Соңғы апталарда кейбір ресейліктер Мәскеудің Украинадағы іс-әрекетімен келіспейтіндерін білдіріп, жалғыз адамдық қарсылық акцияларын өткізді.
Тұтқынға алыну қаупі мен өзге отандастарының наразылығына тап болудан қорықпай, көшеге шығып, биліктің саясатына өздерінің қарсылығын ашық білдірген адамдардың алтауын Азаттықтың Орыс қызметі сөзге тартқан еді.
ФИЗИК
Михаил Лашкевич Мәскеу маңындағы Черноголовка қаласындағы теориялық физика институтының ғылыми қызметкері. Ол тамыз айында көшеге шығып, бір жағына «Неліктен Ресей ақылынан ауысқан нақұрысты қолдайды?», ал екінші жағына «Бұл сендердің соғыстарың емес, бірақ балаларың опат болады!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
«Осы соғысты Ресей ашқандықтан және ол агрессиялық соғыс болғандықтан қарсы шықтым. Жақында мен БҰҰ ұсынған агрессиялық соғыс түсініктемесін оқыдым, Ресей сонда көрсетілген жеті тармақтың біреуін ғана бұзбаған. Ол – аумақты үшінші агрессиялық мемлекетке ұсынады деген тармақ. Қалғанының бәрін істеді. Аумақты аннексия жасады, өз әскерилерін енгізді, көрші ел аумағындағы террорлық топтарды қолдады, т.б.
Жұмыста мен өз көзқарасым туралы айтпаймын. Жақын қарым-қатынастағы әріптестеріммен ғана талқылаймын. Либералды орта қалыптасқан, бұл жағынан еш мәселе жоқ» дейді Лашкевич.
ГЕЙЛЕР ҚҰҚЫН ҚОРҒАУШЫ БЕЛСЕНДІ
Наталья Цымбалова Санкт-Петербургтегі Straight Alliance құқық қорғау ұйымының негізін қалаушы. Ол — ресейлік ЛГБТ тең құқығы үшін күресетін гетеросексуал белсенділердің басын қосқан ұйым. 24 тамыз, Украинаның тәуелсіздігі күні ол көшеге «Петербург Украинаны тәуелсіздік күнімен құттықтайды» деген плакат ұстап шықты. Орталық көшеде тұрған оны ашулы топ айыптап, сөкті. Әлеуметтік желідегі қоқан-лоққы мен зорлық-зомбылық қаупінен қорыққан ол Испаниядан баспана сұрады (Ол Ресейден кетер алдында Азаттыққа сұхбат берді).
«Қазіргі болып жатқан жағдайлар біздің сөзіміздің растығын дәлелдеді – олар гейлерге тиісумен шектелмеді. ЛГБТ қарсы амалдары мен насихат жұмыстарын бір-бір жарым жыл бойы дайындады, Украинаға қарсы әрекеттері де солай өрбіп келеді. Алдымен гейлер туралы небір сұмдықтарды айтты, гейроп пен педофилдер туралы естідік. Соның бәрі гейлер қозғалысын қолдайтын Еуропаға барып тірелетін. Енді украиналықтар «бандеровшылар» мен «фашисттер» болып шықты. Шындыққа еш қатысы жоқ, виртуалды тұжырым.
Қазір біздің топтағы көптеген адамдар елден кету туралы ойланып жүр. Тіпті «бұл біздің еліміз, ол үшін ақырына дейін шайқасамыз» дейтін азғантай топтың өзі эмиграция туралы ойлана бастады. Күрестен пайда жоқ, бәрі бұдан әрі ушығатындай көрінеді. Олар бізге көшеде емін-еркін шабуылдайды, полиция немқұрайлы қарап тұрады. Ертең бізді өлтіре бастауы мүмкін. Ашуға бой берген топ бәріне дайын. Осының бәрі өте қауіпті, жағымсыз құбылыс, ең жаманы – ешқандай үміт қалмады» дейді белсенді.
АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Владимир Барабанов ауған соғысының ардагері және Ресейдің батысындағы Брянск облысының Ауғанстан ардагерлері одағының жетекшісі. 1986-88 жылдары Герат пен Кабулде соғысқан запастағы аға лейтенант Барабанов 5-қыркүйек күні басқа ардагерлермен бірлесіп митинг өткізді. Екінші шеру – 13 қыркүйекке белгіленген.
«Ауғанстан соғысының қалай басталғаны әлі есімізде. Ол оқиғаның қайталанғанын қаламаймыз. Бізге, советтік соңғы солдаттарға Ауғанстан соғысы – соңғы майдан, онда қаза тапқандар бекер құрбан болған жоқ деді. Жолдастарың енді соғыс болмауы үшін көз жұмды деп сендірді. Қазір Ресейдің қатысуымен Украинада өтіп жатқан соғыс олардың бекер құрбан болғанын көрсетеді.
Билік адамдарды шағын жеңіспен алдандырып, әлеуметтік мәселені шешуден жалтарады. Соғыстың әлеуметтік себебі бар деп ойлаймын. Ресейде де, Украинада да халық тірлігіне наразы. Нашар өміріне айыптыларды іздейді. Бұның бәрі бір арнайы операция тәрізді – бұрынғы солдаттар ретінде біз бұны айқын байқаймыз.
Ертең украиналықтардың көзіне қалай қараймыз? Соғыс аяқталған соң украиналық сарбаз: «Сен қайда болдың, неге үндемедің? Сенің ұлың менің балама қарсы соғыспады ма?» деп сұрайды. Барлығымыз айыпты саналамыз. Алаңға шыққандар осы былыққа қатысымыз жоқ екенін айтқымыз келеді. Олар неліктен опат болған ресейлік жауынгерлерді жасырып отыр? Ауғанстанда да осындай жағдай болған. Көптеген ұқсастықтар бар» дейді Владимир Балабанов.
ГЕОЛОГ
Мәскеулік 59 жасар Ирина Епифановская бұрын геолог болып қызмет еткен. Қазір азаматтық белсенді әйелді Мәскеу орталығында «Украинамен соғыс болмасын» деген жазуы бар плакатты ұстап тұрған жерінен полиция ұстап алып кетті.
«Көптеген адамдар бұған мән бермеді. Бірақ жаз бойы осы іспен айналысқандықтан, маусым мен шілде айларында үлкен ілгерілеу бар екенін байқадым. Соңғы кездері 2-3 адам қолымды алды, рақмет айтты. Кейбіреулер «сені қолдаймын» деді. Бұрын ондай мүлдем болмаған еді. Себебі, жарияланбаған соғыс жаңа кезеңге өтті, «Груз 200» (опат болған орыс солдаттарының сүйегі бар жүк) ізі анық байқалады.
Өмірімнің көбі өтіп, азы қалды. Негізгі міндеттерімді орындадым, балаларым өсті, мамандығым болды. Өз ісімді жақсы көремін, әлі де айналысамын. Сондықтан өз өмірім үшін қорықпаймын. Украинаға әскер кіргізуге рұқсат еткені мені қатты қиналтты. Ресей өзіне ең жақын елмен соғыспауға тиіс, мен оны өз басыма түскен қасірет ретінде қабылдадым» дейді белсенді әйел.
РЕЖИССЕР
Ресейлік театр және кино режиссері Владимир Мирзоев жақында «Новая газета» басылымында жарияланған ашық хатқа қол қойды. Украинадағы соғысқа қарсы шыққандар бұны Ресейдің оқшаулануы мен тоталитаризмнің жаңғыруы деп атайды.
«Халқымыз 20-ғасырдың уымен уланған. Олар есуас елігу мен патриоттық есалаңдыққа беріледі, күйзеліске де тез түседі. Бұны «қос полярлық бұзылу» деп атайды, адамдар қорқынышты әрекетті мүлдем басқаша қабылдайды. Олар соғыс жүріп жатқанын мойындамайды.
Ресейліктер телеақпараттың құрбаны болды деуге болады, бірақ интернетке кіру қиын емес қой. Сол жерден балама дерек алып, салыстыруға болатын еді. Олар ештеңені салыстырғылары келмейді, отанымыз агрессор деген пікірді қабылдай алмайды.
20-ғасырдың апаттары ізсіз кеткен жоқ. Сол кезеңнің жарақаты отбасылардың тарихына жазылды, тұтас бір буынның есінде қалды, ол адамдар айыққан жоқ. Сол жараға тұз сеуіп, күкірт қышқылын сеуіп еді, оның аузы ашылып кетті. Адамдар ауыр дертке шалдыққан. Сондықтан әдеттен тыс реакция береді» дейді режиссер.
АДВОКАТ
Бұрынғы депутат және «Открытая Россия» қорының директоры Александр Осовцов Украинадағы әскери операцияға қатысудан бас тартқан ресейлік сарбаздарға тегін заңдық көмек көрсетуге дайын. Бұйрықтан бас тартушылардың құқын заң бойынша түсіндіріп, оны өзінің Facebook парақшасына салып қойды.
«Қазіргі болып жатқан жағдайды толыққанды соғыс деп атауға болады. Мүмкін екі жақ бар амал-әдісін әлі толық пайдаланбаған шығар, бірақ АҚШ та Вьетнам мен Иракта бар күшін қолданған жоқ. Соған қарап «Вьетнам соғысы» болмады деп айта алмаймыз. Ол нағыз соғыс болатын. Қазір де сондай жағдай: ресейлік әскерилер Украина аумағына енсе, оны соғыс деп атау керек.
Украинада әскери борышын өтеуден бас тартқысы келетіндер заңға сүйене алады. Әр адам өзі үшін шешім қабылдауы тиіс. Мүмкін ол соғысты тоқтатуға әсер ете қоймас, бірақ оған қатысқысы келмейтін адамдарға мүмкіндік береді. Шешенстандағы әскери шараларға қатысудан бас тартқан азаматтарды – олардың ешбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ.
Дәл қазіргі кезде Ресейде соғысқа қарсы қозғалыс басталуы екіталай. Солай ойлағым келмесе де, ойыма «Груз 200» бен «Груз 300» (қаза тапқандар мен жаралылар) басқа ештеңе келмейді. Адамдар соған қарап бұл соғыстың ешкімге керек емес екенін ұғуға тиіс» дейді Александр Осовцов.
Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.
http://www.azattyq.org/content/russians_to_protest_ukraine_war/26573847.html