АЛТЫНОРДА
Новости

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҮЛЕСІ 60 ПАЙЫЗДАН АСАДЫ

Шағын және орта бизнес сала­сында әйелдер тұрақты бизнеске қол жеткізді. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Парла­мент Мәжілісінің депутаты Айгүл Со­ловьева осылай деді.

– Шағын және орта бизнестегі әйел­дердің үлесі 60 пайыздан асады. Әйелдер айналысатын бизнес түріне қызмет көр­сету секторы, қонақүй, сауда салалары жата­ты­ны да белгілі. Алайда бизнес пен эконо­миканы «жыныс түріне», яғни «әйелдікі» немесе «ерлердікі» деп бөлуге келмейтін сияқты. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнесте әйелдер тұрақты кәсіпке қол жеткізді. Бұл қарқын соңғы 5 жыл бойы жалғасып келеді», – деді халық қалаулысы.
Сөз арасында А.Соловьева бизнеске ал­ғаш қадам жасаған кезінде гендерлік алалаушылыққа тап болғанын баяндап, былай деді: «Мен алғашқы қызметімді өтеп жүрген кезде әріптес ер адамдарға өз биз­нес-жобамды көрсеткен болатынмын. Барлығымыз отырып, мәселені талқы­ладық. Талқылаудан кейін олар «жүріңдер, қалған мәселені темекі шеге қарасты­райық» деді. Ал мен жалғыз қалып қой­дым. Сол кезде мен әйелдерге бизнес салада қандай қиын екендігін алғаш сезіндім. Кейін жобамды жүзеге асыра бастадым. Аймақта сүт шаруашылығы кәсіпорын­дарының қа­уымдастығын құрдым. Сөйтіп, менің жо­бам қабыл­данып, бұл бәсекеде мен жеңдім».
Бұдан кейін депутат әйелдердің ең­бекақысы ерлердің еңбекақысының 75 пайызын ғана құрайтынын атап көрсетті. «Бұл жерде тепе-теңдік жоқ. Сонымен қа­тар жасы келген әйелдерді жұмысқа қа­был­дамау ерлерге қарағанда жиі кездеседі» деді ол.
Осыдан соң билік өкілі бизнес мем­лекетке арқа сүйеуді тоқтатуы тиіс екен­дігіне тоқталды. «Зерттеу көрсет­кен­дей, кәсіпкерлердің 39 пайызға жуы­ғы мемлекет оларға қаражат «сыйлауы» тиіс­ті деп санайды. Мұндай көзқарастан, қате ұғым­нан арылу керек. Өзге мемлекет­термен салыстырғанда, еліміздегі бизнес үшін жасалып жатқан жағдайлар мен қолдаулар әлдеқайда жоғары» деді А.Соловьева. Оның ойынша, бизнес жолындағы кедергілерді жою үшін бизнес-проце­дураларды қайта қарастыру қажет.
«Бизнестегі жағдайды одан әрі жақ­сартып, оның жолындағы кедергілердің көзін жою үшін, бәлкім, бизнес-про­цедураларға мұқият зерттеу жүргізу керек шығар. Мысалы, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңды» алайық. 2015 жылы екінші кезеңі басталады. Осыны да ескеру қажет. Жал­пы, әрбір жергілікті басқару органы тек бизнес қана олардың бюджеті үшін «сауылатын сиыр» екенін түсінулері керек» деді мәжілісмен.

Қанат МАХАМБЕТ, Астана

http://www.aikyn.kz/articles/view/44269