде қызметкерлер саны екі есе артық.
Сондай-ақ, дәрі-дәрмек пен медициналық заттарды сатып алуда бюджеттен бөлінген қаржы есепсіз жұмсалған. Бас дәрігердің айтуына қарағанда, 2013 жылы 520 жеткізуші стационарлық қызметтің тапсырысын орындаған. Жыл қортындысы бойынша, қоймаларда тағы екі айға жететін дәрі –дәрмек пен медициналық заттар артық қалған. Яғни, қаржы игеруді мақсат еткен медициналық мекеме басшылары бюджеттен бөлінген ақшаны қажетсіз дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаған.
Алайда, министрдің жеткізген мәліметі бұл саладағы былықтың әлқисасы ғана екен. Денсаулық саласының қызметіне тексеру жүргізген Есеп Комитеті медицина мекемелерінің былыққа белшеден батқанын көрсетті. Тексеру нәтижесі 73,7 млрд теңгенің бюджеттік және басқа да заңнамалық бұзушылықтарының бетін ашты.
Медициналық мекемелерді жабдықтауда қажеттілік ескерілмеген, салдарынан қымбат медициналық қондырғылардың жұмыс істемей тұрғаны белгілі болды. Еліміздің тоғыз облысында, жалпы құны 830 млн теңгені құрайтын медициналық қондырғылар қаңырап, бос тұр.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы:
– Біздің қоғамды жаулаған жемқорлықты мен рак ауруына теңер едім. Асқынған соң кесіп тастасаң, ол екі-үш жерден қайта шығады. Өкінішке қарай, бұл бір ғана медицина саласына қытысты емес. Медицина саласын дамытудағы ең үлкен қателік – емханалардың жағдайын ескермей, қолда бардың бәрін ауруханаларға салуда болды. Мемлекеттік емханаларда қондырғылар жоқ, ал ауруханаларда аса қымбат қондырғылар қаңырап, босқа тұр. Бұл екі мекемеге қазақ керемет атау беріп қойған ғой. Емхана. Аурухана. Емхана –алдын ала емдеу мекемесі. Аурухана – дерттен айыықтыру мекемесі. Демек біз аурудың алдын алуға емес, дертке шалдыққан соң айықтыруға күш салдық. Ауруханаға кім барады? Ақылы емге шамасы келмейтін зейнеткерлер мен созылмалы ауруға шалдыққандар. Сондықтан халықты «денсаулығына қарамайды, ауруханаға жатуға әуес» деп кінәлауға болмайды. Емханалардың әлеуеті жақсы болып, халыққа сапалы қызмет көрсетсе, онда ауруханалардағы адамдар саны аз болары анық. Сондай-ақ бізге созылмалы ауруларға мезгілдік ем жасайтын, үлкен жастағы кісілерге профилактикалық қызмет көрсететін реаблитациялық орталықтар қажет. Қазақта «тоқ бала аш баламен ойнамайды» деген сөз бар. Өкінішке қарай, біздегі басшылар бар нәрсеге жоғарыдан, өз көзімен қарайды. Егер мәселеге қарапайым халықтың көзімен қарай алмаса, ондай басшы халықтың мәселесін шеше алмайды.
Есеп Комитетінің таратқан хабарына қарағанда, диогностика мен ем жасаудың негізгі реттеуші құжаты болып табылатын клиникалық хаттамалар заманауи медициналық талаптарға сай емес. Тіпті, кей ауруларға хаттама жасалмаған. Сондай-ақ, бір-біріне қарама-қайшы әрекет ететін хаттамалардың да жасалғаны анықталды. Халыққа тегін көрсетілетін кепілденген медициналық қызмет сапасын бақылау да тиімсіз жүргізілген. Тегін көрсетілуі тиіс медициналық қызмет үшін ақы алудың 179 жағдайы тіркелген.
Сонымен қатар, тиісті бақылаудың болмауы, тұрғызылып жатқан медициналық нысан құрылысының жобалау-сметалық құжаттардан ауытқуына жол берген. Ауылды жерлердегі маман проблемасы да өзекті күйінде қалып отыр.
Тексеру қортындысы бойынша, алты медициналық оқу орынының бесеуі «талапқа сай» емес деп танылған. Студенттерді жатақханамен, жас мамандарды баспанамен қамту мәселесі де толық шешім таппай келеді.
Есеп Комитеті жүргізген тексеру нәтижесінде, 53 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 36 тұлға қызметтік жауапкершілікке тартылған. Иә, айыптының жазаға тартылғаны дұрыс-ақ. Бірақ солар айыппұлды өз қалтасынан төлер ме екен?!
Автор: Қалдар КӨМЕКБАЕВ
http://alashainasy.kz/society/49186/