Өзге ел жоқ батырынан Жумонг, жоқ тарихынан «Құйынды мекен» сынды фильм жасап жатса, біздегілер көк қағаздың соңында кеңдігімізді кемсітіп, бар дүниені барынша батпаққа батырумен келеді.
«Shine production» продюсерлік орталығының «Абайлаңыз, сиыр!» деген жаңа комедиясы 6 наурызда көрерменге жол тартқаны белгілі. Режиссер Асқар Ұзабаев түсірген фильмде басты рөлді Баян Есентаева сомдайды. Сюжетте Айгүл есімді толық қыздың сатқындық құрбанына айналып, үйінен кетіп қалуы мен табандылығының арқасында сұлуға айналуы көрсетіледі.
«Бір көруге тұратын фильм» деген соң, көріп қайтқан болдық. Дұрысы, бір көруге ғана жарамды фильм бо-лып шықты. Бірде-бір продюсерге «Сіз неге шетелдік фильмдерді көшіруге қаражат саласыз? Сонда тың идеяның таусылғаны ма?» дегенімізде, «Мен сол шетелдік өнімдерге қазақша бояу беремін ғой» деп ақталған еді. «Дурнушка Бетти» мен «Толстушка» сынды фильмдерге «қазақша бояу» берілген бұл туындының кемшін тұстарын көрмеу, көрген соң айтпай қалу мүмкін болмады. Қай жанрда қандай фильм түсіремін десе де – режиссердің еркі. Десек те ұлттық құндылық, қазақы көрініс, біздегі менталитетті мұқатуды доғарса. Бірақ бұл қателік қазақ режиссерлері үшін қалыпты жағдайға енгенге ұқсайды.
Өзге ел жоқ батырынан Жумонг, жоқ тарихынан «Құйынды мекен» сынды фильм жасап жатса, біздегілер көк қағаздың соңында кеңдігімізді кемсітіп, бар дүниені барынша батпаққа батырумен келеді. Әрине, кинода көрсетілген жайт қоғамда бар шығар. Сол жағдайды проблема ретінде әсте лилота, гиперболасын пайдаланып, әсірелеп берген де болар. Өте дұрыс құбылыс. Мәселен, ауыл атынан депутаттық сайлауға түсетін Марлен (Азамат Сатыбалды) және Айгүл (Баян Есентаева) есімді екі кандидаттың бәсекесі, сол дөкейлерге ауыл әкімінің жағынуы, бәсеке барысындағы әділетсіздік, парақорлық, сайлауға түсушілердің халықты арбауы және соған сеніп отырған ауыл тұрғындарының көрінісі өте жоғары деңгейде болмаса да, әйтеуір берілген. Сондай-ақ Айгүлдің депутаттық мандатқа жетуде қазақ тілінің қаншалықты маңызды екенін түсініп, соны мойындауы және қазақ әйелдерінің құқығын қорғамақшы болып, ерлеріне қарсы айдап салғанымен, нәтижесінің болмауы да ұтымды шыққан.
Десек те аңқау халықты әңгүдік жасап, әкімнің үйде қазақы шапанды киіп жүруі арқылы ұлттық киімді кемсітіп, әйелін баспен ұрып құлатуы арқылы біздегі менталитетті, қазақ ерлі-зайыптыларының қарым-қатынасын көрсетіп, біздегі проблеманы көтермей-ақ қойғаны абзал еді. «Адамына қарай заманы» десек, қазіргі уақыт көрермендерінің талғамына сай фильмді заманауи стильде түсіріп, сол туындыда жұрт жадына жаттату үшін, ұлт есінен шыққан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту үшін қазақы құбылысты көрсету өте орынды. Мәселен, америкалық фильмдер өз жалауын жастардың жатын бөлмесінің төріне ілу немесе жейделерінің жүрек тұсына салу арқылы патриоттық тәрбие береді. Кей киноларда америкалық екенін мақтан тұтатын жас сол керегедегі я болмаса көкірек тұсындағы жалаудың суретін сүю арқылы еліне деген махаббатын көрсетіп жатады. Сондай-ақ қазақ көрерменінің арасында сұранысқа ие кәрістің тарихи фильмдерінде «халатқа» ұқсас ұлттық киімдерін хан мен беделді уәзір, қайсар батырларына кигізу арқылы кәрістің ұлттық киімі қандай болғанын көрсетіп жатса, біздегі хан, баһадүр, одан қалды, қадірлі қонаққа құрмет көрсеткенде кигізер қазақы шапанымызды аталған фильмдегі Қайырғали әкімнің (Әбунасыр Серік) моншадан шығарда киетін «халаты» ретінде пайдалануы өрескелік болды.
Әрине, жолы жөнделмеген, ұялы байланыс желісі орнатылмаған, мал бағу мен егіншілік кәсібін әлі күнге дейін нәсіп етіп отырған бұрынғы болмыстағы қазақ ауылдары жоқ емес. Десек те қазақ жұртын соншалық кедей, мақұлық, мүсәпір ретінде көрсеткен Еркін Рақышевтың фильмдерінен кейінгісі осы болды. Асқар Ұзабаевтың ұтқан тұсы ауылдың күлуге келмейтін халін комедия жанрында беруі ғана. Жанашырлық деп осыны айт.
Сонымен қатар комедиялық фильмнің талабын орындаймыз деп кинодағы жастардың шайтан суды шамадан тыс ішіп, құсқан сәтін, Айгүлдің арбада отырған сәтіндегі жылқының «әрекетін», ауыл тұрғындары Баянды қуып жібергендегі экраннан айтылмау керек бейәдеп сөздерін, батыстың «Бритни Спирсі» киетін келте шалбарын киген ауыл серісін көрсету арқылы фильмнің мәдени деңгейінің қаншалық екенін де көр-дік. Бір сөзбен айтсақ күлдіреміз деп біраз бүлдірді.
Айта кететін жайт, Әбунасыр Серіктің комедиялық кинода жасаған образы өте сәтті шыққан. «Бауыржан-шоудан» белгілі актердің фильмдегі дәл қойылған образын көргенде «Нысана» әзіл-ысқақ театрында артистік шеберлігіне шектеу қойылып жүргендей әсер қалдырды. Кейбір ауыл әкімдерінің кейпін көркем сомдаған. Ақшаны жақсы көретін, кез келген дүниеден пайда көріп қалуды шеберлік санайтын, жағымпаздық пен екіжүзділігі қатар келетін әкімдерге жақсы жауап болды. Егер фильмнің комедиялық жанр екенін ескерсек, қойылған талапты толық орындаған жалғыз актер Әбунасыр Серік болды.
Кезінде Эльдар Рязанов институтқа түскенде жетекшісі Григорий Козинцев болған екен. Рязанов «Қызыл алаң» деген шағын қойылым қояды. Сонда жетекшісі «Бір кездері «Қызыл алаң» деген жақсы роман жазылған еді. Одан соң МХАТ-та осы аттас қойылым қойылды. Сосын «Қызыл алаң» деген әтір шығарылды. Сенікі сол әтір болды ғой» депті. Жалпы алғанда, «Абайлаңыз, сиыр!» туындысы сол «әтір» тектес фильмдердің қатарын көбейткені өкінішті. Елімізде комедия жанрындағы кинолар жоқтың қасы десек, бұл салада тер төгіліп, біраз еңбек етілуі керек-ті. Десек те, ауыл болмысын, тұрғындар табиғатын, қазақы қалып-ты киноға негізгі сюжет етіп аларда біраз ойлану қажет. Кәріс режиссері Кан И СО бір сұхбатында: «Мен елімнің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрі тіпті аспаптарына арнап түсірілетін фильмдерге аса ұқыптылықпен қараймын» деп жазады. Бізге де «ҚАЗАҚ» сөзімен қатар келетін ұғымдарды кинода бейнелеуде аса абай болу керек шығар. «Абайлаңыз, сиыр!» фильмінде «Аққайнар» ауылының болмысы дәл кинода көрсетілгендей ме екен?! Әлде бұл Есентаева-Ұзабаевтың танымы мен қиялындағы ауыл көрінісі ме?! Не десек те түсірілім тобы келесі туындыда фильмнің тақырыбы емес, мазмұнында абайлауы керек болар.
Асыл ТҰМАР
http://www.aikyn.kz/articles/view/44538