Қазақстанда жүргізілген зерттеу нәтижелеріне қарағанда, азаматтардың төрт пайызы ғана «әйелдер» ұжымында жұмыс істегісі келеді. «Әйелдер» мен «ерлер» ұжымы деп бөлу стереотипке негізделген.
«HeadHunter Казахстан» компаниясының зерттеу орталығы жариялаған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтардың төрт пайызы ғана әйелдер ұжымында жұмыс істегісі келеді. Ал сауалнамаға қатысқан бес мыңға жуық респонденттің 30 пайызы ғана ер кісілермен жұмыс істеу «қызығырақ» деп есептейді. Сауалнамаға қатысқан ерлер мен әйелдердің саны бірдей.
Жарнама саласында жұмыс істейтін алматылық тұрғын Әсел Мираева өзін «әйелдер» ұжымында жұмыс істегенді қалайтын респонденттердің төрт пайызына жатқызады. Әселдің пікірінше, балабақша немесе аурухана сияқты көбінесе әйелдер істейтін ұжым шулы болғанымен, ондай ортада жұмыс істеу қызық.
«Әйелдер» ұжымында әріптестеріңмен жеке қарым-қатынас орнатуға ұмтыласың. Жұрттың көбі жеке өміріндегі жақсы-жаман жайттарды қызметтестерімен бөлісуге тырысады. Мұндай ұжымдарда шым-шытырыққа толы дау-дамай, талас-тартыс жиі болып жатады. Шынымды айтсам, бұл жұмыс істеуге көп кедергі жасайды.
ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУДЕГІ ТЕҢСІЗДІК
Қоғамда еңбекақыны алалап төлеу сияқты гендерлік теңдік проблемасы әлі шешілмеген. Статистика агенттігі деректері бойынша, әйелдердің орташа айлық жалақысы ерлер жалақысының 70 пайызындай болады. Егер жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) қалыптастыруда әйел мен ерлердің үлесі тиісінше 40 және 60 пайыз екенін ескерсек, мұндай еңбекақыны әділ деуге бола ма?
Өскемен қаласындағы жарнама агенттігінің қызметкері Бақытгүл Жұмағұлованың Азаттық тілшісіне айтуынша, жұмыстың бір түрін атқарған әйел мен еркекке бірдей жалақы төлемейді.
Коммерциялық ұйымдарда әйелдерге жалақыны аз төлейді, ал мемлекеттік мекемелерде аз немесе бірдей төлейді. Мысалы, жарнама саласын алсақ, жарнаманы әйелдерге қарағанда, менеджер жігіттерге көбірек береді, — дейді ол.
Алматылық Әсел Мираева «ғасырлар бойы қалыптасқан» дәстүрге байланысты ерлердің табысы көбірек деп есептейді. Ол «Ер адам жаратылысынан табыскер, отбасын асыраушы. Ол өзі ғана емес, бала-шағасына да жауапты. Ағаш егіп, ұл өсіріп, үй салуы тиіс. Ал әйелдерге қатысты мұндай міндеттер жоқ екенін мойындау керек» дейді.
«БАСШЫНЫҢ ЖЫНЫСЫ ЕМЕС, ТҰЛҒАСЫ МАҢЫЗДЫ»
Алматыда тұратын психолог Нүрия Бекалаева «басшының жынысы емес, тұлғасы маңызды» екенін ескертеді. Нүрия Бекалаеваның пайымдауынша, әйел болсын, ер адам болсын, әуелі оның іскерлік қасиеттері маңызды. Білікті басшы еңбек тиімділігі мен қызметкерлерінің жұмысқа қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасауы, ұжымда ынтымақ-татулықты қолдауы тиіс.
Басшының әйел адам болғаны жақсы деген пікір бар. Бірақ мен бұл мифті қолдамаймын. Көп нәрсе басшының жеке тұлғасына байланысты. Әйелмен бірдей жұмыс істейтін менеджер ер кісілердің жалақысы әйелдікінен көп деп
есептеледі. Бірақ әйел адам жұмысынан айырылып қалудан қорқып, артық жұмыс істейді. Мысалы, жұмыста үлгермеген есептерін үйге әкеліп жасайды, — дейді ол.
Статистика агенттігі деректеріне сәйкес, 2014 жылдың басында елдегі әйелдер саны — 8 миллион 875 мың, яғни халықтың 51,7 пайызы болған. Қазақстанда әйелдердің қоғамдағы рөлі үздіксіз артып келеді. Жоғарғы оқу орны, магистратура мен докторантурадағы оқу орындарының жалпы санының 60 пайыздан көбін әйелдер иеленген.
Ал сіздің ұжымда, жұмысыңызда гендерлік теңдік принциптері сақтала ма, құрметті оқырман?
(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)
http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_problem_of_gender_equality/25385201.html