АЛТЫНОРДА
Новости

ОСЫ ЖҰРТ ҮЛЕБАЙДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Атақты «Дудар-ай» әнін кім білмейді? Бәріміз білеміз. Бірақ ән авторы Үлебайдың кім екенін білеміз бе? 1920 жылы Затаевич ел аузынан «Дудар-ай» әнінің он шақты нұсқасын жазып алған. Бір нұсқасын Ғани Мұрат­баев беріпті.

Біреуін Әміре Қашаубаев­тың аузынан жазып алған. Бүгінде орын­далып жүрген нұсқа – осы Әміре берген нұсқаға барынша жақын. Ендігі әңгіме әннің шығу тарихы. Ән тарихы ұзақ жылдар бойы көмескі болып келді. Мәриям Жагорқызымен (1887-1950) Алматыда кездескен музыка зерттеушісі Б.Ерзакович те әннің тарихы жөнінде жұмған аузын ашпапты.
«Дудар-ай» әнінің шығу тарихына алғаш ғылыми әрі әділ баға берген – қазақ музыкасының жанашыры, «Ду­дар-ай» операсын жазған атақты ком­по­зитор Евгений Брусиловский. Ол өзінің «Дүйім дүлдүлдер» деген хикая­сында: «Бұл ән талассыз Арқа компози­торларының біреуінің әні екеніне се­немін, өйткені ән табиғаты кең тынысқа, шалқар диапазонға құрылғаны өз-өзі­нен көрініп тұр. Ендеше, бұл әнді басқа ұлттың өкілінің шығаруы мүмкін емес» деп жазған. Бұл ойды кейін музыка зерттеушісі, композитор Ілия Жақанов, сондай-ақ марқұм жазушы, сыншы Бекділда Алдамжар да өзінің «Дүдәмал­ды «Дудар-ай» атты мақаласында тілге тиек еткен.
Кеңестік заманда ұлтаралық саясат­қа байланысты «Дудар-ай» әнін Мәриям Жагорқызы, яғни Рекина Мария Его­ров­на шығарды деген жаңсақ дерек та­ра­ды. Бұл күнде ол әннің авторы Үлебай Әнетұлы екені нақтыланды, оған ешкім күмән келтірмейді.
«Айқын» газетіне Қорғалжын ауда­нының Өркендеу ауылынан хат жазған Рақымберген Қозыбағардың айтуынша, «Үлебай ақын 1966 жылы өмірден өткен. Оқымаған, хат танымаған. 1954 жылы кіші баласына кейінгі еңбектерін дәптерге жаздыртқан. Ол дәптерді 1955 жылы ақын Қалижан Бекхожин сұрап әкеткен, одан кейін хабар жоқ. Үле­байдың шағын өлеңдерін білетін адам­дар өмірден өтіп кеткен. Мен Үлебайдың кіші баласымен бірге өсіп, бірге жүргем, содан білемін. Естуімше, Үлебай ақын өлеңін Мәриямға басы бүтін бергені үшін ол кісіге сыйлық беріпті. Оны кез келген адамға айта бермейтін». Үлебай ақын туған Өркендеу ауылының тұрғы­ны осылай дей келіп, бұл өлеңнің сөзін кейін біреулер заманға сай өңдеп, түзет­кенін айтады.
Ал Астана қаласының Көктал тұрғын алабының Жаңақоныс көшесінде тұратын жасы сексеннен асқан Сағын­дық Байұзақұлы деген ақсақал «Айқын» газетіне былай деп хат жазады:
«Үлебай Әнетұлы тұратын Өркендеу ауылы мен біздің Жұмай ауылының арасы сегіз шақырым жер. Әкем жыл­қы­шы болған, бие сауып, қымыз дайын­дайтынбыз. Бір күні Үлебай бір жүрмей­тін көк атын арбаға жегіп келіп әкейге: «Маған бір жақсы ат бер және атқосшыға мына балаңды бер» деп мені қоса сұрап алды. Содан Үлебай екеуміз «Сталин» колхозының бастығы Қали деген мол­даға бардық. Ол шамамен сегіз-тоғыз шақырым жер. Қалиға жолыққан соң ауылдағы Әйтілеу қожаның үйіне түстік. Кешкі ас дайын болғанша Әй­текең «Мә­риямның» хикаясын басынан аяғына дейін айтқызды. Сонда өз аузы­нан естігенім: Дүйсен деген әнші, дом­бырашы дударбас жігітпен екеуі дос бо­лып, сол аймақтағы ойын-сауықтың гүлі болыпты. Бір күні екеуін Садырбай деген жерге алтыбақанға шақырып, Ұялы ауылынан төтелей өтіп бара жат­қанда, алдарынан шыққан 15-16 жас­тағы орыс қызы Мәриямға кез болады. Қызға екі замандастың көңілі бірдей ауып, бірнеше кеште бірге болған соң, ақы­рында екеуі ақылдасады да, қыз қайсы­сын таңдаса соған келіспекші болады. Сөйтіп, қызға сөз салғанда ол Дүйсенді таңдайды. Дүйсен үйленейін десе, ағайын­дары қарсы болады. Бірақ табан­дылық танытқан Дүйсен қосағын тас­тап, Мәриямға үйленеді. Көп ұзамай, Дүйсенді ағайындары ұрып-соғып алып кетеді. Осы арада екеуінің арасында хат тасушы Үлебай болады. Ол екеуінің хатын да өлеңмен өріп жеткізеді. Міне, «Дудар-ай» әні осы кезде туады. Үлебай ол әнді ағайындары Дүйсенді екінші қайтара алып кеткенде Мариямның атынан шығарған. Кейіннен ислам дінін қабылдаған Мәриям, тағдырдың бұйрығымен бірнеше рет күйеуге шық­қан. Ал Дүйсен сол соққыдан ауыр нау­қасқа шалдығып, қайтыс болады».
Ал Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Сабынды ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер Қазкен Оспанов «Айқын» газетіне былай деп хат жолдайды: «1986-89-жылдарда мен сол өңірде, яғни «Коммуна» кеңшарында партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезімде, «Дудар-ай» әнінің шығу тарихынан мағлұмат алған болатынмын. «Құмкөл» ауылының байырғы тұрғындары Сақыпұлы Әбді­ғали, Алдоңғарұлы Алдажар, Жағы­парұлы Дүйсен, Жетпісұлы Ашу, Сыз­дықұлы Өміртай, Нақыпұлы Қасым, Төлеуұлы Жұмажан ақсақалдардың «Дудар-ай» әніне қатысты әңгімелеріне қанық едім.
Арқалы азаматтар Дүйсен мен Үле­бай осы Қорғалжын елінде мекен еткен Қарпықтың Тінәлісінің төл балалары болатын. Дүйсен Әжіке руынан болса, Үлебай Дәулет руының баласы.
Үлебай Әнетұлы 1886 жылы қаңтар айында Қорғалжын ауданы, «Өркендеу» елді мекенінде дүниеге келген. Үлекең жасынан бойына біткен табиғи дары­нының арқасында ақындығы-әнші­лігімен ел аузына ерте ілінді. Ол бала кезінен ауыл молдасынан хат танып, 13-14 жасынан өлең шығарумен айна­лыс­қан. Осы өңірде өмір сүрген Құл­тума, Тоқа, Жақып сияқты атақты ақындармен бірге жүрген, солардан тәлім-тәрбие алған. Үлекең шығарған әндер халық арасында кең таралған. Той-думандарда өлең айтып, халық арасында сыйға бөленіп отырған. Үле­байдың Ұлы Отан соғысына қатысушы баласына арнап жазған «Жаным, ба­лам», «Ізтілеу мен Қазанбайға», «Қас­қыр­­мен айтыс», тағы басқа көптеген өлең­дері жарық көрмегенімен ел ау­зында қалған.
Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсек, Мәриям Үлекеңе «менің атымды алашқа әйгіледің» деген екен. Тіпті 1948 жылы Алматыда Мәриямның иығына жамыл­ған ақ шапан Дүйсен мен өзінің ақ ма­хаб­батының белгісіндей Үлебай ақынға тарту-жоралғы болғандығы да аңызға айналған.
Үлебай 90 жастан асқан шағында өмірдің рахатын да, бейнетін де көріп дүниеден озды. Бұл күндері Үлебай мен Дүйсеннен, Мәриямнан тараған ұрпақ ата қоныс – Қорғалжын өңірінде еңбек етуде. Сондықтан жергілікті және рес­публикалық деңгейдегі телеарналар Үлебай мен Дүйсеннің, Мәриямның ұрпақтарының басын қосып, үлкен бір тәрбиелік мәні бар шара өткізсе, нұр үстіне нұр жауар еді деп есептеймін». Жөн-ақ сөз! Тіпті Мәриям Жагор­қызының қызы Ырсалдыдан тарайтын ұрпақтары Астана қаласында да тұрады деп естиміз. Ендеше, біз де Қазкен ақса­қалдың соңғы бәтуалы сөзіне қосыла отырып, мақаламызды қорытын­ды­лаймыз.

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

http://www.aikyn.kz/