Биыл 11-рет өткізілгелі отырған Ұлттық бірыңғай тест форматының бұрынғы жылдары өткізілген тестілеуден айырмашылығы жоқ.
Тестілеу орындарын оңтайландыру мақсатында және тестілеу кезінде неғұрлым сапалы жағдай жасау үшін келесі ҰБТӨП-тердің орналасу орындарына өзгерістер енгізілді: Ақтөбе облысында: Ырғыз а. №1 Қазақ орта мектебі, Ақтөбе қаласының №8 орта мектебі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университеті, Шығыс Қазақстан облысында: Семей қ. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен Көкпекті ауданы Көкпекті орта мектебі.
«ҰБТӨП» деректер базасындағы мәліметтер негізінде ҰБТ өткізу кезінде пайдалану жоспарланған аудиториялар саны – 1585. Ағымдағы жылғы мектеп бітірушілер саны – 133226 адам, оның 84942-і қазақ тілінде мектеп бітіретіндер, 42095-і – орыс тілінде мектеп бітіретіндер және 6189 бітіруші өзбек, ұйғыр және тәжік тілінде білім алушылар.
Бұрынғы жылдардағыдай тестілеу технологиясын бұзуға жол бермеу мәселелерін шешуге көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын байқалатындай негізгі мәселе тестілеу кезінде ұялы телефондарды жаппай қолдану болып отыр.
2014 жылғы ҰБТ-ны өткізу кезінде тыйым салынған заттарды пайдалануға жол бермеу үшін жаппай: металіздегіштерді, ұялы телефон желісін сөндіретін құралдарды, бейнебақылау камераларын қолдану жоспарланып отыр. Наурыз айының соңынан бастап ҰБТӨП-тердің аталған қондырғылармен қамтамасыз етілуі бойынша мониторинг жүргізілуде.
ҰБТ-ға мектеп бітірушілерді дайындау деңгейін көтеру және оларды тестілеу технологиясымен хабардар ету әдістерінің бірі болып ҰБТӨП-терде өткізілетін байқау сынақтары, сонымен қатар пәндер бойынша оқу-әдістемелік құралдарын пайдалану болып табылады. Көптеген ҰБТӨП-терде байқау сынақтары ҰБТ кезіндегідей жағдайларда, ҰБТ кезінде қолданылатын аудиториялық қорды пайдалану арқылы өткізіледі.
Қазіргі уақытта барлық ҰБТӨП-терде тестілеуге қатысу үшін өтініш қабылдау жүргізілуде. Бұл рәсім 2014 жылғы 10 наурыздан басталды және 25 сәуірге дейін жалғасады.
Автор: Қалдар Көмекбаев