“Қазақстан үшін толық тәуелсіздік – үлкен қатер.» Олжас Сүлейменов.“АзиЯ”-мен бір кезде Алашты оятқан ақын Олжастың енді “ЕурАзиямен” елдің Толық Тәуелсіздігін тәрк етуге баруы – қазақ үшін Толық Қасірет болып тұр…
Өзінің ұлттық мүддесіне, тілі мен діліне қарсы шығумен таңқалдырмаса, іші пысатын Олжас ағамыз тағы да бүйректен сирақ шығарды. Еуразиялық экономикалық одақ туралы «Азаттық» радиосы тілшісі қойған сұраққа Олжекең: “Қазақстан үшін толық тәуелсіздік – үлкен қатер. Ежелден көрші келе жатқан елдермен одақтас болғанымыз жөн.”- деп, түйеден құлағандай сылқ еткізіпті. Иә, бізде не десең де бола береді… Бұқара халықтың наразылығы бәрібір, билік разы болса, болды… Бірақ, “Тәуелсіздігімізге ешқандай да нұқсан келтірмейміз” деп сендірген билігіміз де бұған разы бола қоймас деп ойлаймыз…
Олжас Сүлейменов біз білгенде баяғыда Желтоқсан алаңын қазақ жастарының қанымен жуған Г.Колбиннің тапсырмасы бойынша «Известия» газетінде «Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болуы керек»-деген мақаласынан бастап, ширек ғасырдан бері ұлттық мүддеге қарсы шығумен келеді. Басында ақын адам айналасындағы орыстілділердің әсерімен айтып қалған шығар деп өзімізді алдадық. Одан кейін де Олжекең талай рет қазақтың үстінен ат айдады. Тағы бір есте ерекше қалғаны – 2005 жылы Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласы әкімі кезінде: “Алматы қазақшаланбай, Қазақстан қазақшаланбайды. Сондықтан Алматыны мемлекеттік тілге көшіреміз”-дегенде жанталаса қарсы шыққан, Елбасыға дейін арыз жазған осы Олжас Сүлейменов еді… Иә, ол Ұлттық кітапханада өткен жиында: «… Осы жерде менің досым Мұхтар (Шаханов) отыр, бірақ мен қазақ тілін Алматы қаласына енгізуге қарсы екенімді Президентке айтамын» – деп ашық мәлімдеген болатын… http://www.qazaquni.kz/?p=1801
“Алматыны қазақ тіліне көшірсек, әлеуметтік жарылыс болады”-деп соқты сонда Олжекең… Бұл барып тұрған айбарақ бопсалау, яғни арандатушылылық пиғыл еді… Бұл жеке өз қарақан басының қамы үшін, халықты жарға итеруге, “жарылыс жасауға” алдын ала шақыру еді.. Ал кейін Атазаңнан орыс тілі туралы бапты алу туралы Мұхтар Шаханов бастаған әйгілі “138-дің хаты” кезінде бір орыс жазушысы (аты есіме түспей тұрғаны, кезінде газетке жазғанбыз), Ұлттық баспасөз клубында: “Билік бізді неге мемлекеттік тілді үйретуге мәжбүрлемейді? Бұл біздің өз Отанымыз Қазақстанда мемлекеттік тілді білмеу барьерінен құтқарар еді… Әлде билік біздің осылай жайсыз жағдайда жүруімізді қалай ма?” – деген мағынада базынасын айтып, нағыз патриот екенін көрсетті. Ендеше, қайдағы “жарылыс”, Алжас Амарович? Енді билік басындағы қазақша білмейтін қазақтардың арасында “Қазақ тілін мәжбүрлесек, Украина болады”-дейтіндер де көбейді. Жұртты алдын ала “жарылыс жасауға”, “Украина болуға” шақырып, дайын сценарий ұсынатын ел тек біздің Қазақстан шығар… Осы кезде еске түсіп отыр, сол кезде “Қазақ үні” (“Жас қазақ үні”) газетінде менің “Орыстар неге Олжасты “Алжас” дейтінін енді түсіндім…”-деген сын мақалам жарияланған болатын… Кейін бұл атау, өкінішке орай баспасөзге жайылып кетті…
Кейін О.Сүлейменов Мәскеуде «Эхо Москвы» радиосында «…Әзірбайжандар мен қазақтар тек орыс тілі арқылы дами алады»,-деп тағы да тантыды…
Содан соң, елдің көбісі Кедендік одаққа қарсы болып жүргенде Олжас Сүлейменов Ақордаға: “Енді Мәдени одақ құрайық. Орталығы – Санкт-Петербург болсын. Атқарушы қызметіне менің фирмам (…?) дайын” -деген мағынадағы, мәдени бодандық пен қаржылық мүдденің иісі аңқып тұрған хат та жазғаны белгілі болды.
“Әкесін сабағанды талай көріп едік, бірақ, арбаға байлап сабағанды бірінші рет көруім”-дегендей, Олжекең, кейінгі кезде тіл мен ділге қарсы шығуын былай қойып, енді тікелей өз ұлтының, өз қазақ халқының талай ғасыр мойнына бұршақ салып жүріп, Алладан тілеп алған қасиетті Тәуелсіздігін тәлкек ете бастады. Талай рет Тәуелсіздігімізді мансұқтайтын сөздерін қазақ қазынасынан қаржыландырылатын орыс тілді баспасөз жерден жеті қоян тапқандай қуана жариялап, насихаттап жүрді. Енді , міне, соның бірі – “Азаттық” радиосына берген сұхбаты…
Иә, Олжекең тілшінің: “Дағдарысқа ұшырап жатқан Ресеймен жақындасу Қазақстанның экономикасы мен қауіпсіздігіне кеселі тимей ме?”-деген сұрағына: “Қазақстан үшін толық тәуелсіздік – үлкен қатер. Ежелден көрші келе жатқан елдермен одақтас болғанымыз жөн.”- деп соғып кеп жіберді…
“Еуразия одағы идеясы туралы мен Назарбаевтан да бұрын айтқанмын” деп, омыраулаулағыш Олжекеңнің одыраң ойы неде сонда? Бұл қазір бар қазақты ойландырып отырған сұрақ… Амал жоқ, “АзиЯ”-мен бір кезде Алашты оятқан ақын Олжастың енді “ЕурАзиямен” елдің Толық Тәуелсіздігін тәрк етуге баруы – қазақ үшін Толық Қасірет болып тұр… Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: “Тәуелсіздікке титтей нұқсан келетін болса, Еуразиялық Одақтан бірден шығамыз!”-деп бірнеше рет мәлімдегені белгілі. Ендеше, сарай ақынының сандырағын билік неге тойтарып тастамай отыр?!.
Онда “Толық Тәуелсіздік – үлкен қатер”-дегеніңіз, “Толық ми – үлкен зиян”-дегеніңіз шығар, Алжас Амарович?!. Дені толық сау, миы жартылай емес – толық, білімі жартылай емес- толық, ұлттық ар-намысы жартылай емес – толық, ұлттық қаны жартылай емес, толық адам, яғни, Толыққанды Ел Тәуелсіздікті де Толық алады! Жарым-жартылай емес… Сонда Сіз өзіңіз туған біздің қазақ халқын толыққанды емес, сондықтан тәуелсіздікті де толық алу зор қатер дегеніңіз бе? Ана сүті мен ана тілінің қуаты бірдей, оның бірі жетіспесе, ол бәрібір кемшілік-кеселін көрсетіп қояды. Ана тіліңіздің уызын ішпегендіктен жұқтырған Жеке өзіңіздің құлдық мінезіңізді Күллі қазаққа неге таңасыз? Сізбен қатар елге аты шыққан бұрынғы одақтас елдердегі, қазіргі Толық Тәуелсіз елдердегі қаламгерлер неге осылай өз ұлтына қарсы шаппайтынын Сіз бір мезет Толық ойлап көрдіңіз бе? Бұған, бабалардың сан жылдардан бергі армандаған, талай ұлыларымыз бен ұландарымыз құрбан болып, қанын төккен қасиетті Тәуелсіздікті тәрк етуге қисайып қалмай, қалай ғана аузыңыз барды? Бірақ бұлай айту үшін де… “Толық Тәуелсіздік – үлкен қатер”-деу үшін де Толық мидың… керегі жоқ шығар… Олжеке!
Ендеше, айналаңыздағылардың “Алжас” атауын ақтаған екенсіз, Алжас Амарович!
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz