АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ» ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАУІП ТӨНДІРЕ МЕ?

загруженное (7)«Ислам мемле­кетін» құрушы қару­лы топтар, міне, бірнеше ай болды, Ирак және Сирия жерінде соғысып жатыр. Мақсаттары – Исламдық халифат құру. Қазір олар Ирактың 40 пайыз, Сирияның 30 пайыз жерін өздеріне қаратып алды.

Бұл қарулы топтан келетін қауіп өте зор көрінеді. Мұны АҚШ та, Еуроодақ та мойындап отыр. Әсіресе, олардың қорқасоқтап отырғаны, осы топта соғысып, діннің өзге ағымымен уланып қалған азаматтар ертең еліне оралған соң, үлкен қатер көзіне айналмақ. Өйткені қарулы топтар құра отырып, мемлекетте дүмпулер ұйымдастыруға, тұрақсыздыққа һәм тұтастығына селкем түсіруге ұмтылмақ. «Дәл осындай қауіп Қазақстанда да бар» дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев. «Әрине, қазір Ислам мемлекетін құрушы топ Сирия мен Ирак жерін басып алуға тырысып жатыр. Әлемнің әр қиырынан жиналған содырлар сол аймақта халифат құруға ұмтылыс жасауда. Сондай-ақ, сол жерде әскери тәжірибе жинақтаған «можахедтердің» кейбірі өз елдеріне оралып жатыр. Бізге үлкен қауіп осы елге оралып жатқандардан төнуі мүмкін. Олар жасырын радикалды топтарды өздеріне тарта отырып, отқа май құйғандай тірлік жасамақ. Америкалықтардың келтірген дәйегіне қарайтын болсақ, қолына қару алып қақтығысып жатқан Ислам мемлекеті тобында 25-30 мың адам бар көрінеді. Ал біздің елден барған содырлардың саны қанша болмақ? Кейбіреулер 250 дейді, тіпті бәзбірі 2,5 мың дегенді айтады. Ақиқатқа тік қарайтын болсақ, олардың санын нақты ешкім білмейді. Сарапшылар да, тіпті арнаулы қызмет орындары да». Демек, бүгін болмаса да ертең елімізге сырттан агрессия жа­салмағанмен де, мысық табандап келетін бір қауіп­тің бары анық болып тұр. Сарап­шы­лар не дейді?

1409721169_b

Нұрлан Сейдін, саясат­танушы:

– Досым Сәтбаевтың алаң­даушылық танытуы дұрыс. Өйткені «Ислам мем­лекетін» құрамын деп соғысып жүрген қарулы топтармен арамызды бірнеше мемлекет, бірнеше мыңдаған шақырым бөліп жатса да, олардан келер қауіп-қатер жоқ деп өзімізді-өзіміз алдап отыра беруге болмайды. Лаңкестік топтар үшін шекара жоқ. Соның ішінде Досым нақты санын келтіргеніндей, жүздеген қазақстандық аза­маттар сол жақта жүрсе, қауіптің көкесі сол. Си­риядағы қантөгісте қазақстандықтар бар екенінен жұртшылық хабардар. Оны Ұлттық қауіп­сіздік қызметі де мойындады. Ертең сол жерлерде арнайы базаларда жаттығудан өткен, соғыста шыңдалған содырлар елге оралып, қа­рулы топтар құрмасына кім кепіл? Бәрі мүмкін. Жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан арнау­лы қызмет орындарының жұмысын күшейту керек. Сыртқа шығатын еліміздің кез келген аза­матын бақы­лауды күшейткен дұрыс. Соны­мен қатар, көрші жатқан мемлекеттердің ар­наулы қызмет орын­дарымен де байланысты күшейтіп, жүйелі түрде, бірлесе қызмет еткен жөн. Сол кезде ғана біз көптеген оқыс оқиға­лардың алдын аламыз. «Әл-Қаида», ауғандық тәліптер, бүгінгі Ислам мем­лекетін құрғысы келген топтардың барлығы тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін қауіп ошағы болып саналуда. Бірін жойсақ, екіншісі әлемнің өзге бір қиырынан өзге атаумен бас көтеріп жатады. Былайша айтқанда, мың басы бар аждаһа се­кілді. Сондықтан олар бас көтеріп, халыққа зия­нын тигізбес бұрын, оларды тұншықтырып отырған жөн.

Гүлшат Нұрымбетова, саясат ғылымдарының докторы, профессор:

– Әрине, қауіп-қатерді жоққа шығаруға болмас. Өйткені бірер жыл бұ­рын Қазақстанның батысында болған оқиғаларды ала­йық. Бұл  –  қашанда қауіп бар екенін ұмытпауымыз үшін сабақ. Дегенмен керемет үрей туғыза­-тын жағдай емес. Ең бас­тысы, арнаулы қызмет орындары белсенді жұ­мыс істесе, тыйым салынған ұйымдармен бай­ланысы бар адамдарды, пиғылы бұзық адам­дар­ды жедел іздеп тапса, олармен қатаң жұмыс істесе, қауіптің алдын алуға болады. Бұл жерде өзге мемлекеттердегі құқық орындарымен де бірлесе жұмыс істеу керек. Бізде жоқ деректер­ді олардан, оларда жоқты бізден алып де­ген­дей. Сондай-ақ халық арасында, жастар ара­сында бөтен ағымдардан сақ болуы үшін түрлі үгіт-насихат, іс-шаралар өткізіп, сауатын ашып отырған жөн. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бағыт-бағдарымызды анықтап алғанбыз. Сондықтан жат, әсіребұзық ағымдарға еріп кетуіміз екіта­лай деп ойлаймын.

 Дайындаған Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ. Айкын