АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚҰРСАУЫНДАҒЫЛАР ҰТЫЛҒАН ҰРПАҚ ТУРАЛЫ СӨЗ

bookmaker (1)Жуырда редакциямыздың электронды поштасына болмыс-бітімі өзгешелеу хат келді. Хат болғанда, бас-аяғы – екі-үш сөйлем: «Сәлеметсіздер ме? Менің сіздерден үлкен өтінішім бар. Жастардың санасын улай бастаған букмекерлік кеңселер қызметін әшкерелесеңіздер екен. Мен көп нәрсе айтып берер едім». Хат иесі өзі жайлы ешқандай дерек қалдырмапты. Электронды мекен-жайы арқылы байланысар деген болуы керек. Біз тап солай істедік. Ғаламдық желі әп-сәтте кейіпкерімізбен таныстыра қойды. Ермек (есімін өзгертіп беруімізді өтінді) – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті, болашақ биотехнолог. Жөн біліскеннен кейін, хаттағы мәселеге ойыстық. Ермек бізге ұзақ уақыт букмекерлік кеңселерді жағалап, енді ғана ес жиғанын айтты. Жастықпен істеген білместігінен оңбай опық жеген. Оның айтуынша, бәс тігу ошақтарын екінші үйіне айналдырған өзі сияқты студенттердің қарасы қалың.

 

Ермекті еліткен «ермек»

 

1-курста оқып жүргенде букмекерлік кеңсе дегеннің атын естігенім болмаса, затынан бейхабар едім. Онымен алғашқы таныстығым 2-курста басталды. Ауылдас бір досым оңай олжаның дәмін бір-екі рет татқаннан кейін, мені де байқап көруге шақырды. Ол да бір танысының кеңесімен барыпты бұл қадамға. Бар-жоғы бір-екі сағат ішінде қалтаңды қампитып аласың-мыс. Жас болғандықтан, жаңалыққа еліткішпіз ғой. Бардым. Досым қалай бәс тігілетінін түсіндірді. Ит жарысын құп көрдік. Басқа спорт түрлері сияқты оның нәтижесі ұзақ күттірмейді екен. Ең төменгі ставка – 500 теңге. Ә дегеннен жолым болып, 500 теңгем екі еселенді. Екі-үш қайтара ойнағаннан кейін ұтыла бастадым. Қалтамда 3 мың теңге болған, соқыр тиын қалдырмай санап бердім. «Өй, қайғырма! Тағы келіп, қайтарып аламыз», – деп жұбатты досым. Расында да солай болды. Ақшаңды қайтарып алғанша жаның қалмайды екен. Кешкісін келіп, бағанағы ұтылған 3 мың теңгемнің үстіне 2 мың теңге қосып алдым. Сол күннен бастап букмекерлік кеңсе менің түсіме енетін болды. Қолыма тиын-тебен түсе қалса, тура сонда тартамын. Бірде жеңіліс, сосын жеңіс… қайтадан жеңіліс. Жарты жылдан астам осылай жалғасты. Дос-жаран, қыз-қырқын деген ұмыт болды. Сабақты жылы жауып қойдым. Букмекерлік кеңседе таңды атыратын кезіміз болды. Өзім ақылы бөлімде оқимын, достарыммен бірге пәтер жалдап тұрамын. Ай сайын ата-анам пәтеріңе, жүріс-тұрысыңа деп 30-35 мың теңге жібереді. Оны да шашау шығармай, бәс тігуге апарамын. Сондағы ойым – бір теңгені екі теңге қып, қаржыға тірелетін мәселенің бәрін оңай шешіп алу еді. Құлқынның құлы боп, құмарлыққа қалай салынып кеткенімді аңдамай қалдым. Ең сорақысын айтайын. Бірде кешкі ас ішейін десек, үйде нан жоқ екен. Досымның қалтасында қалған соңғы 500 теңгені нан алуға қимадық қой, сенесіз бе? Есесіне, букмекерлік кеңсені жарылқап келдік.

Бір күні кезекті ұтылыстан кейін, қалған-құтқан ақшамды алуға банкоматқа бұрылдым. Әке-шешем салған 35 мың түсіп тұр екен, қуанышым қойныма сыймай кетті. «Құтты мекеніме» асықтым. Сол күні асығым алшысынан түсті. 35 мың теңгемен барып, 120 мыңды қойныма тықтым. «Дәніккеннен құныққан жаман» дейді ғой. Ертеңіне барып, тағы 50 мың теңге олжаладым. 170 мың деген студент үшін аз ақша емес. Ол ақшаның үштен бірін достарыммен бірге оңды-солды шаштық. Қалғанын не істегенімді білесіз бе? Қайтадан бәс тіктім. Бұл – менің оңбай ұтылған күнім. Алыстағы әке-шешем біле қоймас, ал ай сайын қылқылдап келіп тұратын пәтер қожайынына не бетімді айтамын? Пәтерде бірге тұратын жігіттер өзіммен «мұңдас». Алматыдағы тамыр-таныстан тегіс қарыз алып қойғанмын. Не керек, тығырыққа тірелгенде ұрлыққа да бардық қой. «Сайран» автобекетінің қасында өзіміз шамалас бір жігітті жабылып ұрып, ұялы телефонын тартып алдық. Оның арты қалың сорға айналды. Абырой болғанда, темір тордан аман қалдық. Бәс тігу – нағыз құмар ойыны. Ал, құмар ойынынан шығатын екі-ақ жол бар: түрмеге тоғытыласың не өлесің. Осыған көзім анық жетті.

Қазір Ермек бұл «дерттен» құлан-таза айығыпты. Оңай болмаған. Үлкен қаладан безініп, ауылындағы Алла үйінен сая тауыпты жанына. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді ғой. Жас та болса, Ермек өмір үйреткен ащы сабақты көкейіне мықтап түйген. «Маған салса, бәс тігу орындарының бәрін жауып тастар едім. Олар адамдарды азғыруды ғана біледі», – дейді ашынып. Бәс тігу бизнесі туралы білгенінің бірін қалдырмай айтуға тырысты, оның есігін күзетіп жүрген қазақ жастарының көптігін де қайта-қайта алға тартты.

Тарихы Рим империясы тұсынан басталатын бәс тігу бизнесі бастапқыда тек ат жарысының ғана «тағдырын» болжапты. Кейінірек қораз төбелестіру сәнге айналған. XIX ғасырда бұл кәсіп құлашын кеңге жайды: секіретін мен жүгіретін, ұшатын мен секіретіннің бәріне бәс тігуге болады деп шешті адамдар. Ең бастысы, жанкүйерлер көп болса болғаны.

Өткенін қайдам, бүгін букмекерлік орталықтардың айы оңынан туып тұр. Оңтайлы жердің бәрінде букмекерлік кеңселер бар: аялдама маңайлары, халық көп жиналатын орындар, тіпті білім ошақтарының іргесін де «сәулеттендірген». Сенбесеңіз, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне барып көріңіз. Тіпті букмекерлік кеңселер Абай даңғылының бойын тұтастай меншіктеп алған ба деп қаласың. Мүйіздері қарағайдай «Олимп», «Profit» «Fairplay», «1:0» сынды бәс тігу орталықтары бір-біріне есесі кеткендей, аялдама сайын өз бөлімшелерін ашып тастаған. Барласақ, олардың саны қаладағы дүкендерден асып жығылады екен.

«Аламан»

Бұрын-соңды сыртынан қарап, қаратүнек бөлме мен теледидарға шүйліккен адамдардың сұлбасын көзіміз шалғаны болмаса, букмекерлік кеңсенің табалдырығын аттап көрмегенбіз. Қаратүнектің ар жағында не сыр бүгілгенін білу үшін біреуіне бас сұғуды жөн көрдік. «Тәжірибесі» бар ғой деп қасыма Ермекті ертіп алдым. Көптің ішінен таңдауымыз Тимирязев пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы «Profit»-ке түсті. Өзіңді қалай ұстау керектігі жөнінде Ермектің бірер кеңесін тыңдап болған соң, түнекке сіңіп кеттік. «Ойын бизнесi туралы» ҚР Заңы бойынша жиырма бiр жасқа дейiнгi азаматтардың құмар ойындарға және бәс тiгуге қатысуына тыйым салынады. Алайда Ермектің жасы жиырма бірге толмаған. Кеңседе оны елеп жатқан адам баласы жоқ. Жасымызды қайтсін, «майшелпек» келгеніне мәз.

Ойыншылар үшін барлық жағ­дай жасалыпты мұнда. Шәй, дәретхана, тіпті мызғып алуға ыңғайлы дивандар да бар. Кеңсе­дегі адам ойыннан басқа ештеңеге алаңдамай, ес-түссіз күйге түседі екен. Ставка қабылдап тұрған арық қара қыз жайғасқан биік қара үстелге Ермек шамалас үш-төрт жігіт шынтақтап асылып тұр. Қабырғадағы жалпақ экранды теледидарда – жұлдыздай аққан иттер. Ермекті құртқан атышулы ит жарысы – осы.

Амандасқаннан кейін шет­керірек барып, айналаны барлап тұрғанбыз. «Біреуді іздедіңіздер ме?», – деді талдырмаш қыз. Қай итке бәс тігетінімізді ойланып тұрғанымызды айттық. Ойлануға үш минут уақыт беріледі екен. Болжам коэффициенттеріне байланысты ұтыс көлемі де әртүрлі болады. Ойынның шартын енді ғана меңгеріп жатқандықтан, ит таңдауды Ермектің еншісіне қалдырдым. «Сегізінші ит алғашқы үштіктің бірі болады», – деді де, Ермек әлгі қызға 500 теңге ұсынды. Кеңсе қызметкері біздің болжамды тіркеп, қолымызға түбіртек ұстатты. «Аламан» небәрі 10 секундқа созылды, көзді ашып-жұмғанша мықты да анықталды. Ермектің айтқаны айдай келді. Сары жейдедегі ит үшінші боп жетті. Демек, 2 коэффициент бойынша біз тіккен ақша екі еселенеді. Түбіртекті бергенімізде кеңсе қызметкері бағанағы 500-діктің қасына тағы біреуін қосып берді. Ермек өзінікін алды да, екіншісін кері қайтарды. Клиенттің мұндай қылығын алғаш көрсе керек, қара қыздың аузы ашылып қапты. Оның ес жиғанын күтпестен қош айтысып, шығып кеттік.

Кеше ғана Бразилияда дүркіреп өткен әлем чемпионаты да футбол жанкүйерлерін букмекерлік кеңселерге жіпсіз байлады. Ойын­ның қызығына сүңгіп кеткен талай қандастың қалтасын «Олимп» аямай қақты, пайдадан «Profit» те шет қалған жоқ. Тапқан-таян­ғанын «құмарханаға» ала жүгіретіндердің қатарында қаракөз қазақ жастарының көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Еліміздің болашағы – өскелең ұрпақтың ұпайы үшін казинолар мен ойын автоматтары сияқты букмекерлік орталықтарға да белгілі бір шектеу қоятын уақыт жетті. Өйткені құмар ойын атаулының жығар жары біреу-ақ.

Тақырыпқа тұздық:

 «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуды және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?!»

«Мәида» сүресі, 90, 91-аят.

Анар ЛЕПЕСОВА

http://www.turkystan.kz/