АЛТЫНОРДА
Новости

Украинадан соң кім? Қазақстан ба, әлде Әзербайжан ба?

Украинадан соң кім? Қазақстан ба, әлде Әзербайжан ба?Ресейдің Украинаға әскер кіргізгені жұрттың жағасын ұстатқаны сонша — соңғы кездері «ендігі кезек кімге келер екен?» деген күдікті сауал жиі қойылатын болып жүр. Осы аптада түріктіңhaber.stargazete.com сайтында Севил Нуриеваның «Назар аударыңдар! Кезек Қазақстанға келуі мүмкін» деген мақаласы шыққан. Ал одан бірер күн бұрын «Орыс әлемі» жобасының ең басты идеологтарының бірі Александр Дугин Мәскеудің Украинадан соң Әзербайжанға тарпа бас салатындығын мәлімдеді. Ол ресми Бакудің БҰҰ-да қаралған Украинаға қатысты қарарда Ресейді қолдамағанына өкпелі көрінеді.

Рас, соңғы кездері Ресейдің Украинаға қатысты ұстанып отырған саясатына байланысты оның көршілері біраз алаңдап отырғаны өтірік емес. Мәскеу Алтай өңірінде зымыран әскерінің жаттығуын өткізетін болған осы айда. Қыркүйектің басында Барнаулға барған В.Путин Алтай өңіріндегі мүддесін Ресей ешқашан назардан тыс қалдырмайтынын айтып еді. Өйткені орыстар Алтайдың асқары Мұзтау шыңын ешкіммен бөліскісі жоқ. Ал Мұзтау шыңының бір бөлігі Қазақ елінің аумағына кіреді. Оның үстіне Мәскеу Жириновский сынды саясаткерлерінің аузымен Қазақстанға қыр көрсетіп отырғаны тағы бар. Назарбаевты мақтай отырып, Путиннің Қазақтың елдігіне күмән келтіріп, тарихта мемлекет болғанын жоққа шығарғаны да кеше ғана. Қысқасы, Ресейдің қазаққа «не менің досымсың, не қасымсың, екі жолдың бірін таңда!» деп отырғаны айдан анық. Түркия ақпарат құралдары жарыса жазған Севил Нуриеваның мақаласында да осы мәселелер айтылған. Бірақ түріктер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытауда айтқан әңгімелеріне көбірек тоқталса керек. Сөз жоқ, Назарбаев тіл мәселесін ушықтырмау керектігін айтқан. Орыс тілінің жоқтаушысы рөлін ойнап жүрген Ресейдің бұл мәселені саяси мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін екенін тұспалдап жеткізген жұртына. «Түлкі болған заманды тазы болып шалуымыз» қажет екенін меңзеген. Алайда Ресейдің Қазақстанда дәл Украина сценарийін қайталауы үшін өзге сылтаулардың аз екенін де байқатқан. Өйткені әзірге Қазақ елі Ресейдің дегенінен көп шыға қойған жоқ. Ресми Ақорда түрлі амал-айла жасап-ақ жатыр. Мәскеудің алаш жұртына бас салуына әзірге нақты сылтау табылмай отыр. Дегенмен сақтық керек бізге. Ал Әзербайжанға келер болсақ жағдай сәл өзгеше.

Рас, орыс шовинистері жетекшілерінің бірі А.Дугин азуына келгенін айта салғандай болуы мүмкін. Ол тіпті посткеңестік елдердің аумақтық тұтастығының кепілі БҰҰ емес, Ресей екенін айтқан. «Баку өзінің ұстанымы үшін жауап беруге мәжбүр болады. Тағы да қайталаймын, Әзербайжанның аумақтық тұтастығы Ресейдің қолында. Ресей өз көршілерінің Украинадағы оқиғаларға қатысты ұстанымдарын жіті қадағалап отыр. Әзербайжанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы мәлімдемесінен кейін былай дегім келеді: біз алдымен Украинамен есеп айырысамыз, содан соң бізге кімнің дос, кімнің қас екенін көреміз. Бұл текке кетпейді», – деген еді. Сөйтіп, Ресей Мәскеу университеті профессорының аузымен Бакуге сес көрсетіп қойды. Дугин: «Егер Ресей бұл елдердің аумақтық тұтастығының кепілі болғысы келмесе, онда олардың аумақтық тұтастығы бұзылады. Әзірге Ресей Әзербайжанның Таулы Қарабаққа қатысты заңды талабын қолдап отыр. Егер Ресейден бөлек «үлкен аға» іздеу басталса, онда бәрі бүлінеді. Грузия мен Украина сияқты Әзербайжан да, Армения да, Молдова да бүлінеді. Мәскеумен теке-тіреске барған бірде-бір посткеңестік елдің қазіргі шекарасы болмайды. Олар басқа аумақта, бірақ қазіргіден әлдеқайда шағын аумақта болады. Бұл — де-юре, де-факто жайт. Бұл геополитикалық заңдылық», – деген еді. Әрине, шовинистің пікірі құр айқай сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, біздің пайымдауымызша, Қазақстанға қарағанда Әзербайжанға төнер қауіп басым. Оған бірнеше себеп те бар.

Біріншіден, Әзербайжан НАТО-ға мүше Түркиямен, тіпті НАТО-ның өзімен өте тығыз қарым-қатынаста. Іштей армяндарды қолдайтын Мәскеудің бітімгерлік жасамақ болған саясатына ешқашан көнген емес. Оның үстіне ұзақ уақыт Ресейдің сөзін сөйлеп келген Иранмен де жақсы қарым-қатынаста емес. Керісінше, грузиндермен тәуір тұрады. Бірақ Әзербайжан жерінде түйіні шешілмеген һәм орыстың қолымен жасалған террорториялық мәселе бар. Таулы Қарабақ. Елдің 20 пайыз жері армян басқыншыларының қолында. Бұл Ресей үшін өте тиімді жағдай. Тек Ереванды көндірсе болды. Қарабақтағы армяндарға орыс паспортын таратады да «өз азаматтарымызды қорғаймыз» деген сылтаумен өңірге әскер кіргізеді. Грузия оған нақты мысал. Рас, ол үшін Арменияның толық қолдағаны керек бұл істе. Ал армян диаспорасының әлемдегі және Ресейдегі лоббиі мықты екенін ескерсек, бұл сценарийдің орындалу қаупі басым.

Екіншіден, ресми Баку Украинаның аумақтық тұтастығын жақтағанымен қоймай, Мәскеудің экономикалық қысым жасау саясатына кедергі жасауы мүмкін. Бір ғана «Шахдениз-2» жобасы арқылы әзербайжандар 2018 жылға қарай Еуропаға мол табиғи газ сатпақ ниетте. Шамамен жылына 68 млрд текшеметр газ жөнелте алады. Бір ғана Шахдениздің мүмкіндігінің өзі солай. Яғни Еуропаны газ арқылы қорқытып келген Мәскеудің позициясын әлсірете түсетін іс бұл. Оның үстіне Әзербайжанның ресейлік «Южный поток» жобасына қосылғысы жоқ. Транскаспий газ құбыры желісін жасау ниеті тағы бар. Бұл дегеніңіз — Түркіменстан газын Каспий теңізі арқылы алдымен Әзербайжанға, содан соң Түркияға, одан әрі Еуропға тасымалдау деген сөз. Бұл өз кезегінде өңірдегі түркі мемлекеттерінің нығаюына, әсіресе Түркияның энергоресурстар тапшылығынан құтылуына және Еуропаның Ресей газына тәуелді болмауына септігін тигізеді. Ал посткеңестік елдерді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстағысы келген Ресей үшін бұл тиімсіз сценарий.

Үшіншіден, Баку қазір батыспен де, шығыспен де тәуір қарым-қатынаста. Яғни еуразияшылдық идеясын Кеңес Одағын тірілту мақсатында қолданып жүрген Ресеймен де, Еуропа елдерімен де тәуір. Ал Ресей болса мұндай саясатты жақтырмайды. «Не бізбен біргесің де, біздің дұшпанымызсың!» деген ұстанымда. Саясаттанушылар еуразияшылдық пен еуропашылдық түптің-түбінде қақтығысатындығын айтады. Әрине, мұндай қақтығысты Ресей ұйымдастыратыны сөзсіз. Ал мұндай жағдайда Ресейдің дегеніне көнбесе, Әзербайжан құрбан болуы мүмкін. Оның үстіне бұл идеялардың экономикалық астары тағы бар. Әзербайжандар жылына тек қару-жарақ үшін миллиардтаған доллар бөледі. Орыстың соңғы үлгідегі Т-90М маркалы танктерін де, АҚШ-тың «Хаммерлерін» деп сатып алып жатыр. Ал орыстар болса Бакуге тек өз қаруларын сатқысы келеді. Мейлі жаңасы болсын, мейлі ескісі — бәрібір. Ақша түссе болды. Сондықтан орыстарға Бакудің тек өздерімен «жақсы тұрғаны» керек.

Төртіншіден, Әзербайжан Ресейдің бірыңғай әуе қорғанысы жүйесін құруға кедергі жасайтын ел. Өйткені Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кірмейді. Ал бұл ұйымның мүшесі Армения Ресеймен тікелей шекараласпайды. Қазақстан болса Ресеймен бірыңғай әуе қорғанысы жүйесін құруға келіскен. Яғни Мәскеу Қазақ жерінің аумағы есебінен оңтүстіктегі әуе кеңістігін қауіпсіз етіп алды. Біздегі радарлар арқылы оңтүстіктен жау шапса Мәскеу дайындалып үлгереді. Ал біз жаман айтпай жақсы жоқ, алғашқы соққыны жейміз. Бірақ Мәскеудің Кавказда ондай қорғаныс жүйесі жоқ. Әзербайжанның Гәбала ауданындағы радио-локациялық жүйе қазір орысқа қызмет етпейді. 2012 жылы Мәскеу мен Баку стансаның жалға беру құнына қатысты келісе алмай, станса әзербайжандардың қолына өткен. Әзербайжандар жалға беру ақысын 7 млн доллардан 300 млн долларға бір-ақ көтерген. Сөйтіп, Мәскеу стансадан бас тартқан болатын. Амалсыз, әрине. Бұл «Дарьял» жүйесіндегі стансалардың бірі еді. КСРО-да небәрі 8 станса болған. Бұлар баллистикалық зымыран шабуылдарынан қорғануға арналған-ды. Бақылау радиусы 6000 шақырымды қамтитын. Қайта жаңғыртудан кейін радиусы 8500 шақырымға дейін жеткен. Гәбала РЛС-і арқылы Мәскеу Иран, Түркия, Үндістан, Таяу Шығысты тұтастай, Үнді мұхиты мен Австралияның жартысын бақылауда ұстайтын. Тіпті футбол добындай затты көретін. Енді ол жоқ. Сондықтан Кавказ жағы Мәскеу үшін қауіпті. НАТО-ның Парсы шығанағындағы немесе Қызыл теңіз бен Жерорта теңізіндегі бір кемесінен баллистикалық зымыран атылса, Мәскеу дер кезінде «сезіп» үлгермей қалуы мүмкін. Қазақстандағы, Кавказдағы әскери округтердің шағын радарларымен оңтүстік жақтан төнетін қауіптің алдын алу қиын. 2012 жылы Мәскеу өзінің Батыс елдерімен қазіргідей текетіреске баратынын ескермеген де шығар. Сол себепті қазір опық жеп отыр. Ал жаңа РЛС-тер салу жұмысын орыстар 2020 жылы аяқтайды. Сондықтан Путин Әзербайжанның Мәскеудің дегенінен шықпағанын қалайды. Әрі Гәбала РЛС-і үшін кеткен есені қайтару керек.

Міне, осындай мәселелер Ресейдің Бакуді күштеп болса да, өзіне кіріптар қылуына себеп бола алады. Әрине, Кавказдағы бауырлардың басына күн туғанын қаламаймыз. Бірақ Әзербайжанға қауіп төнсе оған өзге түркі елдерінен нақты көмектің болатынына сену қиын. «Түркия көмектесер» деген үміт бар. Түркияның жаңа премьері Ахмет Дауытоғлу: «Әзербайжан аумағының басқыншылардан босатылуы — Анкара үшін ең басты мәселенің бірі» дегені рас. Бірақ саяси мәлімдемелер жасау бар да, нақты іс бар. Екі бөлек дүние. Сондықтан түркі жұртының көмегіне сенуге болмайды. Қазақ елінің, Өзбекстанның, Түркіменстан мен Қырғыз елінің жағдайы белгілі. Құр мәлімдемелермен шектеледі немесе үнсіз қалады. Қазақтар ҰҚШҰ талаптарына сәйкес, бастысы Әзербайжанға қарсы шықпасы болды. НАТО да нақты іс-әрекетке бара қоймайды мұндай жағдайда. Ресеймен ашық соғысқа шығудың зияны көп. Оның үстіне Оңтүстік Кавказ НАТО күштерінің қимыл жасауына қолайлы жер емес. Іргеде Иран, Ирак бар. Тіпті бауырларға көмектесеміз деп құлшынғанның өзінде түріктер Армения жерімен әскерін алып өте алмайды. Ашық соғыс бола қалса осындай күрделі мәселелер бар. Бірақ диверсиялық әрекеттер, Қырым, Донецк және Луганск сценарийлерін қайталауға орыстардың мүмкіндігі жетеді. Мұндай жағдайда әзербайжандарды қолдап, көмектеспек болғандар да осы сценарийге жүгінуге мәжбүр болады. Ал шиеленіс ұзаққа созылып кетеді. Бұл бұқарасы бақуатты өмір сүруге үйренген еуропалықтарға тиімді емес. Экономикалық зардабы қиын. Әрі «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа кезеңі басталуы мүмкін. Қысқасы, мұндай сценарий кімге де болса тиімсіз.

Рас, әзербайжан бауырларға жамандық тілемейміз. Тыныштықта өмір сүрсін. Қарабақты қайтарып алсын. Бірақ қазіргі Мәскеудің саясатына қарап отырсақ, Таулы Қарабақтың да орыстың қолайына жағатын сценарий «жазуына» қолайлы жер екендігін байқаймыз. Мұны тек біз емес, батыстық сарапшылар да байқап отыр. The New York Times газетінде жарық көрген мақаласында Хайфа университетінің профессоры Бренда Шеффер де өз күдігін жасырмаған. Ғалым тамыз айында Таулы Қарабақта әзербайжан-армян қақтығысының күшейгенін Мәскеудің ісі ретінде бағалайды. «Қақтығыс Ресейдің өңірге «бітімгершілік күштерін» енгізуіне сылтау болады. Сөйтіп, Әзербайжан да, Армения да батыспен тығыз қарым-қатынас орната алмай қалады», — дейді автор. Ол тамыздағы қақтығыстарды армяндар ұйымдастырғанын, бірақ олардың Ресейдің келісімінсіз ештеңе жасай алмайтынын айтқан. Шамасы, Арменияның Кеден одағына мүше болуына ұмтылып жүргенінің сыры да осында шығар. Дегенмен Шеффер армяндардың да батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі екендігін ескертіпті. Қысқасы, Таулы Қарабақ түркі жұртының бірлігін, әлемдік державалардың Ресейге қатысты ұстанымын сынайтын аймаққа айналуы мүмкін. Ал Қазақстанға келер болсақ, біздегі жағдай әзірге Мәскеуге тиімді. Жалғыз сылтау тіл мәселесі мен кейбір Путинге хат жазғыштар. Бірақ әлем жұртшылығы есерленген Ресей басқыншыларын Украинада тоқтатпаса, келесі кезек түркі мемлекеттерінің бірі болары анық. Өйткені Путин мен оның жандайшаптарының айтып жүргендері соны меңзейді.

zhebe.com cайтынан алынған

Автор: Ардагелді Саяси

Толығырақ: http://alashainasy.kz/sabaktar/ukrainadan-son-km-kazakstan-ba-alde-azerbayjan-ba-53961/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі