АЛТЫНОРДА
Новости

МҰНАЙДЫҢ БАҒАСЫ – ҚАЛАЙ БОЛАР ЕКЕН, АҒАСЫ!

нефтьРесейдің арынын ауыздықтап, кері қайтару үшін Америка «қара алтынның» құнын 90 долларға дейін құлдыратпақ ниетте көрінеді (қазіргі кезде оның әр бөшке-баррелі 110 долларға дейін пұлданады)

Бұл сценарий бойынша АҚШ өз жеріндегі резервте тұрған миллиондаған тонна мұнайды әлемдік нарыққа лық «төгеді» де, осы тауарды күрт құнсыздандырады. Штаттар дәл осылайша, 80-жылдары Кеңес Одағын тізерлетіп кеткен болатын. Кеше «Үкімет сағаты» аясында Парламентке есеп беруге келген Мұнай және газ министрін сұрақтың астына алған Мәжіліс депутаттары осындай санкция алда жүзеге асырылса, оған Қазақстанның қаншалықты дайындығын білуге тырысты.

– Бұл жерде бірқатар мәселелер Сыртқы істер министрлігіне қойылуға тиіс, – деді қалаулыларға Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қараба­лин. – Бірақ біз де алда не болатынын күтіп, арқаны кеңге салып, құр қарап отыра алмаймыз. Шынымызды айтсақ, осы мәселеге біздің әрбір маман және тұтастай меморган бас қатыруда. Біз әзірге санкциялардың қандай болатынын нақты білмейміз. Дегенмен бұл ретте негізінен, экс­портқа қа­тысты мәселе бізге қиындық әкелмек.

Министрдің түсіндіруінше, АҚШ пен Еуропа бірігіп, ресейлік мұнай мен газдың экспортын шектеуі мүмкін. Ал қазақ мұнайы мен газы, негізінен, ресейлік тұрба-құбырлармен және РФ аумағы арқылы бүкіл әлемге тарайды.

«Егер біздің экспорттың мүмкіндіктері бұл бағытта шектелсе, онда Қазақстанның экспорттық жеткізілімдері азаяды. Сон­дық­тан ол жағдайда басқа бағыттар бойынша жеткізілімдер көлемін арттыру туралы ойлас­тыруға тура келмек. Біз бүгінде әртүрлі нұсқа-варианттарды қарастырудамыз. Атап айтқанда, Каспий бағыты күшейтіледі: осы теңіз арқылы Әзірбайжан мен Грузияға шығып, ары қарай Қара теңізге жеткізе аламыз. Оның үстіне Грузияда қазақстандық Батуми айлағы бар, оның әлеуеті мен мүмкіндіктерін пайдаланып, біздің Ақтау айлағы әлемдік нарыққа 12 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдай алады» деді министр.

Мұның сыртында ресми Астана Батыс­тың Иранмен арадағы қарым-қатынас­тарында «жылымық кезеңінің» басталған­дығына үмітпен қарап отыр: «Егер Иранға қойылған бұрынғы санкциялар алда алы­нып тасталса, онда бізде бұрыннан пысық­талған экспорт жолы ашылады: біз кезінде Ақтаудан мұнайды Нека айлағына дейін таситынбыз. Бұл біз үшін жақсы бағыт. Өз тұсында біздің танкерлер ресейліктермен бәсекеге түсіп, ирандық сол айлақта рейдте тұратын. Өйткені қатаң талаптар енгізіл­генге дейін ол тиімді болды. Біз келешекте қайтадан сонда жұмыс жасай ала аламыз» деді Ұзақбай Сүлейменұлы.

Бұған қоса, Қазақстан «аспанасты елі­не» сататын «қара алтыны» мен «көгілдір отынының» көлемін еселеп арттыра беретін болады. «Өткен жылы Қытайға бағыт алған мұнай тұрба-құбырының «Атасу – Ала­ша­нькоу» теліміндегі қуаттылығы 20 миллион тоннаға дейін кеңейді. Алайда Атырау және басқа батыс өңірлерімізден баратын құбыр­лардың қуаттылығы әзірге сонша үлкен емес. Мәселен, Кеңқияқ пен Құмкөл ара­сын­дағы құбырдың көлемі 12 миллион тон­на болғанымен, ары қарайғы қуаттылығы тек 3,6 миллион тонна ғана» деген Мұнай және газ министрі өздерінің «Қазақстан – Қытай» магистралінің барлық учаскелерін 2 жыл бойы ұлғайтуды көздейтін бағдарла­маны қолға алғандарын мәлімдеді.

Осы орайда тағы бір қызықты мәлімет жария болды. Жақында Мәжіліс қазақ-өзбек арасындағы «Стратегиялық әріптестік туралы» келісімді ратификациялады. Бұған дейін болған «Мәңгілік достық туралы» келісімнен бір айырмашылығы, жаңа құ­жатқа мұнай саласындағы ынтымақтастық туралы арнайы бап еніп отыр. Ал кеше қазақстандық «бас мұнайшы» Өзбекстан­ның Қазақ елінен көп көлемде «қара алтын» сатып алмақ ойы барлығын аңғартты: «Біздің білетініміздей, оңтүстік бағытта Өзбекстан мен Түрікменстан мұнайды қа­жетсінуде, осының жайын да пысықтауымыз керек. Соның ішінде олар дайын жанар-жағармай өнімдерін де алуға құлықты».

Бір ғажабы, егер АҚШ пен Еуропа Ресейге қарсы энергетикалық санкция­ла­рын үдетсе, одан қазақстандық автомо­би­листер ұтуы ықтимал: бұл бензин бағасының төмендеуіне ықпал етері сөзсіз. Қазақ­станның Мұнай және газ министрлігіне тағы бір сценарийдің салдарларын пы­сықтау тапсырылыпты: Батыстың алып нарығына шығу жолы кесілген ресейлік мұнай мен мұнай өнімдері еш амал таппай, айналып келіп, біздің нарыққа лап қоюы мүмкін. «Бұл бір жағынан – жақсы. Біз өзімізді жанар-жағармаймен толық қамта­масыз етеміз. Бірақ басқа жағынан, ішкі нарықтың анағұрлым арзан мұнай өнімде­ріне толуы кесірінен, біздің мұнай өңдеу зауыт­тары жұмысын тоқтатуы мүмкін. Қа­лай болғанда, Үкіметтің, біздің минис­трліктің қабырғасында әртүрлі сценарий нұсқалары пысықталуда» деді Ұ.Қарабалин.

Бұған дейін қазақ мұнайы, негізінен, (70 пайыздайы) оффшорларға сатылатын. Мұнай өндіруші алпауыт компаниялар осылай салықтан жалтаратын. Енді жағдай өзгере бастағанға ұқсайды. «Қазақстан әлемнің 30 еліне мұнай жөнелтеді, – деді министр Ұзақбай Қарабалин. – 2013 жылғы мәліметтер бойынша экспорттың ең көп көлемі Италияға (27 пайыз), Қытайға (17 пайыз), Нидерландыға (13 пайыз), Францияға (9 пайыз), Австрияға (7 пайыз) жіберілді».

Осы орайда депутат Асқар Базарбаев «Қазақ жерінен өндірілетін мұнайдың жалпы көлеміндегі Қазақстанның үлесі қанша?» деп сұрақты төтесінен қойды.

– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудегі Қазақстанның үлесі 36 пайызды құрады, – деп хабарлады Мұнай және газ министрі. – АҚШ ком­пания­ларының үлесі – 25 пайыз, Қытайдікі – 23 пайыз, Ресейдікі – 6 пайыз болды. Басқа елдердің де еншісі бар, бірақ аз.

Оның дерегінше, былтыр отандық осы салаға 10 миллиард доллардай инвестиция құйылыпты: «Оның ішінде ең үлкен инвестицияны Америка мен Қытай және Еуропа елдері салды».

Жиында мұнай саласындағы саясатқа көңілдері толмайтынын ашық білдірген қалаулылар болды. Мысалы, өткен жылы-ақ үлкен кіріс әкеле бастайды деген «Қа­шаған» жобасы әлі іске қосылмай тұр. Ал оны игеруші халықаралық консор­циумның Қазақстанға артқан шығындарының көлемі ондаған миллиард долларға өсуде. Осыған орай депутат Омархан Өксікбаев тіпті «контрактіні бұзсақ қайтеді?!» деген ұсыныс тастады.

– Қашаған жобасы 2008 жылы жұмысын бастауы керек еді, – деді Омархан Нұр­тай­ұлы. – Әу баста 10 миллиард доллар тұрған жоба енді 200 миллиардтан да асатын көрінеді. Олар өз сөзінде тұрмады, шартта көрсетілгенді орындамады. Біз қашанғы солардың алдында еңкейіп, қойған талап­тарына көне береміз! Біз неге өз мүддемізді қорғамаймыз? Сол контрактіні бұзсақ қайтеді? Бізде де намыс бар шығар?

Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин тексерулер нәтижесінде бүгінде «Қашаған» жобасындағы шетелдіктер (Шелл, Тоталь, ЭксонМобил, Инпекс, СНПС) алдына «1 миллиард 200 миллион доллардың» дұрыс жұмсалмағандығы туралы мәселе қойып отырғандарын жеткізді. «Қазір консуль­танттар жалдап, екі жақ осы бойынша жұмыс жасауда. Екіншіден, «Қашағанның» жұмысының жарты жылға тоқтатылуына байланысты өз тарапымыздан техникалық-экономикалық тергеу жүргізудеміз. Ол инспекцияны шетелдік білікті екі компания жасауда. Олар қандай технологиялардың қолданылғанын, қандай құбырлардың сатып алынғанын тексереді. Мамыр соңын­да аяқталады деп күтілуде» деген министр осы жұмыстың қорытындысы бойынша жеке айыппұл салынатындығын хабарлады.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz