Қазақстанда судьяларға көпшілік алдында «саясат соғып», мемлекеттің ұстанымына қайшы келетін пікір айтуға заңмен тыйым салынады. Олар сондай-ақ әлі үкімі заңды күшіне енбеген істер бойынша да енді журналистерге түсініктеме бере алмайды.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» жаңа заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат судья жолын таңдағандар үшін бірқатар жаңалықтар ала келмек.
– Жобада облыстық сот төрағалары мен сот алқасы төрағалары лауазымдарына кандидаттарда судьялық өтілінің болуы міндеті 5 жылдан 10 жылға дейін арттырылады, – деді Жоғарғы соттың Азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров. – Бұл жалпы судьялық корпустың кадрлық құрамының сапасына оң әсерін тигізеді.
Жаңа заң жоба «төраға қызметінің кадрлық резервінің» үстемділігін арттырады екен. Басқарушы сот лауазымдарына, егер босап жатса, ең алдымен, солар ие болады. Яғни жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен алқа төрағалары қызметіне үміткерлерді іріктеу барысында осы «кадрлық резервте» тұрған кандидаттарға басымдық беріледі.
Бұл заң өмірге жолдама алған соң, тағы бір құрылым түңлігін жаңадан түруі мүмкін. «Облыстық және оған теңестірілген соттардың, сондай-ақ Жоғарғы соттың қызметін жетілдіру мақсатында олардың құрамында жеке орган құру ұсынылады» деді Е.Әбдіқадыров. Ол орган құзырына «тез арада шешуді талап ететін, сот жүйесінің қызметіне қатысты ұйымдастыру мәселелерін шешу жөніндегі функциялар жатқызылады».
Заң жобасында судьяларға сот шешімі әлі заңды күшіне енбеген істер бойынша жұртшылық алдында өз пікірін айтуға тыйым салатын норма жазылып отыр. «Жұртшылыққа жария түрде мәлімдемелер немесе ескертпелер жасаудан бас тарту – енді судьялардың міндеті, өйткені ол сот төрелігі мүдделеріне, оның тәуелсіздігіне және турашылдығына нұқсан келтіруі мүмкін» деп түсіндірді Жоғарғы сот өкілі.
Ол ол ма, осы заң жобасы қабылданғаннан кейін, судьяларға егер онысы «мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін болса», мемлекеттік саясат, қызмет бабы мәселелері бойынша әйгілі түрде өз пікірін айтуына рұқсат етілмейді. «Билерді» тағайындауға жұртшылық та араласуы ықтимал. Осы жобада облыстық соттар жанында консультативтік-кеңесші органды – «Қоғамдық кеңесті» құру көзделіпті. «Оның қорытындылары рекомендациялық сипатта болады. Бұл түзету судья лауазымдарына кандидаттарды іріктеудегі қоғамның рөлін күшейту мақсатында енгізілуде» деді Жоғарғы соттың алқа төрағасы. Бірақ қалаулылар бұл кеңестің қажеттілігіне күмән келтіріп отыр. Оның үстіне заң жобасында кандидаттарды іріктеуге атсалысатын осы құрылымға қоғамнан адамдардың қандай критерийлер бойынша таңдап алынатындығы көрсетілмеген.
Сонымен бірге алда «Сот академиясының мамандандырылған магистратурасын бітірген адамдар сот лауазымына тұруда біліктілік емтиханды тапсырудан босатылатын» болады. «Бұл нендей қажеттіліктен туындауда?» деп сұрады депутат Виктор Киянский.
– Біз осылайша Сот академиясында оқитын магистранттарды судьялық лауазымдарға тұруын ынталандырғымыз келеді, – деді Еліс Әбдіқадыров. – Себебі талдау көрсеткендей, олардың көбісі оқуын аяқтаған соң, басқа кәсіпті таңдайды.
Мәжіліс кешегі жалпы отырысында парник газдарын шығарғаны үшін айыппұл салуды биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін шегеретін заң жобасын да бірінші оқылымда құптады.
Жалпы, Жер бетіндегі ауаның шектен тыс тез жылуын тоқтату мақсатында әлем елдері парник газдарын бөлуді азайтуға міндеттеме алған болатын. Киото хаттамасына жуырда Қазақстан да қосылды. Әйткенмен негізінен Кеңес кезінде іске қосылған, ескірген технологиялармен жұмыс жасайтын отандық зауыттарға және өндіріс орындарына жоғарғы жаһандық талаптарға жауап беру қиынға соғуда. Олар осыны айтып, көптен бері Үкіметке «қыңқылдап» жүрген.
Ақыры мемлекет шағымға құлақ асып, қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жауапкершілікті қарастыратын 243-1-бабына «кері күш» (обратная сила) беруге келісті. Яғни парник газдарын ауаға квота мөлшерінен асыра шығарғандар тек 2014 жылдың 1 шілдесінен кейін жазаланады. Ал 2013 жылы өнеркәсіптік кәсіпорындарға осы үшін салынған айыппұлдарды құзырлы органдар өндіріп алудан бас тартады. Бұл отандық өндіріс үшін үлкен жеңілдік әкелуге тиіс. Өйткені тіпті толық емес мәліметтер бойынша, тек энергетикалық салада ол айыппұлдар сомасы – 208 миллиард теңгеден, ал мұнай-газ секторында – 30 миллиард теңгеден асады!
Сондай-ақ енді салынатын айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткіштен 5 АЕК-ке дейін азайтылып отыр. «Еуропа кезінде 40 евродан бастаған» дейді экология министрі Нұрлан Қаппаров. Оның айтуынша, Қазақстан бұл істе тағы посткеңестік кеңістіктегі елдердің алды болып отыр. Ресей парник газдарын шығару бойынша өз өндірісін шектеуге кіріспепті де.
Айхан ШӘРІП
http://www.aikyn.kz/news/view/44096