АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

СӘБИДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ, БОЛУЫ ҮШІН ЖАРАЛҒАН!

Бүгінде Семейдегі сәбилер үйінде ұзын саны 72 бөбек өсіп жатыр. Балдырғандар дүние есігінашқаннан былдырлап тілі шыққанға дейін, яғни, 4 жасқа толғанға дейінгі аралықта осынауүйде тәрбиеленеді. Қынжылтарлығы сол — жаутаңкөздердің көпшілігі перзентханадантікелей осында жеткізіледі екен. Анасы бас тартқан сәбилер тәрбиешілерге әбден бауырбасып кеткен. Сондай-ақ, ата-анасы ішімдікке са- лынғандар мен түрлі жағдайдатағдырдың тәлкегіне тап болған бөбектердің де панасы осы жер.

Аға тәрбиеші Индира Аманғалиқызының осынау балалар үйінде еңбек етіп жүргеніне биыл 15 жыл болыпты. Алғаш тілі шыққан  сәбилердің «мама» деген жүрек жібітер, мейірім күтер сөздері мекемедегі өзге тәрбиешілермен бірге Индираға да арналады. Тастанды сәбилерге қамқор болып жүрген ананың айтары көп екен.

— Жыл өткен сайын мұнда келетін балалар саны азаяр деген үмітіміз әзірге ақталмай тұр. Бұрындары перзентханадан тікелей осында жеткізілетін нәрестелер көп болатын. Қазір аналары ішімдікке салынған, берекесіз отбасылардан әкелінетін балалардың саны артып келеді. Кейбір отбасылардан тіпті екі баладан осында келетін оқиға кездеседі, — дейді Индира Аманғалиқызы.

 

Жеке өмірінде өзі де ана атанып, бір ұл тәрбиелеп өсірген мейірім иесі мұндағы әр сәбиге аналық сезіммен,  зор қамқорлықпен қарау ләзім деп санайды. Мөлдіреген қара көздеріне мұң ұялаған бөбектерге жан жылуы басты қажеттілік. Әр бала аялаумен ғана өседі әрі барлығы да бақытты болуға лайық.

 

Біз барған сәтте балалар үйіндегі сәбилер таңғы шайларын алдарына енді алып жатыр екен. Бөгде адамдардың дауысын естіп, барлығы да есік жаққа елеңдесті. Жер үстелге дөңгелене отырған үрпек бас бүлдіршіндердің бірлі-екеуінен басқалары қара көздер екен.  Жаутаңдаған жанарлары мөлдіреп тұр. Араларындағы екі жарым жас шамасындағы бір бүлдіршіннің екі қолы жеңінің ұшынан байлаулы екен. Жылаған сәби дауысы қарлығыңқы шығады. Сөйтсек, кішкентай балақайдың таңдайына операция жасалған екен. Саусақ соруды әдетке айналдырғандықтан қолдарын жеңінен буып қоюға мәжбүр болыпты. Байыз таппай шырылдаған сәбиді айналып-толғанған тәрбие-шілер қанша өбектегенімен де анасының мейірімі мен әкенің ыстық алақанын сезінбегендіктен болар бәрібір жұбана қоймады.

Қазіргі күні мұндағы сәбилер 7 топқа бөлінген, жас ерекшеліктеріне қарай тәрбие алуда. Сондай-ақ, дене бітімінің кемістігімен туылған балақайлардың күтімі бөлек. Әрбір топта екі тәрбиеші, төрт күтушіден бар. Түнде жылап оянған сәбилердің басы-қасынан осы күтушілер табылады. Ауырып-сырқай қалған жағдайда осы мекемедегі дәрігер-мейірбикелер дереу көмекке келеді. Бұдан бөлек аспаздар мен ұстаздар да еңбек етуде. Алайда, қанша айналып — толғанғанмен бұл қамқорлықтың барлығы сәби анасының бір сәт құшағына алғанына жетпесі анық.

— Рас, белгілі бір уақыт өткеннен кейін сәбилерін келіп алып кететін аналар да табылады. Алайда, ара-арасында сәбиін көруге келіп жүріп, кейіннен мүлдем жоғалатын аналар   кездеседі. Бәрінен де осы жайт жаныңа қатты батады. Себебі, сәби жүрегі есікті торуылдап, үнемі өзі үшін аяулы жанды алаңдап күтумен болады. «Мамам қашан келеді?» деген бөбекті жиі алдаусырата беру — өз жүрегіңе де салмақ түсіреді. Ондайда оңаша жерге барып егіліп жылап алатын тәрбие- шілер де бар, — дейді Индира Аманғалиқызы.

Бақыттың білмей бағасын,

Адасты ма екен анасы?

Аң екеш аң да қараусыз,

Қалдырмаушы еді баласын.

Әкенің мұз ба жүрегі,

Ананың бауыры таспа екен?

Аңсатқан жанды ақ арман,

Жас болып аққан жанардан.

Сәбидің бәрі бақытты,

Болуы үшін жаралған!

Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы осы ән жолдары бұл балалар үйіндегі күтушілер мен тәрбиешілердің көңілдерінде сайрап тұр.

«Өмірдің ең үлкен сыйы – ана болу. Ал ана бақытын сезіне алмағандар бекерге өмір сүргенмен тең» дейді тәрбиешілер. Негізінен кілең әйелдер ұжымынан құралған мекемеде 8 – наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесінің орны ерекше. Жаутаңкөз сәбилерге ана мейірімін сыйлап жүрген жандар қандай құрметке болмасын лайық. Өз кезегінде Индира  Аман-ғалиқызы әріптестерін, барша аналар қауымын құттықтай кетуді жөн санайды.

— Көктемнің шуақты күніндей күліп келетін осынау мейрамда, әсіресе, аналарымызға құттықтау арнайықшы. Әлемнің асылын, өмірдің жарығын сыйлайтын жандардың сәбилерімен аралары ажырамаса екен! – дейді біз әңгімеге тарт-қан балалар үйінің аға тәрбиешісі.  Лайым солай болғай!

Суретте: Семей қаласындағы бала үйінің аға тәрбиешісі Индира Мақұлбекова.

 

Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ,

“Семей таңы”