АЛТЫНОРДА
Новости

Тілшінің тірлігін кім ойлайды?..

Журналист қауымын халықтың «көзі, «құлағы», тіпті «үні» десек жаңсақтық болмас. Алайда осы ел мен билікті байланыстырушы тілшілер қауымын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында да көз жетті.
Адамгершілік, ел мүддесі тұр­ғы­сы­нан ойлап қарасақ, дәрігерлер мен ұстаздар сияқты журналистер қандай нысанда, мейлі жекеменшік нысанында болсын мамандығымен қызмет етіп жүрсе, мемлекет оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіс екенін ұғыну қиын емес. Ал қазір, әсіресе қазақ журналистері үшін баспаналы болу өзекті мәселеге айналып отыр. Жалақысы мен қаламақысы тамағы мен киімінен артылмайтыны өз алдына, кейбір әріптестеріміз ай сайын пәтер жалдағаны үшін біраз қаражатын жұмсауы керек. Қазақ тіліндегі БАҚ-тардың қалталы қожайындары болмайтынын, тендерден өткендері мардымсыз жалақымен ғана күн көрерліктей қаржыландырылатынын аңғару қиын емес. Тіпті республикалық басылымдар журналистерінің табысы депутаттардан ондаған есе аз болуы олардың ел өміріне сіңірген еңбегі мен ықпалы ескерілмегенін ұқтырса керек.
БАҚ-тар дегеніміз билік орындары­ның жұмысын, тәжірибесін насихаттаумен қатар жақсы қырларын жарнамалап, кемшілігін тауып сынға алып, оның түзетілуіне қанша күш-жігер, ақыл-парасат, білім мен білік жұмсайтынын қаржымен есептеп көрсек олардың пайдасы кез келген кәсіпорындар мен компаниялардан артық болмаса кем болмайтынын бағамдауға болады.
Жуықта ғана Үкімет басшысының атына журналистер қауымының баспаналы болу мәселесі туралы депутаттық сауал жолдаған сенатор Нұрлан Оразалин осы жолғы отырыс­та да мәселенің мән-жайын тарқата түсті. Қолжетімді үйлерге бюджеттің мойнында отырған, бюджеттік мекемелерде жұмыс жасайтын азаматтар ғана қол жеткізеді. Ал енді қоғамдық ұйымдарда қызмет ететін, қоғамның, мемлекеттің дамуына үлкен үлес қосып, қаншама пайдасын тигізіп жүрген қызметкерлер одан шеттетілген. Депутаттың айтуынша, үйі болмай, күйі келмей жүрген ақпарат құралдары өкілдерінен үлкен нәтиже күтудің өзі әбестік. Сенат «Тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша» ұлттық заңнаманы түзететін жаңа заң жобасын екінші оқылымда қараған болатын. Нұрлан ­Оразалин журналистер мен қаламгерлерге қатысты мәселенің онда да шешімін таппағандығына қынжылыс білдірді.
«Бұл қауымды «Қолжетімді бас­пана» бағдарламасы арқылы не басқа жолдармен тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Бұл жайтқа идеологиялық тұрғыдан келу керек. Егер журналистердің баспанасыздығы проблемасы ары қарай шешілмесе, бұл бүкіл БАҚ-тағы мемлекеттік бағыттың, идеологияның әлсіреуіне, ойдағыдай болмауына әкеп соғады» деп сенатор мәселенің мәнісін одан ары тереңдете түсті.
Бір сөзбен айтқанда, тек мем­лекеттік қана емес, патриоттық ба­ғытта шығып жатқан басылымдар журналистерінің жалақысы мен қаламақысын мемлекет тарапынан еселеп молайту, оларды бірінші кезекте тұрғын үйлермен, өзге де қа­жеттермен толық қамтамасыз ету жергілікті жерлерден бастап Үкіметке дейін міндетке айналуы керек. Бұлай болмаған жағдайда еліміз экономика жағынан қанша дамығанымен идеология жағынан ақпарат майданында жеңіліске ұшырап, елде қылмысты, өзге де келеңсіздіктерді жою мүмкін болмай, өрши беретінін, мұның соңы тәуелсіздікке, халыққа қатер төндіретінін түсіну қиын емес.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

http://anatili.kz/?p=26446