Ресейдің Еуропадан келетін бірқатар азық-түлік импортына тыйым салғаны әлемдік ақпарат құралдары үшін өзекті болып тұр.
Алдағы уақытта көрші ел бір жылға дейін Австралия, Канада және Норвегиядан сиыр етін, шошқа етін, көкөніс, құс етін, ірімшік пен сүт өнімдерін импорттамайды. Бұл тізім шыға салысымен-ақ Ресейдің экономикалық даму вице-министрі Алексей Лихачев бастаған шенділер тыйым салынған импортты енді немен алмастыратынын қайта-қайта айтып жатыр. Сонымен, АҚШ пен ЕО елдерінің санкциясы Ресейдің азық-түлік нарығын орталатып тастады. Қазірдің өзінде көрші елдің бас қалаларында санкцияның ықпалы сезіне бастағанға ұқсайды. Бразилияның еті мен Голландияның ірімшігі, Батыс елдерінің арақ-шарап өнімдері қат дүниеге айналыпты.
Бірақ саясаттанушы Расул Жұмалының пайымдауынша, Ресейдің жағдайы бізге қарағанда көш ілгері. Экономикасы қуатты. Күні бүгінге дейін азық-түлігінің тек 30 пайызын ғана сырттан алып келді.
– «Жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып қалу керек, бірақ Ресей нарығында көп өзгеріс бола қоймас. Қазіргі заманда сырттан келетін заттың бәрін бірдей ауыстыра алмайсың, томаға-тұйық, жұрттан оқшау экономиканы да құра алмайсың. Қазір бәрі бір-бірімен байланысқан заман. Бір елдердің алдынан жабылған есік екінші бір елдердің алдынан мүмкіндік болып ашылады. Мысалы, Қазақстан өнімдерін сыртқа шығаруға, әсіресе, шекара бойындағы аймақтарға сатуға мүмкіндік туып тұр. Бірақ абайлау керек. Өзбектер Ресейге жіберетін жеміс-көкөніс көлемін арттыруға дайын екендерін мәлімдеп те қойды. Қысқасы, ешкім мүмкіндіктен айырылғысы келмейді. Бірақ қанша дегенмен мұның бәрі Еуропа одағы, АҚШ, Жапония, Австралия, Канададан келетін өнімдерді алмастыра алмайды» дейді.
Дипломат Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, әуелі Қазақстанға келетін импортты ауыстыру жайын ойластырған жөн.
– Өйткені біз азық-түліктің көбін Ресейден әкелеміз. Бұған көз жеткізу үшін Қазақстанның кез келген супермаркетіне барсаңыз жеткілікті. Алманы қайта түлетіп, сатуға болады, бірақ оны өзіміз де сырттан әкелеміз. Қысқасы, көп болмағанда, біраз нәрсені істеуге болар еді. Статистика агенттігі деректері бойынша, соңғы жылдары азық-түлік импорты көлемін ұлғайтқан Қазақстанға 2013 жылы сырттан 4 миллиардтай доллардың өнімі әкелінген. Жергілікті өндірушілер алмаға деген ішкі сұраныстың тек 50 пайызын, ірімшікке сұраныстың 46 пайызын, ал құс етіне сұраныстың 36 пайызын ғана орындай алады. Мысалы, қазір Алматыда жергілікті алмадан гөрі Польша немесе Қытайдан әкелінген алма көп. Сондықтан бізге ең әуелі агросаясатты қайта қараған жөн, – дейді.
Бұл пікірді ауыл шаруашылығы мамандары да қолдайды. Экономист-ғалым Атамұрат Шәменов бұл ретте мынадай ұсыныс айтады.
а) Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықтың тамақ өнімдерінің он түрінің тұтыну деңгейімен бағаланады. Оған нан және жарма өнімдері, ет және ет өнімдері, балық және теңіз өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, май және мал майы, жемістер, көкөністер, картоп, қант және кондитерлік өнімдер жатады. Болашақта ең басты саналатын осы өнімдерді өзіміз шығаруға барынша ынта танытуымыз керек.
ә) Өндірістік формула «шикізат-тауар». Ол үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластер жасақталуы тиіс. Олар жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы шикізатынан тиімді өнім өндіруге жұмылуы тиіс. Заңдық ұйымдастыру түрлері азаматтық кодекске сәйкес ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС, т.б. болуы мүмкін.
б) Шағын кластерлер (микрокластерлер) арқылы мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады.
в) Жаңа аграрлық саясатты орындауды бірінші кезекте аудан әкімдеріне жүктеу қажет. Барлық реформаны солардың деңгейінде бастау керек. Әкімдер жергілікті жердегі жағдайды біледі, адам ресурстарын пайдалану жолын табады.
г) Қазақстанның жаңа аграрлық саясаты, тағам өндірісіне деген бетбұрыс, келешекте шынайы түрде тамақ индустриясын қалыптастырады. Сондықтан халықты аш құрсақ етпеу үшін бірінші кезекте отандық азық-түлік шығару мәселесі өзекті болуы тиіс.
http://www.aikyn.kz/articles/view/55593