Ресей 1наурызда Украинаға әскер кіргізу туралы шешім қабылдаған болатын. Оған бүкіл халықаралық қауымдастық үдере бас көтергені белгілі. Бәрінен бұрын, Ресейдің бұл шешімінен соң онымен бір әскери одақтағы мемлекеттердің халқынан маза қаша бастады. Өйткені қарапайым жұртшылық әскер кіргізген Ресейге Украинада мықты тойтарыс берер қарсы күштер табылып жатса, Мәскеу міндетті түрде өз одақтастарын көмекке шақырады деп санайды. Ал бұл реттегі кәсіби маман мен әскерилердің ойы қандай? Өз кезегінде «Алаш айнасы» газеті осыны біліп көрмекші…
Ең алдымен, әскери одақ туралы аз-кем айта өтелік. Қазақстан ТМД кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойған алты мемлекеттің (Беларусь, Армения, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан, соңғысы кейіннен ұйым құрамынан шығып кетті) бірі боп табылады. 2002 жылы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шарты бойынша өткен жиынға қатысушылар осы шарт аясында ұйым құру туралы шешім қабылдады. 2009 жылы ақпанда Ұжымдық жедел әрекет ету күштері құрылып, оның алғашқы әскери жаттығуы Қазақстанның Мәтібұлақ әскери полигонында өтті.
©Алаш айнасы инфографикасы
Аталған әскери одақты нақ тәжірибеде сынау 2010 жылдың еншісіне тиесілі. 2010 жылдың маусымында Қырғыз Республикасын азаматтық соғысқа итермелеген қырғыз бен өзбек диаспорасы арасында қанды қақтығыс бұрқ ете түскен еді. Сол кезде Қырғызстан президенті Роза Отынбаева РФ президенті Дмитрий Медведевтен өз мемлекеті мүше одақ арқылы көмекке келуін сұрады. ҰҚШҰ (ОДКБ) бұл мәселеге қатысты шұғыл жиын өткізді, бірақ онда қабылданған шешім Қырғызстанға көмек бола алмады, нақтырақ айтқанда, әскери тұрғыда. Ал осы тәртіпсіздікті ұйымдастырғандарды тауып, ауыздықтауда, Ауғанстаннан қырғыздың оңстүтігіне тасымалданып жатқан анашаның жолын кесуде, ондағы есірткі мафиясымен күресте жергілікті құқыққұрылымымен тізе қосуда, лаңкестік топтардың іс-қимылының алдын алуда ҰҚШҰ Қырғыз еліне үлкен қолдау көрсетті. Кейіннен мамандар ҰҚШҰ Қырғыз еліне әскер кіргізбегені дұрыс болды, әйтпесе ел ішіндегі шетін мәселе одан әрі ушығып кетер еді деп пайым жасады.
Бүгінгі таңда ҰҚШҰ НАТО әскері кеткен соң Ауғанстаннан ағылуы мүмкін босқындар жайына мазалы. Сондықтан таяуда Мәскеуде өткен ҰҚШҰ жиынында ТМД мемлекеттерінің шекара күзетін күшейтуге барынша назар аудару тапсырылды. Негізінен, ҰҚШҰ адам саудасы, лаңкестікпен күрес сынды салаларда машықтанған, бірақ ешқандай әскери операцияға қатысқан емес.
Ал енді шарттың өзіне келелік. Егер ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің біріне сырттан біреу басқыншылық жасаса, шартқа сәйкес, ол осы одаққа мүше-мемлекеттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруші боп табылады екен. Осыған сәйкес олар бір-бірімен ұжымдаса отырып, әскери іс-қимылға көшеді. Әрине, бұл арада ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттің бірінің территориясына басқыншылық жасап жатқан ешкім жоқ. Дегенмен Мәскеудің ресми ұстанымын қарастырып көрелік. Ресей Украина жеріндегі орыстілді халықтың мүддесін қорғау үшін бар күш-жігерімді түгесуге дайынмын деп отыр. Сондықтан бұл мәселе ушығып тұр. Демек, жаман айтпай, жақсы жоқ демекші, әскери қақтығыс жағдайында Ресей өзінің бас әскери одақтастарын пайдаланбай қарап отыра алмайды ғой. Таяуда ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов мұны өз сөзінде растады да. Ол өзіне БАҚ тарапынан қарша бораған осы негіздегі сауалға былай деп жауап қатқан: «Негізінен, шартқа сәйкес, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттің, мысалы Ресей Федерациясының осы ұйымның әскери-саяси потенциалын іске қосу туралы тілек білдіре алады. 4 наурызда ҰҚШҰ тұрақты кеңесінің отырысы боп өтті. Әрине, онда Украинадағы жағдай да талқыланды. Әр тарап өз қобалжысын білдірді. Өйткені Украина ҰҚШҰ-ға мүше екі мемлекетпен шектесіп жатыр. Сондықтан бұл қобалжу орынды. Бірақ Ресей аталған одақты қолқалаған жоқ, ол туралы сөз болмайды да».
Сондай-ақ ол журналистерді онсыз да шетін мәселені түртпектеп ушықтыра бермеуді сұраған. Зайнетдиновтың айтуынша, Қырымдағы жағдай бейбіт жолмен шешілуі тиіс.
Қазақстан секілді Беларусь та аталған әскери одаққа мүше. Сондықтан Беларусь әскер саласы маманының да пікірін ортаға сала отыралық.
Александр Алесин, беларустық әскери сарапшы:
– ҰҚШҰ қаулысы бойынша біз осы одаққа мүше мемлекеттерді ҰҚШҰ терриориясында ғана қорғауға міндеттіміз. Мысалы, НАТО-ға мүше елдер Ресей территориясына басқыншылық әрекетпен бас сұқса, онда қаулыға сәйкес, Белоруссия Ресейді қорғауға және қолдауға міндетті. Ал егер Ресей ҰҚШҰ жауапкершілігінен тыс әрекетке баратын болса, мысалы, Украинаға өз әскерін кіргізсе, онда Беларусь бұл шарада оны қолдамайды да, қорғамайды да. Мұндай жағдайда Ресей бүкіл жауапкершілік пен тәуекелді өз мойнына алады. Қалай дегенмен де біз инеге сабақталған жіп құсап Ресей қалаған жерден бас көрсетуге тиіс емеспіз деп санаймын.
Лукашенко да Украинаға әскерін жібереді деп ойламаймын. Өйткені, біріншіден, Лукашенко Украинаның территориялық бүтіндігін мойындайды, екіншіден, Белоруссиядағы Украина елшісі Ежель жаңа билікті мойындаған. Біз Украинаға тек бір жағдайда ғана бара аламыз — бейбіт мақсатта: БҰҰ мандатымен берілетін бітімгершілік операциясына қатысуымыз мүмкін. Ал бұл операцияның міндеті бір-біріне қарсы күштерді ажырату боп табылады.
Ресей ҰҚШҰ аясында көмек сұрай аламын деп отыр. Ал тәуелсіз ел ретінде біз басқа мемлекеттің бүтіндігіне күмән келтірмеуіміз керек. Сондықтан бұл ретте біз қиын жағдайда тұрмыз. Бұл — ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына ортақ мәселе. Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының кері келіп тұр.
Қалай дегенмен де Украинаға қатысты тартыстың екі жағындағылардың бірінші келіссөзі сәтсіз аяқталды. Ресей де, Батыс та айтқандарынан қайтпай отыр. Енді келіссөздің екінші кезеңі іске қосылды. Шығыс Еуропа тарапынан бітімгерші рөлін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолына алды. Телефонмен болған өзара әңгіме барысында Германия канцлері Ангела Меркельге Нұрсұлтан Назарбаев Украина шиеленісін тек келіссөздер жолымен шешу керектігін айтты. Сөйтіп Елбасы Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін өзара ымырадағы шешімді әзірлеуге Қазақстанның дайын екендігін жеткізді. Ал АҚШ президенті Барак Обама Елбасымен телефон арқылы сөйлесуде Қазақстан билігін Украинаны дағдарыстық жағдайдан бейбіт жолмен шығу жолдарын қарастыруда белсенді рөл атқаруға шақырды. Осы жағынан алғанда, Нұрсұлтан Назарбаев күрмеуі қиын жағдайдан бітімгершілік рөлді атқару арқылы өзіне де, өзгеге де тиімсіз әскери қақтығысты болдырмас үшін осы істе жеңіс туын алып шығуды көздеген секілді. Саясаттанушы Уәлихан Төлешов Елбасының бейбітішілік үшін арағайындық етуі дұрыс деп санайды.
– Біреу қызбалыққа салынып жатса, оны сабырға шақыру қазаққа тән қасиет. Біз сабырға шақырып, тараптарды ымыраласуын қолдаймыз. Одан арыға бара алмаймыз. Қазір барлық тарапқа осы істің ымырамен аяқталғаны керек. Осындай шешуші рөлді Назарбаевтың қолға алғаны, бір жағынан ұтымды, бір жағынан, әрине қиындау, –дейді саясаттанушы. Ал ҰҚШҰ қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа ғана арналғанын ескерткен саясаттанушы бұл ретте Ресей осы одақтағы елдерден көмек сұрамайды деп санайды. «Бұл – Ресейдің жеке-дара мәселесі. Оны өзі шешуі тиіс. Халықаралық заң нормаларын сақтаймын десе, тіптен жақсы. Ал оны бұзып жатса, басқалар Кремльдің мұндай саясатын қолдамайтындығын олар жақсы түсінеді. Сол секілді ҰҚШҰ Қырғызстан көмек сұрағанда да оған бармады. Өйткені бұл Қырғыз елінің ішкі мәселесі болатын. Бұл жолғы да Ресей мен Украинаның жеке мәселесі. Сондықтан оған ҰҚШҰ елдерінің араласуына болмайды. Ресей ҰҚШҰ-ның болашағын ойласа, бүгіннен оның тамырына балта шаппайды, яғни халықаралық талаптарды бұзатын лаңға араластырса, ертең бұл одақтан Ресей ешкімді таппай қалады», – дейді маман.
Нұртай Мұстафаев, саясаттанушы:
– ҰҚШҰ-ны НАТО-мен еш салыстыруға болмайды. 2008 жылдың тамызындағы жағдайды мысалға алалық. Оңтүстік Осетияға Ресей әскер кіргізді. Ол кезде аталған одаққа мүше мемлекеттің бірде бірі Оңтүстік Осетиянының да, сол секілді Абхазияның да тәуелсіздігін мойындаған емес.Приднестровьяның Молдавадан алшақтауында да, сол секілді Қырымның Ресейге қосылуы ықтимал процесінде де осы одаққа мүше мемлекеттер алдыңғы позициясын ұстанады деп санаймын.
Еске сала кетелік, 1992 жылы қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ҰҚШҰ құрамынан оған мүше-мемлекеттердің өз еркімен кез келген уақытта шығуына құқық береді.
Автор: Кәмшат Сатиева
http://alashainasy.kz/