АЛТЫНОРДА
Новости

Украина Қырымға әскер кіргізе ала ма?

ikrim.net фотоУкраина президенті сайлауында даусыз жеңіске жеткен Петр Порошенко Ресейді сотқа беріп, Қырымды қайтарып алуға күш жұмсайтындығын мәлімдеп отыр. Ол бұл ретте Ресейдің өз «қаруын» өзіне сілтеуді жөн санапты. «Біз украин болғаны үшін қатты қысым көріп отырған Қырымдағы украиндықтардың мүддесін соңына дейін қорғаймыз» деген Порошенко. Бірақ бұл істің нәтиже беретіндігіне мамандардың көбісі онша сенбейді. Ал кейбір саяси технологтар сайлау науқаны барысында сақ әрі сауатты іс-қимылымен көрінген Порошенконың Қырым мәселесінде белгілі бір жетістікке жету ықтималдылығы барын болжайды…

Украинаның оңтүстік-шығысында шиеленіс бұрқ ете түскелі ел назарынан Қырым жайы тыс қалғандай боп еді. Жалпы, Қырымның қазіргі мәртебесі қандай? Халықаралық құқықтың бүгін бұл мәселедегі көзқарасы қандай? Алдымен осы сауалдар жауабына қысқаша тоқталып өтелік.

Негізінен, халықаралық заңнама бұлайша бөлінуді мойындамайды, алайда біржақты егемендік декларациясын жариялауға тыйым да сала алмайды. Осы себепті Украинадан бөлініп шығу жөнінде Қырымда референдум өткенде бір де бір халықаралық сот жақ ашпады, бірақ сонымен қатар жарты аралдың бөліну құқығын қорғамады да.

Ал Украинаның Қырымның бөлек автоном болуын заңды түрде жоққа шығаруға толық құқығы бар. Оған Украина конституциясының 73-бабы бұлтартпас дәлел бола алады:«Украина территориясындағы өзгеріс тек жалпыукраиндық референдум арқылы шешіледі. Ал аймақтарда жекелей референдум өткізуге тыйым салынады». Демек, Қырымдағы референдумды заңсыз деп тануға болады. Сондықтан да БҰҰ-ның 100 мүше-мемлекетінің тең жартысы –58-і бұл референдумды мойындауды дауысқа салуда қалыс қалды (оның ішінде, түрлі одақ аясында Ресеймен тығыз әріптестіктегі мемлекеттердің өзі де бар: Қытай, Үндістан, Барзилия және т.б). Жақтағаны – небәрі 11 мемлекет (Армения, Белоруссия, Боливия, Куба, Солтүстік Корея, Никарагуа, Судан, Сирия, Венесуэла және Зимбабве). Ал Еуропалық одақ пен АҚШ «орыстілділер мүддесін» қорғаймыз деп тұрақсыздықты маздатқан Ресейдің мұндағы іс-қимылын аннексия деп бағалады, сөйтіп Қызыл Кремльге қарсы экономикалық «соғысты» бастап кеп жіберді. Оның зардабы бүгіндері қатты білініп қап жатыр.

Міне, халықаралық қауымдастық тарапынан болған үлкен кедергілерге қарамастан бүгіндері Қырымда автономдық жарияланып, жаңа билік тағайындалып, конституциясы да қабылданған. Шекарасына екі кедендік бекет қойылған. Бір сөзбен айтқанда, бұл өңір өтпелі кезеңді бастан кешіп жатыр. Ресей Федерациясының экономикалық, қаржылық, несиелік және құқықтық жүйесіне Қырым мен Севастопольдің кірігу процесі В.Путиннің бұйрығымен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шешілуі тиіс. Осы жағынан алғанда, бүгінгі шындық — жер шарында тәуелсіздігі мойындалмаған мемлекеттер сынды Қырым Ресей Федерациясы құрамындағы автоном елге айналуда. Ал кеше ғана Украина билігіне келген Петр Порошенко болса, жайы осындай Қырымды Украинаға қайтарып аламын деп уәде етіп отыр. Бұған көптеген саясаттанушылар онша сеніңкіремейді. Бірақ Украинада кешелі бері қарулы қақтығыстардың үдей түсуі жаңа президенттің елге іріткі салушыларды аямайтынын байқатып үлгерген секілді.

Бұл ретте ресейлік саясаттанушы Александр Дугиннің салған байбаламына тоқтала кетелік. Оның сөзіне сенсек, Порошенко Донбасс пен Луганскіні алған соң, әскерін Қырымға бағыттайды.

– Киев пен Порошенконың Донецк пен Луганскі республикаларына тойтарыс берерлік қауқары бар. Одан кейін олар Қырымға қарай бет алады. Оны Порошенко жасырып отырған жоқ. Мұндайда Ресей ашық соғысқа шығуы керек. Күтетін дәнеме қалмады. Егер Путин оңтүстік-шығысты босатпай тұрғанда әскерін жұмылдырып жіберсе, Жаңа Ресейін аман сақтап қала алады. Ал егер Путин Қырымға шабуылды күтсе, онда Жаңа Ресей аймағы азат етіліп, ондағы халықтың Мәскеуден көңілі әбден қалады. Қазірдің өзінде Ресейге үміт артып шайқасып жатқандардың көбісі жер жастануда. Оған Украина әскері ғана емес, сенім артқан тараптың сатқындығы да себеп,- дейді www.nakanune.ru сайтына берген сұхбатында ресейлік саясаттанушы.

Дегенмен отандық саясаттанушылар ресейлік маманның бұл пайымын Ресейге деген өкпеден туындап отырғанын, ал шындығында Порошенконың Қырымға әскер кіргізу мүмкіндігі өте шектеулі екенін айтады.

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

– Дугин Донецк пен Луганскідегі бас көтерушілерге әскери көмек келмей жатқандығына қапалы. Сондықтан «Украина әскері ертең Қырымға барады» деп дүрмектеп, Қызыл Кремльді сілкілеп алғысы кеп жатыр. Бары осы. Нақтысында Порошенконың қолында көп нәрсе жоқ. Әрине,ол өз сайлаушыларын үміттендіріп жақсы сөздер айта береді. Қырым түгіл, бүгін Донецк пен Луганскіде боп жатқан жағдайларға ертең Порошенконың халықаралық құқық алдында жауап беруіне тура келуі ықтимал. Ресей қарап отырған жоқ. Олар факті жинастыруда. Қалай дегенмен де ол мемлекеттің тең жартысы — 25 млн адамның тағдырына қатысты іске бас сұғуда. Қырым Ресейдің Думасымен рәсімделіп, олардың құрамына өтіп жатыр. Егер ол жаққа Украина әскері аяқ басса, Ресей заңды түрде соғысып, оңтүстік-шығысты да жаулайды. Қазір бұған жол беруге болмайды.

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– Қырымның бөлінісінде заңсыздық бары ақиқат. Міне, осыны Украина үнемі халықаралық қауымдастық есіне салып және оны қайтару позициясынан ешқашан таймайды. Әрине, бұл мәселе шешімі ұзақ уақытты қажет етеді. Бұл екі жағдайда орын алады. Егер Ресей Федерациясы КСРО секілді күндердің күні ыдыраған жағдайда. Экономикалық жағынан қазір әлсіреу бар, бірақ РФ оңайшылықпен тез тарамайды. Сол секілді еуропалық интеграция аясында Украина экономикасы мықтап күшейіп, НАТО-ға қосылып, Ресеймен терезесі тең жағдайға жеткенде Қырымды қайтаруды талап ете алады. Меніңше, 2020-2025 жылдарға қарай Қырымға қатысты тараптардың позициясы нақты айқындалып қалады.

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/sabaktar/51203/