АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАЗАҚТЫ ТЕК ҚАЗАҚ ҚАНА ҚОРҒАЙДЫ

казакҚазақта «іштен шыққан жау жаман», «жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Иә, біз ешкімді жау санамаймыз. Алайда әрқашан болар қауіпті күні бұрын болжап, алдын алатын қадамдарды ойластырған дұрыс. Құр ойластырып қоймай, соны нақты іспен жүзеге асыра білгеніміз абзал. Біздің бұл пікірімізге арқау болған іс — қазіргі күні Ресейдің Қырым автономиялық республикасына қаратып отырған саясаты. Оның бізге қандай қатысы бар дейсіз ғой? Үлкен қатысы бар.

Ресейдің империялық саясаты асқынып отырғаны ешкімге жасырын емес. Совет одағы ыдырағаннан бергі тарихқа көз салсақ, Ресейдің бірнеше мемлекеттердің құрамынан жасанды тәуелсіз ел жасап шығарғанын көреміз. Әрине, бұл елдер аты тәуелсіз болғанымен, заты Ресейдің бір бағынышты құрылымдық аймағы есебінде. Оған Приднепровск, Оңтүстік Осетия, Абхазия мәселелерін келтіруге болады. Себебі, Ресей аталған өңірлерді сол жерде тұрып жатқан орыс ұлтының көптігіне сүйеніп, өз қол астына алған еді.
Енді міне бұл мәселеге Украина мемлекетінің бір бөлшегі саналатын Қырым автономиялы республикасы қосылды. 1921 жылдың 18 қазанында Қырым Кеңестік Социалисттік Республикасы болып құрылған еді. Бірақ, 1946 жылдың 25 маусымында Қырым облысы болып Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы құрамына енгізіледі. Ал, Совет Одағына Н.Хрущев билік еткен тұста, яғни 1954 оны Украин Кеңестік Социалистік Республикасының құрамына қосады. Содан бері Қырым Украина республикасының айырылмас бір бөлегі болып келеді.
Алайда, Украинаның оңтүстігіне орналасқан Қырымда орыс ұлтының жан саны көп еді. Біз осы материалға байланысты ғаламтордан қосымша ақпарат іздей отырып, орыс тіліндегі википедия ақпараттарын көрдік. Онда Қырым автономиялық республикасында 10,1 пайыз ғана халық украин тілін ана тілім деп санайтыны айтылған. Ал, орыс тілін 77 пайыз, қырым татарларының тілін 11,4 пайыз халық ана тілі деп есептейді. 2004 жылы Киев халықаралық әлеуметтік иниституты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша Қырымдағы 97 пайыз халық орыс тілін пайдаланады деген ақпарат та жүр.
Украинада төңкеріс туылып, билік басына орысшыл саясатқа қарсы топтар келген соң Ресей бүкіл Украинаны өз уысынан құр бекер шығарып қойғысы келмеді. Осындай аумалы-төкпелі жағдайды пайдаланып, Қырым автономиялық республикасына өз ықпалын жүргізуді, қажет болса өз құрамына қосып алуға әрекет ете бастады. Оған Қырымға әскер кіргізіп, бұл іске қарулы күшпен килігуі дәлел.
Өткен сейсенбі күні осы Украинадағы жағдай және Қырым автономиялық республикасындағы мәселеге байланысты Ресей президенті В.Путин журналистер сұрағына жауап берді. Біздің бұдан ұққанымыз, Ресей Қырымға әскер кіргізу мәселесін өте дұрыс әрі орынды әрекет санайды. Бұдан бұрын да Путин біз орыс тілді халықтың өміріне қатер төнген жағдайда кез-келген жолмен оларды қорғауға дайынбыз деген. Бұл жолы Ресей басшысы Қырымды қосып алу ойы жоқ болғанымен, бұл қадамға әрқашан дайын екенін жеткізді.
Біз Қырым автономиясына байланысты орыс тіліндегі википедия ақпаратының тез жаңаланғанын әрі қарулы күштерге байланысты мынадай мәлімет келтіргенін айта кетейік. Сөзбе-сөз берсек: «2014 жылдың 2 наурызында контрадмирал Денис Березовскийдің басшылығымен Қырым әскери-теңіз күштері құрылды. Сондай-ақ, 2014 жылдың ақпан айының соңында Қырымның өзін-өзі қорғау күлтері пайда болып, 4 наурызда оның жеке құрамы 11 мың жауынгерге жетті».
Сонда өзін қорғаушы осы 11 мың адам қайдан пайда бола қалды? Егер өз жерінде, Украина мемлекетінің құрамында тұрып жатқан халық болса өзін-өзі кімнен қорғамақ? Әрине, олардың Ресейден қорғанбайтыны белгілі, керісінше олар Ресей үшін Украинадан қорғанбақ. Міне, этникалық үлестегі орыстардың басымдығына сүйенген Ресей Қырым автономиялы республикасын Украинадан бөліп әкетуге дайын тұр.
Енді жоғарыдағы азды-көпті айтылған мысалдардың Қазақстанға қандай қатысы бар екеніне қысқа ой қосып өтейік.
Бәрімізге белгілі, Батыс Қазақстан облысы, соның ішінде Орал қаласы, және Қостанай, Павлодар, Петропавл облыстары мен Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласы және Ресеймен шекаралас жатқан аудандарда орыс ұлтының саны басым. Сандық басымдықтан тыс бұл өңірлерде орыс тілінің ықпалы өте жоғары. Сондай-ақ бұл аймақтарда 90 пайыз Ресей ақпарат құралдарын тұтынады. Қысқасы, аталған аймақтар біздің ең осал тұсымыз. Неліктен? Арғы тарихты қоя тұралық, тәуелсіздік алғаннан бері Ресей осы өңірлерге сұғын қадаумен келеді. Бір ғана мысал, жақында ғана елді дүрліктірген Лимонов пен Жириновскийдің сөздері бұған дәлел. Егер күні ертең әлдебір арандатушылық жағдайды сәтті пайдаланған Ресей Қазақстанның осы өңірлеріне де «Қырым тактикасын» қолданып шыға келетіні мұнда тұр. Себебі, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдерді әлі де өз қалауынша билеп-төстеуге әдеттеніп қалған Ресей, сәл желеу шықса оларды бөлшектеп, өздеріне шекаралас облыстарын қосып алуға дайын отыр. Бұған таңданудың еш қажеті жоқ. Егер белгілі бір сылтауға сай осындағы халық өздерін қорғау үшін Ресейдің әскер кіргізуін талап етуі және Қырымдағыдай өзін қорғайтын «жауынгерлердің» пайда болуы бек мүмкін.
Ресейдің Украина мен Қырым мәселесін әскер күшімен килігуі Қазақстан қоғамын елең еткізді, ойландырды. Жекелеген азаматтар, ұлт патриоттары, зиялы қауым бұл жағдайға бейжай қараған жоқ. Ресейдің империялық саясатын арқалаған танкілерінің тұмсығы келесі кезекте Қазақстанға бұрылуы мүмкін екенін ескертіп жатты. Осыған орай Қазақстанның солтүстік өңірлерін бекемдеудің ең бір бейбіт те ұтымды жолы, сол жердегі қазақ ұлтының үлес салмағын арттыру мәселесі болды. Осындайда ойға оралман деген ағайын бары оралып, шеттегі қандастарды солтүстік аймақтарға жүйелі түрде, ауқымды түрде көшіріп әкелуді айта бастады. Шын мәнінде Ресей тарапынан қандай да бір зорлықты күш қолданатын қадам жасалса, елді іштен іріту саясатын қолдануға қарсы қояр бірден-бір озық тактика сол жердегі қазақ ұлтының жан санын шұғыл түрде көбейту еді. Бұл тек оралмандардың есебінен ғана емес, ішкі көші-қон, соның ішінде оңтүстік облыстардағы болашағы жоқ, тіршілікке қолайсыз елді мекендердегі халықты солтүстікке қоныстандыру арқылы да жүзеге асуы тиіс.
Бірақ, ең басты әрі стратегиялық маңызы бар іс шеттегі ағайындарды көшіріп әкелу болмақ. Себебі, біз біріншіден олардың тарихи отанына оралу арманын орындаймыз, екіншіден, қандастарымыздың басқа елдерге жұтылып, ассимиалиацияланып кетуінен сақтаймыз, үшіншіден солтүстік облыстарымыз бен өзге де Ресеймен шекаралас аймақтарымызда ұлттық басымдыққа ие болып, сол аймақтардың экономикалық, әлеуметтік жақтан оңалуына да жол ашамыз. Сол арқылы шекараны бекемдеп, ұлттық қауіпсіздікті нығайтамыз.
Қорытындылай келе айтарымыз, әлемдік қауымдастықтың қатаң ескертуі мен халықаралық құқықтық келісім, нормаларға пысқырып та отырмаған Ресей ашық империялық саясатын жүзеге асыруға дайын екенін танытты. Жалпы, бүгінгі күні империялизмнің ұжымдық түрге беталғанын ескерсек, АҚШ, Еуропа елдерінің Ресейге жасаған ескертуі далаға кететіні белгілі. Себебі, журналистерге берген сұхбатында В.Путин осы аталған елдердің де әлемге империялық саясат жүргізіп отырғанын айтып қалды. Әсіресе, АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Араб елдеріндегі саясаты тілге тиек болды. Демек, Ресей АҚШ бастаған елдерге «өз бастарыңдағы шоқты көріп алыңдар» деп отырғаны анық. Ондай жағдайда бізді әлемдік қауымдастық қорғайды деген «гумандық» дәмеден арыла тұрғанымыз жөн. Бізді ешкім қорғамайды, біз, қазақ, Қазақ елі өзімізді өзіміз ғана қорғаймыз. Сол үшін шетелдегі қазақтарға арналған мемлекеттік саясатқа қайталай көңіл бөлініп, жуырда қабылданған көші-қонға байланысты қисынсыз Заң қайта қаралуы қажет. Және оларды елге мүмкіндігінше тобымен көшіріп, оларды жүйелі түрде, арнайы түзілген бағдарлама аясында солтүстік облыстарға, шекаралас аймақтарға орналастыру тез қолға алынғаны абзал. Бұл көрші, дос деп жүрген алпауыт елдердің бетіне өтірік күле қарап, оларға жүз рет жаутаңдағаннан мың есе артық қадам, қазақтың «Мәңгілік ел» арманына жетуін шын қамтамасыз ететін жол болмақ!
Жебе НОЯН.
Марат УАТҚАН, қоғам қайраткері:

– Жеке көзқарасым бойынша, көші-қон саясаты мен еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін сепаратистік әрекетті бір-бірімен байланыстырып қарауға әсте болмайды. Өйткені, көші-қон саясаты тағдыр тауқыметін көп тартқан, үштен бір бөлігі өзінің ата қонысында отырса да, өзге мемлекеттің қарамағында қалған біз сияқты ұлттық мемлекеттің басты ұстанатын бағдарларының бірі болуға тиісті.
Осы тұрғыдан қарағанда, өкінішке орай, біздің мемлекеттік көші-қон саясатымыз ақсап жатыр. Тіпті, қазақ көшінің тоқтап қалуына көрші мемлекеттің ықпалының әсері бар ма деген еріксіз ойға да қалады екенсің. Оған себеп, Ресей мемлекетімен шекаралас өңірлерде біздің ел азаматтарының РФ азаматтығын қоса алғандары да көптеп кездеседі деген әңгіменің жұрт ішінде таралғанына да біраз жыл болды.
Бұл жағдай, РФ президенті Владимир Путиннің Украинаға басып кірмек әрекетіне алаңдап отырған жұртшылық үшін оңды ықпал етпесі заңды.
Ал, көші-қон мәселесіне келер болсақ, сырттан көшіп келгісі келетін ағайындарды адамдар сирек қоныстанған, шекаралық елдімекендерге қоныстандыру – ол өңірлердегі жер қыртысы мен қойнауы байлықтарын игеріп, ел экономикасының әл-ауқатын еселеп арттыруға үлкен септігі тиер еді деген ойдамын.
Сонымен қатар, көштің жалғасын табуы еліміздің тәуелсіздігі мен ертеңіне деген сенімін бекемдей түсетін болады. Көш – азаматтардың өз еркімен жүзеге асқаны жөн.

Бейсен АХМЕТҰЛЫ, саясаттанушы:
– Саясатта ешқандай достық, туыстық болмайды, тек мүдде қатынасы ғана болады. Міне, бұл, Украинадағы саяси дағдарыста тағы бір рет дәлелденді. Тіптен ұлттық мүдде үшін халықаралық міндеттемелер мен меморандумдардың қалай жарамсыз болып қалғанына куә болдық. Ақпараттық және саяси-экономикалық, әскери қысымның бір ұлтты қалай айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізгенін де көріп отырмыз. Бұл тұрғыда Ресей украин халқының қолымен Украинаны жаулауда.
Бұл тұрғыда Қазақстан құжат жүзіндегі халықаралық міндеттемелер мен достыққа сеніп қалмауы керек. Қайта орыстың ақпараттық шабуылы арқылы жүргізіп отырған саясатына қарсы шараларды жүргізуі керек. Бұл Ресей думасында қабылданған «Орыстың этникалық шекарасының» ішіне кіретін Қазақстан үшін өте маңызды саясат болмақ. Егер солтүстік облыстарымызда шошаң етіп бір топ орыс көшеге жиналып, үкіметтің әлеуметтік мәселелер бойынша қинап отырғанын сылтау етіп ереуілге шыға қалса болды, шекараның аржағында аңдып отырған орыстар еш қиындықсыз қаптап келіп, қолдап, шуды бір-ақ шығарады.
Ал оған Сарышаған қатарлы әскери полигондардағы орыс армиясының «Орыстарды қорғау миссиясы» қосылады. Дәл солай бола қалса, билік Жаңаөзендегідей оқ ату былай тұрсын, дауыс көтеріп сөйлей алмайтын болады. Ондай келеңсіздіктің алдын алып, бетін қайтарудың жалғыз жолы – Елбасымыз өзі бас болып қолға алған «Нұрлы көштің» бұйдасын солтүстік облыстарға апарып бірақ байлау. Қандастар туралы жаңа қаулы шығарып, кешенді түрде жұмыс жасау қажет.

«Жебе» газеті, 6 наурыз 2014 жыл