Украинаның президенті Петр Порошенко жарлық шығарып, Жоғарғы Рада депутаттарына сепаратистік пиғылдағы өзге елдерден келетін символдарға шектеу қоятын және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді міндеттейтін заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Енді депутаттар Украинаның туы, елтаңбасы және әнұранын ұлықтаудың, қорғаудың барлық мүмкіндіктерін қарастыратын болады. Өйткені, бүгінде «Георгий лентасы Ресейдің туына айналуы мүмкін» деген дақпырт әлемді кезіп кетті. «Алаш айнасы» осы мәселе жайында ой қорытып көрген еді.
Мамандардың айтуынша, Ресей бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы бір-ақ күнде мемлекеттік туды өзгерте салуы мүмкін. Қазір оның алғышарттары да жасалып жатыр. Мысалы, жуырда РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Михаил Дегтярев «Говорит Москва» радиосының эфирінде бұл жөнінде өз ойын білдіріп, «мемлекеттік ту ретінде Георгий лентасын пайдаланатын кез жетті» деп мәлімдеді.
Михаил Дегтярев, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты («Говорит Москва» радиосында сөйлеген сөзі):
– Мемлекеттің туын Георгий лентасына, ой, қалай атаушы едік, қара-сарғылт түстегі Гвардиялық лентаға ауыстыруды ұсынамын. Бұл азаматтарымыздың белсенділігін артырады, оларды біріктіреді. Өйткені, бұл барлық кезеңді қамтиды: монархистерді де, кеңестік жүйеде шыңдалғандарды да…
Депутат Михаил Дегтяревтің сөзіне сүйенсек, Ресейге біркелкі идеология қажет. Ол үшін мемлекеттік туды өзгерткен жөн екен-міс.
Шынын айту керек, Ресейдің «колорад қоңызына» ұқсайтын осы лентасы соңғы жылдары 9 мамыр жақындаса бітті, жер әлемді басып қалатын болып жүр. Қазір «колорад қоңызынан» Қазақстанның үлкен қалалары әлі тазаланып болған жоқ.
Әлем саясаткерлері Ресейдің осы біржапырақ лентасын империялық саясаттың жанданып келе жатқанына балайды. Оған бірнеше деректерді мысалға келтіреді. Оның біреуін ғана айталық. Мәселен, Қырымда, кейіннен Украинаның шығысында орын алған саяси шиеленіс кезінде федерализацияны қалайтындар мен Украина тұтастығына қауіп төндірген сепаратистер осы лентаны тұмар еткені белгілі. Неге? Өйткені, бұл белгінің тарихы империялық дәуірден басталады.
Нақты деректерге назар аударыңыз. Георгий лентасы XIX ғасырда пайда болды. 1806 жылы орыс армиясында Георгий марапат жалаулары енгізілді. Жалаудың басында Георгий кресті бейнеленіп, оның жоғарғы жағына қара және сары түсті Георгий лентасы (дәл қазіргідей) байланды.
1878 жылдан бастап бұл лента «Георгий лентасы» аталды. Тіпті, орыстар бұл белгіні христиан дінінің сеніміне сәйкестендіріп, ең қасиетті медаль дәрежесіне дейін көтерді. Бұл осы кезеңнен бастап, Патшалық Ресейдің рухын асқақтатар әскери ең жоғарғы наградаға айналды. 1917 жылдан бастап, Кеңес үкіметі бұл белгіге түпкілікті тыйым салды. Тек 1992 жылдан бастап, Ресейде Георгий орденін беру қайта жандана бастады. Тағы да тарихты ақтарсаңыз, Патшалық Ресей тұсында осы Георгий орден-медальдарымен біздің елдегі казактар марапатталып отырғанын көресіз. Ал, сол казактардың дені қазақты қалай қырғаны, қандай қасірет әкелгені бәрімізге белгілі.
«Алаш айнасының» түйіні
Соңғы кездері Ресейдің туын өзгерту жайы өте көп айтылып жүр. Өткен аптада Қырымда өткен Ресей шенділерінің кездесуінде В.Жироновский бұл мәселені (Путинге қарата) тағы да қозғады. Демек, «Ресей идеологтары осы бағытта жұмыс жасап жатыр» деуге негіз бар. Егер де расымен бұл лента көршіміздің туына айналып кетсе, біздің жайымыз не болады? Әр қазақ көрші елдің жалауын тұмар етіп алғандай әсерде қалмай ма? Сіз не дейсіз?
Автор: Қанат Бірлікұлы
http://alashainasy.kz/politics/53325/