Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен ел. Бабалар аңсаған тәуелсіздікті алып, тақиямызды аспанға лақтырған тұста біз үшін еліміздегі тегеурінді әскери базаларды игеру, сақтап қалу қиынға соқты. Соның салдарынан Қазақстанның орталық аумағында орналасқан «Сары-Шаған» сынақ алаңын Ресей еліне жалға беруге мәжбүр болдық. Кейіннен, қазақ елінің әлеуеті жақсарып, Арқаның төсінде төл Астанасы бой көтерді. Сол Астанамыз бен «Сары-Шаған» полигонының арасы тым жақын емес пе? Бұл қандай қауіп төндіруі мүмкін. «Алаш айнасы» ой түйіп көрген еді.
Кеңестер Одағы тұсында бой көтерген алып әскери нысандарды толыққа дерлік пайдалану бейбітшілікті қалайтын қазақ еліне ауырлық туғызғанын жасыра алмаймыз. Сондықтан да, тәуелсіздік алған жылдары 7 бірдей әскери нысанды арнайы келісімшарт негізінде Ресей Федерациясына жалға бердік. Бүгінде 11 млн. гектар аумақты алып жатқан сол жеті база Ресей Қорғаныс Министрлігінің иелігінде.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
– Біріншіден, Астана маңында өзге бір мемлекеттің иелігіндегі әскери базаның болуы дұрыс емес. Екіншіден, бұл кез-келген қазақстан азаматының намысына тиеді. Үшіншіден, Сары-Шаған полигонының экологиялық зардаптары айтылып та, жазылып та жүр. Бұл полигонды Астанаға жақын деген өлшеммен ғана бағаламау қажет. Өйткені, Сары-Шағанның айналасында Қарағанды, Балқаш секілді қалалар, Қарағанды, Жамбыл облыстарының елдімекендері және халықаралық маңызы бар жол, теміржол өте-жақын орналасқан. Демек, бұл полигонның зарарын осы аймақтағы және осы маңнан өткен әр азаматымыз көріп жатыр деген сөз. Сондықтан, Қазақстан мемлекетінің дәл ортасында әскери полигонның болуы стратегиялық тұрғыда дұрыс емес деп ойлаймын.
Біз «Сары-Шаған» дегенімізбен РФ Қорғаныс министрлігі бұл полигонды «№10-шы мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны» деп атайды. Алып полигон Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының жерлеріне шекаралас орналасқан. Сынақ алаңы оңтүстіктен солтүстікке қарай 250 шақырымға, батыстан шығысқа қарай 600 шақырымға созылып жатыр. Бұл сынақ алаңында негізінен әуе күштеріне қарсы сынақтар жүргізіледі. Бұл орайда Ресей аумағындағы «Капустин Яр» полигонынан жіберілген зымырандар 11 мың шақырым бойы бірнеше облысымыздың үстінен ұшып келіп, осы «Сарышағанға» келіп түсетінін айта кету керек.
Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы:
– Сары-Шаған полигоны о баста Кеңестер Одағының Қытайға қарсы барьері ретінде салынған. Ол кезде Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу болды. Сол себепті де оларға Сары-Шағанда әскери полигон тұрғызу тиімді еді. Біз қазір – тәуелсіз елміз. Біріншіден, тәуелсіз ел болғандықтан, ел аумағындағы әскери полигондардың денін басқа елге жалға беруіміз қисынсыз секілді. Екіншіден, Сары-Шаған Елордамызға аса жақын аймақта орналасқан. Бұл стратегиялық тұрғыда бізге қауіп төндіруі мүмкін. Үшіншіден, ешбір ел ешқашан да өзге елмен мәңгілік дос бола алмайтынын, керісінше мәңгілік мүдделес болуы мүмкін екенін тарих осыған дейін бірнеше мәрте дәлелдеп тастаған. Бұған дейін бұл сынақ алаңдарын жабу жайлы бірқатар пікірлер айтылып келді. Өйткені, Сары-Шаған полигонын жабуға негіз болатын себептер бар. Біз сыртқы қарым-қатынаста көпвекторлы саясат ұстанамыз. Ресей – бізбен шекаралас ел. Біз бұл елмен доспыз. Сондай-ақ, Қытаймен де қарым-қатынасымыз жақсы. Енді өзіңіз жауап беріңізші, бұл полигон кімге бағытталып отыр? Ертең Ресей мен Қытай арасында түсініспеушіліктер болып жатса, Қытай ең алдымен өзіне бағытталған сынақ алаңын жоюға тырысады. Құдай сақтасын, мұндай қауіп төне қалса, екі алыптың арасындағы тәуелсіз қазақ елінің жағдайы мүшкіл болып қалмақ.
«Алаш айнасының» түйіні
Дәл бүгінгі күні қазақ елі үшін «Сары-Шаған» полигонының пайдасы қаншалық? «Капустин Яр» полигонынан жіберілген зымырандар «Сары-Шағанға» құлап жатады. Оның экологияға әсері қандай? Мұны қоғам тарапы әрдайым талқылап тұру керек. Сол талқы кезінде біз шетін шығарған саяси қауіп мәселесі де назарда болмағы жөн.
http://alashainasy.kz/politics/51144/