АЛТЫНОРДА
Новости

Ресейде ҮЕҰ-ға қарсы жаңа науқан басталды

Наразылар 2013 жылы сайлауды бақылаған Мәскеудегі "Голос" ұйымы кеңсесінің алдында акция өткізіп тұр. 5 сәуір 2013 жыл.Соңғы бірер күннің ішінде Ресейдегі бірнеше үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) кеңсесінде ескертусіз тексеру жүргізілді. 

Ресей прокуратурасы елдің түрлі аймақтарында «Солдат аналары» («Солдатские матери»), «Агора», «Азаптауға қарсы комитет» («Комитет против пыток») сияқты адам құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдарды тексерген.

Мамырдың 13-і күнгі нөмірінде осы жайлы жазған «Коммерсантъ» басылымы «үкіметтік емес ұйымдарға қысым жасаудың жаңа толқыны басталды» дейді.

Ресей парламенті былтыр «шетел агенттері» туралы даулы заң қабылдағалы елдегі мыңдаған ҮЕҰ кеңсесіне рейд жүргізілген. Ол заң бойынша шетелден қаржы алатын, әрі саясатпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар «шетел агенті» ретінде арнайы тіркеуге тұруы керек.

САЯСАТТЫ СЫНАҒАНЫ ҮШІН ЖАЗАЛАУ

Соңғы рейдтер Санкт-Петербург, Нижний Новгород және Қазан қалаларында жүргізілген.

ҮЕҰ өкілдерінің айтуынша, инспекторлар алдын ала ескертпестен кіріп келіп, соңғы екі жылдағы қаржылық есеп-қисап құжаттарын көрсетуді талап еткен.

Ұйымымыз Ресейдің Қырымды аннексиялауын сынаған, бұл тексерудің сол мәлімдемеге тікелей қатысы бар.
«Солдаттар аналары» ұйымының Санкт-Петербург филиалы басшысы Элла Полякова.

Рейд жасалған ұйымның бірінің — сарбаздар мен олардың отбасыларының құқықтарын қорғайтын «Солдаттар аналары» ұйымының Санкт-Петербургтегі филиалының басшысы Элла Полякованың айтуынша, «ұйым Ресейдің Қырымды аннексиялауын сынаған, бұл тексерудің сол мәлімдемеге тікелей қатысы бар».

Ол «Коммерсантъ» басылымына берген сұхбатында: «Прокурорлар «веб-сайттарыңызға шыққан мақаладан соң сіздерге назар аудардық» деп ашық айтты. Ол мақалада Ресейдің Қырымдағы саясаты сыналған» дейді.

Ресейдің конституциялық соты жақында «үкіметті сынау ұйымды «шетел агенті» деп тануға негіз бола алмайды» деген түсініктеме берген еді. Прокурорлар осы тұжырымға да құлақ аспаған сыңайлы.

ЖАЗАЛАУҒА СЫЛТАУ

Қазан қаласындағы «Агора» құқық қорғау ұйымы да рейдке іліккен.

"Агора" ҮЕҰ жетекшісі Павел Чиков.«Агора» ҮЕҰ жетекшісі Павел Чиков.

​Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ұйымның басшысы Павел Чиков былтыр «Бизнес-онлайн» басылымына берген сұхбатына қатысты тергелген.

Чиковтың айтуынша, «прокурорлар «Агора» ҮЕҰ туралы заңды бұзып, саясатпен айналысып отыр ма деп күдіктенген».

2013 жылы «Агора» ұйымына құқық қорғау органдарынан қаржы көздері, айналысатын іс-әрекеттері, активтері және қызметкерлерінің аты-жөні туралы ақпарат беруді талап еткен хат келген.

«Шетел агенті» туралы заң күшіне енген соң Ресей үкіметі жүздеген үкіметтік емес ұйымға қысым жасай бастады.

Сот өкілдері "Голос" ұйымының кеңсесінде отыр. Мәскеу, 25 сәуір 2013 жыл.Сот өкілдері «Голос» ұйымының кеңсесінде отыр. Мәскеу, 25 сәуір 2013 жыл.

Осы заңмен жауапқа тартылған алғашқы ұйым — 2013 жылы сайлауларды бақылаумен айналысқан «Голос» ұйымы. «Шетел агенті» ретінде тіркеуден өтпеген бұл ұйымға 10 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынып, жұмысы уақытша тоқтатылды.

«Голос» ұйымы басшысының орынбасары Григорий Мелконянц Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында: «Бұл заң биліктің қоғамдық ұйымды жазалауына сылтау тауып береді. ҮЕҰ-лардың басына қиын күн туды. Оларға автоматты түрде түрлі тізімдерге еніп, түрлі жазаларға тартылу қаупі төніп тұр. Олардың жұмысын тоқтатып тастауы да мүмкін. Тіпті сот шешімімен оларды жабуы да ықтимал. Жабу – тым қатал шара, бірақ жақында жазаның осы түрі қолданыла бастай ма деп қорқамын» дейді.

«РЕСЕЙДЕН ҮЛГІ АЛУ»

Лондондағы Chatham House зерттеу орталығының сарапшысы Кейр Гайлестің айтуынша, «Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдарға жасалған соңғы рейд – жаңа құбылыс емес, бұрыннан жүріп жатқан процестің жалғасы. Батыспен арасы ушыққалы Ресей халықаралық имиджіне бас қатыруды мүлде қойған».

Ресейдегі ҮЕҰ-лар Кремльдің саясатын өткір, әрі сауатты түрде сынайды.

«Егер олар шетелден қаржыландырылатын болса, бұл Ресейдің қауіпсіздік стратегиясы бойынша сырттан төніп тұрған қатер саналады. Ресейліктердің ойынша бұл – саяси  төңкерістерге төленіп жатқан ақша. Украинадағы оқиғалар мен түрлі-түсті төңкерістерге себепкер болған да осы деген пікір бар» дейді Гайлес.

ҮЕҰ-ларды тексеру туралы ұсыныс Қазақстанда да айтыла бастады. Бұл туралы мамырдың 15-і күні Астанада парламент отырысында сөз еткен сенатор Дулат Құсдәулетов үкіметке «сыртқы күштер ҮЕҰ-лар көмегімен елде бүлікшіл әрекеттер жасауы мүмкін» екенін ескертіп, оларды тексеруге шақырды.

ҮЕҰ-ларды «әлемдегі түрлі-түсті төңкерістерге, интернет-көтерілістерге, флешмоб төңкерістерге» қатысы бар ұйымдар ретінде сипаттаған Дулат Құсдәулетов: «Сыртқы күштердің еліміз аумағында деструктивті әрекеттерін елеусіз іске асыруына сеп болатын интернет-ресурстар мәселесін шешуде Ресейдің тәжірибесіне назар аудару керек» дейді.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

http://www.azattyq.org/content/russia_on_ngos_raids/25385853.html