Бүгін Астанада наразылық акциясына шыққан 15 ата-ана мен 12 баланы полиция жасағы ұстап әкетті. Олар Қазақстан Бас прокуратурасы ғимараты маңындағы жолды жаппақ болып, жер телімдерінің
мемлекет иелігіне өтіуіне және үйлерінің сүрілуіне қарсылық білдірді. Соңғы уақытта бесіктен белі жықпаған сәбилерді саяси һәм әлеуметтік проблемаларға араластыру белең алып барады. Естеріңізде болса, 6 наурыз күні бір топ ата-ана 33 оқушының қатысуымен наразылық шарасын ұйымдастырған еді. Мұндай акциялардың соңы неге апарады? «Алаш айнасы» ой түйіп көрген еді.
Сәбидің бәрі бақытты болуға жаралған. Бірақ, әлеуметтік араздық салдарынан сол бақытқа ғана лайықты балаларымызды көшеге шығып, наразылығын білдіретін болып алды. Бұл мәселеге біздің құзіретті органдар тек заңи тұрғыда қарап, рұқсат етілмеген акция деп, ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартады. Одан ары кетсе, істі әкімшілік кодекстің 111-бабы («Кәмелетке толмаған адамды әкімшілік құқық бұзуға кірістіру») бойынша әкімшілік сотқа жібереді. Енді өзіңіз ойлаңыз, бес қаруы сай құқық қорғаушылардың балаларды күшпен автобусқа басуы, жылаған сәбилердің шырылы ескерусіз қалып кетеді. Мысалы, полицейлердің күшпен таратуы сәбилердің мәңгілік жүрегінде сақталып қалмай ма? Олар ғұмыр бойы қорқынышпен өмір сүрмесіне кім кепіл? Болашақта бұл балалардың Отанына деген сүйіспеншілігі қандай болмақ?
Гүлшат Нұрымбетова, саясаттанушы:
– Бұқара мұндай қадамға шарасыздықтан баратыны белгілі. Себебі, ол ата-аналар қандай да бір қақтығыс болып қалса, балаларының зардап шегетінін жақсы біледі. Оны былай қойып, балалардың санасында мәңгілікке қорқыныш сезімі ұялап қалуы мүмкін. Ата-ананың наразылығы дұрыс аяқталып, бар проблема оң шешілсе, жақсы. Ал, дұрыс шешілмей жатса, сәбилер бәрін көзімен көргендіктен күйзеліске түседі. Ең қиыны сол, полицейлер оларға бала ретінде қарамайды. Яғни, балалар құқығы тұрғысынан назар салсақ, ата-аналардың бұл қадамы дұрыс емес. Адами көзқараспен қарасақ, ата-ана жеңіске жету үшін барлық шараға бара алады.
Заңгерлер наразылық білдірген балаларды күштеп әкетуді заңсыз деп санайды. Сондай-ақ, Ата-Заңымызда кәмелетке толмаған балаларды өз мәселесін шешуге аралыстырған ата-ананың ісіне де қатысты жаза қарастырылған көрінеді. Саясаттанушы Дәурен Бабамұрат «АҚШ»-тың балалардың құқығын қорғау жөніндегі заңдарына қызығатынын айта келіп: «Дамыған елдерде баласының көңіл күйінің түскені үшін заң алдында ата-ана жауапты. Олар әр баланы жеке тұлға ретінде қарастырады» дейді.
Дәурен Бабамұрат, республикалық «Болашақ» жастар қозғалысының лидері:
– Мұндай саяси наразылық акцияларына балаларды қатыстыру дұрыс емес. Жалпы, барлық проблеманың дұрыс-бұрысын сот қана анықтайды. Бізде көптеген ата-аналар балаларын жеке меншігі секілді деп санайды. Қазір жекелеген проблема үшін баланың құқығын аяққа таптап, ұрып-соғу фактілері көп кездеседі. Мәселен, бүгінгі жағдайды алыңыз. Баспанадан айрылған жұрт баласын алдыға салып, өздері солар арқылы қорғанбақ. Бұл жерде соттың шешімін көрмеген соң, кімдікі дұрыс, кімдікі дұрыс емес екенін білмеймін. Бірақ, бәрібір қандай жағдай болмасын балаңды қалқан қылып, артына тығылуға ешкімнің хақысы жоқ. Бұл біздің психологиямызға сіңіп кетсе, арты жақсылыққа апармайды. Мысалы, Шымкенттің Созақ ауданында «әйелім кетіп қалды» деп баласын өлтіріп тастаған оқиғалар болды. Дәл сол сияқты «үйсіз қалдым» балаларды отқа итеруге хақымыз бар ма? Елімізде ана мен баланың құқығын қорғайтын қаншама қоғамдық ұйымдар бар. Олар неге осы мәселемен неге айналыспайды. Біз ертеңгі болашағымыздың құқығын қорғай алмай отырмыз. Өкініштісі – осы.
«Алаш айнасының» түйіні
«Шал өлгенше, бала өлсін» деп майданда өз басымызды бәйгеге тігетін қазақ едік. Қарлығаш екеш, қарлығаштың өзі балапандарын сақтап қалу үшін Айдаһармен айқаспай ма? Ал, біз ше? Шарасыз ата-аналарды кінәлаудан аулақпыз. Бірақ, біздің заң орындары мен әке-шешелеріміз балаларды аямайтын болып барады. Бұл сәбилер – елдің ертеңі, ұлттың келешегі. Сол келешекті төңкерісшіл етіп тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? Күшігінен таланған бөлтірік, арлан болғанда күніміз не болмақ? Бізді қинайтыны осы.
Автор: Қанат Бірлікұлы