АЛТЫНОРДА
Новости

Кеден одағы елдері бір-біріне санкция сала бастады

©Алаш айнасы иллюстрациясыКеше Белоруссия Ресей азық-түлік тыйымына қарымта қайтарды. Сөйтіп 12 желтоқсанда арнайы жиында Мәскеу мен Минск арасында туындаған сауда-саттық дауына нүкте қойылады деген үміт ақталмады. Бұл келеңсіз жайт Кеден одағына қалай әсер етіп жатыр?«Алаш айнасы» осы мәселенің ара-жігін мамандар пікірімен саралап көрді.

Кеше Беларусь Республикасы өз территориясына ресейлік тез әзірленетін макарондардың тасымалдануына тыйым салды. Атап айтқанда, «Биг Ланч», «Лагман по дунганский» және «Золотая лапша». Бұл тауардың бәрі Ресейдің «БиоФуд» ірі зауытынан өндіріліп шығады. Көрші елдің өндірісіндегі «бомж-қапшықты» зерттеу кезінде беларусь санитарлық қызметі шамадан тыс ашытқы, ішек таяқшаларын, зеңді анықтаған.

Сол секілді «Мокка» кофесінен де бас тартып отыр. Ол Ресейдің «Паулинг Рус» кәсіпорынында қапталып, саудаға шығарылады екен. Санитарлар одан адам ағзасына қауіпті зат — афлатоксин В1 анықтаған.

Ресейлік тауарларды жіті қадағалауға алған Беларусь Республикасының санитарлық қызметі бұл «қара тізімнің» әлі де толыға түсуі мүмкін екендігін ескертіп отыр.

Сарапшылар Беларусь Республикасының бұл шешімін Ресейге қайтарған қарымтасы деп бір ауыздан бағалап жатыр.

Еске сала кетелік, 26 қарашада Россельхознадзор Беларустың алты бірдей ет комбинаты өнімдерін Ресей нарығына өткізбеу туралы қаулыны жариялаған. Жалпы, Беларустан Ресейге жылына 400 мың тонна (300 млн$) ет экспортталады екен. Кейіннен ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін тағы 17 кәсіпорынның тауарына Ресейге қарай жол жабылды. Бейресми түрде Мәскеу санкция салынған елдердің тауарын Ресейге реэкспорттамас үшін Минскіге осылайша күш көрсетіп жатыр делінеді. Әрине, бұл жайт Минскінің ашу-ызасын туғызған.

Ертеңінде-ақ, 27 қарашада Санкт-Петербор қаласының губернаторымен кездесуі кезінде Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко: «Ресейлік биліктің мұнысы таң қалдырып қана қоймайды, адамды жынды қылады. Екі елдің сауда-саттық жайы қалыпқа келтірілмесе, онда біз жауап қатуға мәжбүр боламыз» деп мәлімдеді. Минскінің пікірінше, бұл Ресеймен арадағы қарым-қатынас тарихындағы бір сәттегі жаппай салынған тыйым боп табылады.

РФ Экономиалық жоғары мектептің профессоры Алексей Портанский:

«Кеден одағы Ресейге қазір ауадай қажет. Осыны Қызыл Кремль дұрыс түсінуі тиіс. Қандай да бір басы артық мандарин мен қызанақ үшін одақтастармен қырқысып әбүйір таппаймыз. Сондықтан дәл қазір отпен ойнауға болмайды. Дауды созған сайын ол күрделене береді. Осы жағынан алғанда, мен 12 желтоқсанда өтетін ТМД-ның экономикалық кеңесінің отырысында бұл мәселе барлық тарап үшін оң шешімін табады дегенге сенгім келеді» деп «Gazeta.ru» сайтына пікірін жайып салған. Көптеген ресейлік сарапшылар да осындай ойда болған. Бірақ, бұл үміт ақталмады.

Одақтасамыз деп сөз байласып отырған елдердің өз ішінен маза кете бастаса не болады?..

Қазақстан ЕАЭҚ ішіндегі әріптестер дауына араласудан бас тартты

Саясаттанушы Уәлихан Төлешов Мәскеу мен Минск сауда-саттық дауын реттеуден Қазақстан бас тартқанын, бұл біз үшін дұрыс позиция екенін айтады.

— Әрине, Кеден одағы елдерінің өз ішінде санкцияның басталып кетуі жақсы нәрсе емес. Бұл өте қауіпті. Әсіресе, экономикалық одақтың болашағы үшін. Лукашенко Мәскеуді өзара ымыраға шақырды. Әйтпегенде өз елінің экономикалық мүддесін қорғауға барын салатынын мәлімдеді. Өкінішке қарай, қос тарап экономикалық тұрғыда ауызбіршілікке келе алмаған секілді. Беларусь Республикасы Еуропалық одақпен жақсы қарым-қатынаста. Өзара тауар айналым деңгейі де жоғары әрі бір-біріне тікелей тасымал жасай да алады. Сондықтан оларға қазір қиындау, яғни Ресей мен Батыстың арасы қатты салқындап кеткен кезде. Ал Қазақстанға Батыс тауарлары тікелей келмейді, сондықтан бұл мәселе бізге тікелей әсер ете алмайды. Қалай дегенмен де ресми түрде Қазақстан бұл дауды реттеуге қатыспайтынын мәлімдеді. Ол үшін бізге Ресей ренжіп те қалды. Бірақ біз дұрыс істедік. Өйткені бұл ретте Қазақстан үнсіз қалмай, өз реакциясын білдіріп отыр қой. Енді бізге әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ…

«СОҚЫРЛАР ПАРАБОЛАСЫ»

ФБ-дағы «EAЭҚ: Титаник тағдыры қайталана ма?» деген жазбасында белгілі отандық қаржыгер Берлин Иришев мұндай жайттың күтілгенін жазыпты.

«ЕАЭҚ атауындағы жолаушылар кемесінің теңізге шығу күні таяған сайын Титаниктің жайы ойыма орала береді. Қазірдің өзінде бортқа түскен салмақ артып кетті: бір баррелі бұрынғы 100 доллардың орына 66 доллардың мұнайы, жыл басындағы құны 37 рубльдің орнына 66 рубльдің 1 доллары, 100 миллиардап сыртқа кеткен капитал, инфляцияның рекордтық көрсеткіші, девальвация қаупі, экономикалық деградация, азықтүлік эмбаргосы…

Бәрінен бұрын мұның барлығы ЕАЭҚ-тағы басты әріптестің маңайында болып жатқан геосаяси шиеленіске байланысты орын алып жатыр. Ал бұдан кейін мұндай кемеге кім отырғысы келеді дейсіз?.. Мұндайда голланд суретшісі Брегелдің «Соқырлар параболасы» атты үрей туғызар картинасы көз алдыңызға келеді екен» делінген ғалым жазбасында.

Автор: Кәмшат Сатиева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/keden-odagyi-elder-br-brne-sanktsiya-sala-bastadyi-59239/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі