Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы «Түркі мемлекеттерінің одағын құрсақ» деген ой тастаған. Әрине, дәл қазір Түркі жұрты саяси не болмаса экономикалық одаққа айналып кетеді деп айту қиын болар.
Бұл өте ұзақ жүретін үдеріс қой. Ал мәдени, рухани бірлестікке, одаққа айнала алады. Бұған қарсы уәж айту мүмкін емес. Өйткені мыңдаған жылдық тарихымыз бір, тамырымыз бір, мәдениет ортақ.
Осы жағынан келгенде «иә» деуге болады. Қазір мұның алғышарттары жасалып жатыр. Жалпы, «Түркі одағы түптің-түбі құрылуы мүмкін бе?» деген сауалға саясаттанушылардың пікірі әртүрлі. Саясаттанушы Сайын Борбасов, әлі күнге түркі одағын құра алмауымыздың бірнеше себебін былайша түсіндіреді. «Түбі бір түркі халқы «қашанда бірге болсақ, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарсақ, ешқашан ешкімнің таптауына түспейміз» деп армандаған. Ол – шындық. Жұдырықтай біріккен түбі бір ұлтты ешкім басып ала алмасы да, айдауға сала алмасы да хақ. Бірақ неге екенін қайдам, осындай идея болғанымен, түркі жұрты әлі күнге кемелді бір одақ құра алмады. Сонау тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары елімізді түркі бірлестігі іспетті елес кезіп жүрді. Сол тұста түркі елдеріне арнайы сапар жасаған түрік президенті Тұрғыт Өзәл «түбі бір түркі, бірге болайық» деген ұран тастаған. Бірақ аяқасты ол қаза болып кеткен соң, бастама жалғаспады. Араға ондаған жылдар салып, осы керемет бастаманы Елбасымыз бірер жыл бұрын Түркияға сапарлай барғанда тағы көтерді. Сөз жоқ, оңды бастама. Ұтарымыз мол, ұтылысымыз аз болар еді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақытта түркі жұрты не бір іргелі экономикалық одаққа, не геосаясатта салмақты орны бар бірлестікке айнала алмады. Рас, мәдени, рухани байланыс бар. Бірақ ол одақтық деңгейге көтеріле алған жоқ. Неге? Біріншіден, түркі мемлекеттері басшыларының арасындағы бірін-бірі мойындағысы келмейтін амбиция. Екіншіден, экономикалық дамуының әркелкілігі. Үшіншіден, түркі жұрты шашылып жатыр. Бұл да бір себеп. Бұдан өзге тағы бір мәселе – біз қанша іргемізді ары саламыз десек те, көрші жатқан Ресейден кете алмаймыз. Жеті мың шақырымның үстінде ортақ шекарамыз бар. Сонау кеңестік дәуірден бірге байланысып жатқан экономикамыз бар. Еліміздің индустриялы қуатты облыстарымыздың бәрі Ресеймен шекаралас жатыр. Олардың тегершегін айналдырып, жақсы жұмыс істеу үшін амалсыз Ресеймен қарым-қатынас мықты болуы керек. Демек, біз осындай жағдайда әлі іске аспаған, тек идея ретінде қалып отырған Түркі одағы үшін, түркілік мүдде үшін Ресейді құрбандыққа шалып, ат басын өзге жаққа бұра алмаймыз. Екінші бір мәселе, яғни көрші жатқан алып ел – Қытай. Бұл мемлекет қазір әлемде экономикалық қуаты жағынан АҚШ-тан кейінгі орынды иеленуде. Құдайы көрші. Алыс-берісіміз жаман емес. Біз осы екі елге көбірек мән берудеміз. Осыдан келіп түркі жұртымен одақ құру мәселесі кейінге ысырылуда» дейді. Ал Айдос Сарым өз әңгімесін былай өрбітеді: «Түркі елдері арасындағы түрлі байланыстарды ұлғайта беруіміз қажет. Мұның ақыры үлкен бірлестікке алып келуі әбден мүмкін. «Пазыл» деген ойын бар. Кішкентай-кішкентай мозайкаларды шашып тастасаң түсініксіз. Суретімен ретін келтіріп орнына келтірсең, ортақ бір картина пайда болады. Түркі халқы да сол шашылып жатқан ойынға ұқсайды. Ретін келтіріп құрастыра алсақ, әлемде өзіндік орны, салмағы, айтар уәжі бар мықты одақ дүниеге келер еді. Біздің түбіміз бір. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару қиын емес. Тек ниет болса – болғаны. Құдайға шүкір, қазір жақындасуға деген талпыныс бар, сондай бір үдерістер жүріп жатыр».
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
http://www.aikyn.kz/articles/view/50887