АЛТЫНОРДА
Новости

Антисоветшіл адамдар Шымкентте ату жазасына кесілген

Антисоветшіл адамдар Шымкентте ату жазасына кесілгенҚапездің әні еске оралады. «Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма, Жетім-жесір қасында дос қалды ма? Өкінбейін десем де, өзегім бар, өтіп кетті дүние қас қағымда». Қасіретті заман келмеске кетті. Дегенмен шаң басқан архивте есімдері тергеу абақтысында сарғая бастаған Алаш азаматтарының ерліктері сақталып қалды. Сол шейіттерге жербетілік құрмет – мәрмәрдан қашалған алып ескерткіш, кесенелер тұрғызылды.

Ату жазасына кесілгендердің барлығы да бұрынғы «Албастысай», қазіргі «Қасіретте» жатыр. Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалдық ескерткіштер кешені орналасқан жер бұрын «Албастысай» аталып келгені белгілі. Айтары көп осы бір атаудың астарында талай сырдың жатқаны анық.

Дегенмен белгілі шежіреші, тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы «Албастысай» атауы 1932 жылға дейін де болғанын айтады. Ну қамыс басқан, батпақты алқапта Қоқан хандығы кезінде қарсыласқан қазақтарды дәл осы жерде өлтіру жүзеге асқан екен.

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ, тарихшы, шежіреші:

– Кейіннен НКВД-ның бастығы Н.И.Ежовтың әйгілі №00447 «оперативті» бұйрығы негізінде жазаланғандардың да қаны дәл осы сайда төгілді. Сталиннің 1932 жылғы шілдедегі бұйрығы бойынша, НКВД антикеңестік азаматтардың көзін төрт айдың ішінде толық жойып бітуі керек болатын. Осының кесірінен оңтүстікте І этапта – 1711 адам, ІІ этапта 1311 адам атылған. 12 мыңға таяуы сегіз жылдан 12 жылға дейін сотталды. Ату жазасына кесілгенгердің барлығы да бұрынғы «Албастысай», қазіргі «Қасіретте» жатыр.

«Әзәзілге сендің бе, айтқанына көндің бе, халқым» деген Қапезді «жау деп ұстап бердің бе?!» деген әнін Рамазан Стамғазиевтің орындауынан тыңдаған шақта жүрегіңнің шымырлары сөзсіз. Міне, ұлтымыздың сан мыңдаған Қапездей ұлдарын қорғасын оқ тескен «Қасіретте» тұрмын. Ұлтымыздың рухын бәрінен биік қойған ардақтыларымыз кешегі саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Қазақтың қазақша сөйлегені үшін де жазаға тартылған заман еді ол жылдар. Облыстық қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ұйымдастыруымен мамырдың 31-і күні өтетін елім деп өткен есіл ерлерді еске алу іс-шарасына ұлыдан қалған ұрпақтар келе жатыр. Жазықсыз жапа шеккендердің артында қалған тұяқтары да талай теперіш көргені белгілі. Дегенмен асылдың сынбасы аян. Өткен жылдары сол асылдарымыз ортамызда болып, оңтүстікқазақстандықтармен кездесті.

Атап айтар болсақ, Астанадан Бақыткерей Бейсенованың қызы Роза Бейсенова, Алматыдан Асылбек Сейітовтің қызы Клара Сейітова, Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров, Жұмат Шаниннің ұрпағы Болат Шанин, Құдайберген Жұбановтың қызы Қызғалдақ Жұбанова, Ғабдулхакім Бөкейхановтың ұлы Диас Бөкейханов, Сәкен Сейфуллиннің туысы Рымжан Сейфуллин келмекші. Ташкенттен Садықбек Сапарбаевтың қызы Сара Мұхаммедова, Искандер Саттархановтың ұлы Абдуғани Саттарханов оңтүстікке қадам баспақшы. Сонымен бірге Алашорданың қырғыз қанаты атанған Қырғызстандағы Арабаев университетінің ректоры Төлебек Абұлы, ғалым Шәріп Амантай да осы игі-шараның қонағы болды.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/antisovetshl-adamdar-shyimkentte-atu-jazasyina-keslgen-58576/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі