Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында 21 ғасырда бірігіп технологиялық секіріс жасау үшін экономикалық одақ құрудың маңыздылығы туралы мәселе көтерген еді. Араға көп уақыт салмай, 28 сәуірде М. Ломоносов атындағы ММУ-дегі оқыған дәрісінде 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Еуразиялық инновациялық-технологиялық өзара іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Онда, ол, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) алдағы 15-20 жылдағы стратегиялық дамуында бүкіл Еуразиялық интеграция кеңістігіндегі ұлттық экономикалардың қарқынды инновациялық-технологиялық серпілісі үшін базалық жағдайлар қалыптастыру қажеттігін қадап айтқан еді. «Ол үшін экономикалық өсімнің нүктелерін белгілеп, неғұрлым болашағы зор бағыттар бойынша бірқатар индустриялық консорциумдар құру қажет. Мәселен, келешегі зор бағыттарға мыналар жатады: минералдық ресурстарды тереңдетіп қайтадан өңдеу, аэроғарыш, химия, машина жасау, агроөндіріс, энергетика, көлік салалары»,- деді Н. Назарбаев.
Қазіргі кезде Елбасы атап көрсеткен бағыттарда бірқатар жетістіктердің бары байқалып отыр. Мысалы, машина жасау саласында Қазақстан мен Ресейдің бірлескен өндіріс орындары құрылуда. Солардың бірі – Көкшетау қаласындағы «КАМАЗ-Инжиниринг» бірлескен кәсіпорыны. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорында электрлі-газды қозғалтқышы бар гибридтік жүк автокөлігі өндірісін жасау мен игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ-ның базасында монтаждау орталығын ашу қолға алынған. Ресей-қазақстан бірлескен кәсіпорынының тағы бір бағыты – өрт сөндіруші автокөліктердің жаңа буынының өндірісін игеру. Аталған өндіріске салынатын инвестициялардың көлемі 330 мың теңгені құрайды.
Жоғарыда айтылған жайларға тағы бір дәлел ретінде, «ҚазБелАЗ» БК ЖШС-інің базасында «БелАЗ» шахталық және карьерлік техникасын өндіруді айтуға болады. Бұл жоба Қазақстанды индустрияландыру картасына енгізілген. Жобаға үш компания: «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-і (51%), «БЕЛАЗ» ААҚ-ы (29 %), «АстанаБелАЗСЕРВИС К» ЖШС-і (20%) қатысады. Бүгінге дейін 1 автокөлік құрастырылған. Ярославль машина жасау зауытының қозғалтқышы салынған, салмағы 45 тонна жүк көтере алатын «БелАЗ 7547» карьерлік жүкті өзі аударатын көлігі сериялық шығарылымға дайын. Сонымен қатар, астық және жем-шөп жинайтын комбайндар өндірісі де қарқынды дамып келеді. «АгромашХолдинг» АҚ-ы «Гомсельмаш» зауытымен бірлесе отырып, Қостанайдағы дизельдік зауыттың базасында біраз жылдан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үлкен сұранысына ие болған астық оратын және жем-шөп жинайтын комбайндар шығаруда. Мәселен, соңғы үш жылда аталған зауыттан астық ору науқанына «КЗС-740» және «Есіл 760» маркалы 210 комбайн жіберілген.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы өзінің Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде Еуразиялық аграрлық академия құруды ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымдауынша, ондай академия ұлттық аграрлық салалардың ғылыми-практикалық әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді. Ал аграрлық сектордағы кооперация азық-түлік өнімдерінің экспортына қуатты серпін бере отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші-елдер арасында бәсекелестік туғызбауы керек. «Мәселен, Қытай бір гектардан 40-45 центнерден өнім алады. Дамыған ғылым деген осы! Біз болсақ, 15 центнер алғанымызға мәз боламыз. Біздің аграрлық секторымызда ғылым жоқ. Егер оған ғылымды апаратын болсақ, бұл біздің әлемдегі үлкен бәсекелестік артықшылығымыз және елдеріміздің өте қуатты экспорттық ұстанымы болуы мүмкін»,- деді Н. Назарбаев.
Елбасы әлемдік сарапшылардың болжамы көрсетіп отырғандай, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс қаншалықты артатынына да тоқталды. Мәселен, іс жүзінде әлемнің барлық елдерінің өзінің халқын асырауға жететіндей көлемде азық-түлік өнімдерін шығаруға қауқары жетеді. Бірақ, соңғы онжылдықтарда 54 мемлекет өз бетінше азық-түлік өндіруге қабілетті еместігі былай тұрсын, тіпті оны қажетті мөлшерде импорттауға да шамасы келмеуде. Мұндай мемлекеттердің көпшілігі Африка құрлығында орналасқан. Сонымен қатар, БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдегі азық-түлік өндірісі әр жан басына шаққанда 30 пайызға өскен. Соның ішінде, негізгі өсім аштықтан қасірет шеккен кедей елдерге тиесілі. Ондағы әр жан басына шаққандағы өсім – 38 пайыз. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы бойынша ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы үш онжылдықта адамзат баласы бұрынғыға қарағанда жеміс-жидектерді – 37 пайызға, күрішті – 63 пайызға, бидайды 148 пайызға көп өндіретін болған. Яғни, Елбасымыз атап айтқандай, әлемдік бәсекеде күшімізді біріктіргенде ғана технологиялық секіріс жасай аламыз.
Әмірлан Әлімжан.