АЛТЫНОРДА
Новости

Батыстың санкциясынан Ресей экономикасы қаншалықты зардап шегеді?

politikus.ruӨткен жұмада АҚШ санкцияға ілінетін ресейлік тұлғалар тізімін кеңейтті. Оның ішінде олигарх Юрий Ковальчукпен бірге, оған тиесілі «Ресей» банкі де үлкен шектеуге бой ұрды. АҚШ-тың бұл қылғанына Путин мысқылмен жауап қатты. Ол дүйсенбі күні әлгі банктен өз атына шот аштырды. Алайда мамандар Ресей басшысының бұл іс-қимылы қаржылық санкцияның шын зардабын бүркемелегісі келгендігін білдіреді деседі. Әйтпесе бүгіндері Ресей экономикасының жағдайы мәз емес. Мамандар пайымынша, экономикалық қыспақ доғарылмаса, бір жыл мерзім ішінде ол халықтың шындап шымбайына бата бастайды…

Жұмадағы Ресейдің қауіпсіздік кеңесі отырысында Владимир Путин: «Қаржылық ұйымға келетін болсақ, ол орташа банк. Менің онда жеке шотым жоқ екен, бірақ дүйсенбі күні міндетті түрде одан шот ашамын» деп АҚШ-тың кезекті санкциясына қатысты пікірінде қалжың аралас мәлімдеме жасаған еді. Айтқанындай Ресей басшысы дүйсенбі күні аталған банктен ай сайынғы жалақысы аударылып тұратын жеке шот ашты. РФ президент әкімшілігінің басшысы Сергей Иванов пен Шешен Республикасының президенті Рамзан Қадыров та аталған банк қызметін тұтынатындарын мәлімдеді. Осылайша қанша жерден шектеу енгізсең де ол бізге әсер етпейді дегенді білдіргісі келген ресейлік жоғары лауазымды тұлғалар барша жұртқа АҚШ санкциясы таяқты шошаңдатудан басқа дәнеме емес дегенді айтқысы келгендей. Бірақ бұл санкция Ресейдің онсыз да қалт-құлт етіп тұрған халықаралық рейтингісін күрт төмендетіп, қор нарығындағы бағаларды тағы да құлатты. Зардап көлемі алдыңғысындай болмаса-дағы, айтарлықтай залал келіп жатқаны рас.

Алдында наурыздың орта шенінде Ресей Украинаға әскер енгізу туралы шешім қабылдағанда қор нарығындағы баға 11 пайызға кері кетіп, ондағы 72 миллиард доллардың капиталы бір сәтте сыртқа ағылған еді.

Путин күлкісі ақтала ма?

Осы жолы қор нарығында ресейлік акциялар жеңілдетілген бағалармен ұсынылып жатыр. Ал бұл өз кезегінде Батыс санкцияны күшейтпесе әлсіретпейтіндігін танытады. Өйткені Еуропаның санкция бойынша қатты кетуіне жол бермей отырған да осы қолдағы ресейлік акциялар боп тұр емес пе?..

«Норд-Капитал» инвестициялық компаниясының аға сарапшысы Роман Ткачуктың айтуынша, қор нарығындағы бағаның құлауы АҚШ пен Еуропалық одақтың санкция салатын тізімді кеңейтуге байланысты мәлімдемесінен орын алған. Әзірге, Еуропалық одақ бұл тізімді жарияламай отыр екен. Ал АҚШ санкциясы бұл жолы Ресей басшысына жақын тұлғаларды да қамтыған: Юрий Ковальчук, ағайынды Аркадий мен Борис Ротенбергтер, Геннадий Тимченко.

Бұл арада ағайынды Аркадий мен Борис Ротенбергтердің бақылауындағы банкке қатысты санкция екі күннен соң күшін жойыпты. Бірақ ол америкалық төлем жүйесі Ресейге қызмет көрсетуден бас тарта алатынын байқатқан. Ал банкке салынған санкция күші неге жойылды, оның себебі әлі анықталмаған. Сол секілді дәл қазір Геннадий Тимченко жағасынан алып бара жатқан жау жоқ. Өйткені АҚШ санкция әзірлеп жатыр деген мәліметті ести салысымен ол әлемдегі ірі әрі тәуелсіз шикізат тасымалдаушы Gunvor компаниясындағы – өзіне тиесілі 44 пайыз акцияны сатып үлгерген. Бұл өз кезегінде ресейлік қор нарығындағы қиын ахуалға ықпал еткен. Сонда әзірге назарға ілігіп тұрғаны бір банк – «Ресей».

Қалай дегенмен де ел арасына лезде тараған «ресейлік банктерге санкция салынып жатыр» деген дабыл ақпарат халықты үлкен дүрмекке бой ұрдырған. Жұрт топырлап шоттарынан, депозиттерінен жинағын әкете бастаған. Әзірге бұл дүрмектен Ресейдің банк секторына қанша зардап келгені туралы цифр жоқ. Нақтысы залал болғаны рас.

Негізінен, 10 млрд доллар активі бар «Ресей» мұндағы ірі банктер тізімінде 17-ші боп тұр. Ол АҚШ-тың, Батыстың және басқа да елдердің банктерімен көптеген корреспонденттік шот бойынша қарым-қатынас ұстайды. Аталған банк шамамен 24 мың коропоративтік және 470 мың жеке тұтынушыға қызмет көрсетеді. Олардың арасында РТЖ, Ресей поштасы, Сургутнефтегаз, Росгосстрах, МТС, Вымпелком, РЕСО-гарантия және басқа да ықпалды компаниялар бар. Демек, банк арқылы АҚШ Ресейдің ірі компанияларының жұмысына да кедергі келтіруді көздейді. Путиннің мұнан шот аштырып, банкті кез келген жағдайда қолдап-қорғаймын деп шапқылап жүруінің мәнісі де ақшалылардың қолдауынан айырылмайын деуі болса керек. Дегенмен оның бұл бергі жағы ғана, әйтпесе Путин кәсіпкерлерін де, басқасын да аяйын деп тұрған жоқ, оның Украинаға қатысты қыспақты күшейтуі соның дәлелі.

Ресей экономикасы осы жылы стагнациядан рецессияға өтуі мүмкін

Бүгіндері Ресейдің жалпы ішкі өнім көрсеткіші керіге кеткен. 2014 жылдың алғашқы айында ол минус 1,5 пайызды құраған. Инфляция күшейіп тұр. Рубль бағамын қолдан ұстап тұруға Орталықтан банктен 12 миллиард доллар жұмсалған. Болашақ болжамдар да көз қуантарлық емес. Ресейден инвесторлар кеткендіктен, мұнда мемлекеттің қолдауына ғана арқа сүйеуден басқа амал қалмай тұр. Жекеменшік түгендей шығынға бата бастаған. Өйткені Ресейдің басқа елдермен сауда-саттық, басқа да байланыстары әлсіреп барады. Мұнда енді рубльді жасанды қолдауды доғару туралы да айтылып жатыр. Ол ол ма, ресейлік мамандар Украинада азаматтық соғыс орын алса, не істеу керектігін де болжап көруде екен.

«Егер әскери қақтығысқа барсақ, онда Орталық банктен экономиканы қолдау үшін миллиардтап ақша шығаруды кілт доғару керек. Оның не қажеті бар? Соғыс болса, онсыз да түгіміз қалмайды. Экономикалық тұрғыда талқандаламыз. Ал соғыс жағдайындамыз десек, онда биржаны жабуды ойлау керек, депозиттерді заңды тұрғыда бұзбауға шектеу қою қажет, экспорт келісімшарттары төлеміне мораторий жариялауымыз тиіс, орталық банк алтын сатып алуды жалғастыруы керек, ондағы қомақты қаражатты ешкімнің тырнағы батпайтын шет мемлекетке апару қажет, өйткені ондайда Орталық банктің барлық шоты жабылады» деп мәлімдеген Экономикалық жоғары мектептің макроэкономикалық зерттеулер бойынша директоры Сергей Алексашенко осы мекемедегі жуырдағы дөңгелек үстелде.

Елдің шын экономикалық ахуалын бір білсе осы біледі деген кісінің бірі – Ресейдің бұрынғы премьер-министрі Михаил Касьянов. Ол: «мұнда жекеменшікке деген сыйластық онсыз да болған емес, енді оның түп-тамырына балта шабылатын шығар, айналып келгенде, алып еліміз гүрс етпесе екен деп Құдайдан тілейміз» деген өзінің жуырдағы бір сұхбатында. Сондай-ақ Касьянов: «Өнеркәсіп өндірісі жарты жыл болды өсім берген жоқ, қаңтардағы мәліметтер бойынша жалпы ішкі өнім керіге кете бастаған. Бұл жәй демігу емес, ел экономикасы құлдырап барады, бюджет тапшылығына жетіп қалдық. Үкімет жинаған қаржы қоры тапшылықты жоюға жұмсалады, әсіресе зейнетақы қорындағы. Меніңше, осы жыл барысында-ақ Ресей экономикасы қиын жағдайға толықтай құрсауланады. Ірі капиталдар сыртқа ағылып жатыр, рубль құнсызданды әрі бұл процесс жалғаса береді. Валюталық қорымыз жылдам азаяды. Өйткені экономиканың барлық секторы мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Мәскеуден бастап, барлық ірі қала импорттың арқасында күн көріп отыр. Азық-түлік, дәрі-дәрмектің көбісі импорт боп табылады. Импорт қымбаттайды, кейбір салалардан импорт жоғалады. Бастапқыда мемлекет нарықтағы жағдайды жасанды жолмен бақылап, реттеуге тырысады. Бірақ ел қазынасындағы ақша бәріне бірдей жетпейді. Ондағы ақшаға жемқорлар әлдеқашан ауыз салып қойған. Айналып келгенде, әлеуметтік шиеленіс бұрқ ете түседі. Ал халық мұндайға шыдаймын десе, онда қатты қиыншылықты бастан өткереді» деген осы жылғы Ресей экономикасына қатысты берген болжамында.

Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин де бүгіндері елдің қиын жағдайда екендігін мойындаған. Оның бағамынша, 2000 жылдардан бергі қарайғы «ең нашар жыл» 2014 болмақ. «Экономиканың ескі моделінің потенциалы түгесілді, ал жаңасы әлі іске кіріскен жоқ» деп ол жергілікті баспасөзге берген сұхбатында тағы бір мәселенің ұшын қылтитқан. Осы жағынан алғанда, Ресей екі қолын Қазақстан мен Беларусқа созып, бір одақтың қолдап-қолпаштауымен ең қиын сәттен өтіп кетуді ойлайтын секілді.

Ресейге салынған санкция Иранға қолданылғаннан еш айырмасы жоқ

Мамандардың пайымдауынша, Батыстың Ресейге қарсы санкциясы «Иран сценариі» бойынша жүзеге асырылып жатыр. Себебі аталған екі мемлекеттің экономикасы дамыған мемлекеттерге тасымалданатын шикізат табысына байланған.

Егер Иран сценариін алатын болсақ, онда санкция Ресейдің соңғы он жылда  қаржы және несие-ақша саясатында қол жеткізген жетістіктерін түбегейлі жояды деп жазады Bloomberg өз ақпарат көзіне сілтеме жасауда.

АҚШ санкциясы саяси-әскери тұрпатта болуы ықтимал. Одан Ресей онша үркіп отырған жоқ. Ал Еуропалық одақ әзірлеп жатқан санкциядан жасқануға болады. Өйткені олар Ресейдің ірі стратегиялық сыртқы сауда-саттық әріптесі боп табылады. Еуропалық одақтан тартылған тікелей инвестиция Ресейдегі шетелдік инвестициялардың 83 пайызын қамтиды. Бұл бүтін дерлік РФ экономикасы деген сөз.

Иран өзіне қолданылған санкцияға қарсы тұруға барынша тырысты. Алайда Иран бюджетіне мұнайдан түсетін табыс 50 пайызға қысқарды, жұмыссыздық көбейді, ұлттық валюта екі есеге құнсызданды. Ақыры экономикалық ахуал тығырыққа тірелгенде Тегеран Батыстың айтқанын істеуге мәжбүр болды. «Қазір тура сондай жағдай Ресейде де қайталанып жатыр. Рубль құнсызданды, оның бағамын жасанды жолмен ұстау үшін Орталық банктен қомақты қаражат шығып жатыр, бірақ қашанға дейін дейсіз? Еуропалық одақ Ресей газының 30 пайызын, мұнайының 50 пайызын тұтынады. Егер Еуропалық одақ Ресеймен сауда-саттық жасауды доғарып, инвестиция жасауды шектесе, ресейлік активтерді тоқтатса, онда ресми Мәскеу Тегеран секілді траекториямен шыңырауға құлдырап, шегінуге мәжбүр болуы мүмкін» деп жазады «Экономический правда» газетінде украин сарапшысы Галина Заворотна.

Соңғы тағы бір ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, бүгіндері санкция салынған шенеуніктер мен бизнесмендер Путинді Қырымға қатысты саясатын жұмсартуға көндіруге тырысып жатқан көрінеді.

Автор: Кәмшат Сатиева

 

http://alashainasy.kz/politics/49904/