Әлем бойынша миграция мәселесі күйіп тұр. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, халықаралық мигрантар саны 2010 жылы 214 миллион болса, 2013 жылы 232 миллионға жетіпті.
Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның келтірген дерегіне сенсек, 2050 жылдарға қарай 405 миллионға дейін ұлғаймақ көрінеді. Соның ішінде еңбек мигранттары қаулап өсіп келе жатқанға ұқсайды. Тағы бір ресми дерекке сүйенсек, Еуродақ аумағында 30 миллион мигрант бар. Көрші Ресейде де жағдай мәз емес. «700 мың адам ғана тіркелген, ал 10-15 миллион шетелдік тіркеусіз жүр» деген нақты дерек бар. «Бұл үлкен қауіптің көзі. Мәселен, миграция мәселесін дұрыс жолға қоя алмаған Еуропа елдері қазір соның жазасын тартып отыр. Солтүстік Африка, араб елдерінен келетін мигранттардың көбі арнайы мамандар емес. Екі қолға бір жұмыс деп қаңғып келгендер. Жұмыс таппаған олар түрлі қылмысқа барады. Соның кесірінен терактілер, жарылыстар, дүмпулер орын алып жатыр. Егер Еуродақ миграция мәселесін дұрыс шеше алмаса, алдағы қырық-елу жылдан кейін осы аймақтағы кейбір мемлекеттер африко-араб, яғни мұсылман мемлекеттеріне айналып шыға келмек» деседі көптеген сарапшылар.
Содан болар, Ресей мигранттарға байланысты заңды күшейтті. Соның ішінде еңбек мигранттарына байланысты. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заң бойынша, Ресейге келетін шетелдік жұмысшылар арнайы емтихан тапсырады. Қысқасы, уақытша тұру және жұмыс істеу үшін орыс тілінен, Ресей тарихынан және құқықтанудан ауызша және жазбаша сынақтан өтесің. Демек, орыс тілін шекілдеуікше шақпасаң да, жөн сұрайтын халде болуың керек. Сосын «Ресей қай кезде христиандықты қабылдады, қай кезде Наполеон мен Гитрлерге қарсы соғысты, Бірінші ресей революциясы қай ғасырда орын алды, декабристер көтерілісі болған жыл, КСРО қашан құрылды, «Ғарышқа алғаш қай жылы адам көтерілді, КСРО қашан тарады, Ресей президенттерінің аты-жөні», т.б., бұл – тарихтан келетін сұрақтардың бір тобы. Бұдан кейін Ресей заңын білуге тиіссің. Егер білмесең, Ресейге аттап басудың реті жоқ. Өйткені саған ешкім жұмыс бермейді. Ал заңсыз тығылып жұмыс істегiң келсе өзің біл. Бірақ жалдаушы еңбекақыңды төлемесе, ешқайда барып шағымдана алмайсын. Шағымданбақ тұрмақ, елден дереу аластатады. Егер емтиханды дұрыс тапсыра алсаң, жаңа заң бойынша сертификат аласың. Ол 5 жылға жарамды. Дегенмен биылдан бастап күшіне енген жаңа заңның әсері ме, әлде санкцияның құрсауында қалған Ресейдегі (рубльдің құлауы, орта және шағын бизнестің шатқаяқтауы) жағдай ма, әйтеуір Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген гастарбайтерлер ағылып елге қайта бастады. Бірақ бұл үрдіс ұзаққа созылмасы белгілі. Себебі, бұл елдерде жұмыс күшіне сұраныс аз. Экономика әлсіз, әлеуметтік жағдай қиын. Демек, Ресейден кері қайтқандар елде ұзақ жата алмасы белгілі. Бірақ нәпақа табар Ресейдің жағдайы анау. Осыдан келіп гастарбайтерлер ендігі кезде экономикасы қарышты дамып келе жатқан, жұмыс орындары көптеп ашылып жатқан, теңге бағамы тұрақты һәм көрші жатқан Қазақстанға қарай ағылуы мүмкін. Бұған күмән келтіруге болмайды.
Онсыз да көрші республикалардан келіп, елімізде жалданып жұмыс жасап жүргендер жеткілікті. Мәселен, «ресми деректі қайдам, бейресми деректерге қарағанда, біздің елдегі еңбек нарығында 500-600 мыңдай гастарбайтер жұмыс істейді. Ал ресми деректер елде шамамен тура сонша қазақ азаматы жұмыссыз жүр деген ақпарат береді. Сырттан келетін жұмысшыларға жалтақтай бергенше, өз кадрларымызды дайындау жеңіл емес пе деген сауал туындайды» дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев. Рас, сырттан уақытша келіп жұмыс істейтіндер еш елге опа әкелмесі белгілі. Қазіргі лаңкестік оқиғалар асқынып тұрған кезде тіпті қиын. Қарапайым жұмыс адамының атын жамылып, елімізге пиғылы бөтен жандар да еніп кетуі мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстанда өз тілін (мемлекеттік тілді) білетін, тарихын құрметтейтін, жергілікті заңнан хабары бар адамдарды ғана елге енгізгені жөн-ау. Осының бәрі ескеріліп, Еңбек миграциясы жөніндегі заң актілеріне өзгертулер, қосымша тармақтар енгізген дұрыс болар еді.
Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері:
– Сырттан келетін жұмыс күшіне түрлі талаптар қою – дүние жүзінде бар тәжірибе. Одан қорқудың жөні жоқ. Соны іске асырсақ болғаны. Рас, еңбек мигранттарының атын жамылып келіп, елімізде түрлі қылмыс жасап, діннің қатерлі ағымдарын насихаттап жүргендер жоқ емес. Сондықтан оларға арналған заң баптарын күшейткен дұрыс. Өйткені сақтану шаралары қажет. Төрткүл дүниеде не болып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Қауіп жоқ емес, бар. Егер қазір Ресейге баруға жолы кесілген гастарбайтерлер тобы бізге қарай ағылатын болса, сөз жоқ, қоғамда қарсылық, наразылық тудырары хақ. Тіпті өз еліміздің азаматы істейтін жұмысты сырттан келгендер арзанға жалданып атқарып жатса, түбі әлеуметтік жарылыстарға алып келері анық. Сондықтан оларға шектеу қойылуы тиіс. Ресей деңгейінде өз тілімізді құрметтетіп, тарихымызды білдіртіп, заңымызды сыйлатып жатсақ жаман ба? Жалпы, бұл тек Ресей емес, өркениетті елдердің бәрінде бар заң. Мысал, неміс не француз тілін білмесең, сен ол жақта аула сыпырушы болып та жұмысқа тұра алмайсын. Сондықтан еңбек миграциясы жөніндегі заңға өзгерістер енгізіп жатсақ, оның өзі қажеттіліктен туындап жатыр деп ұққан жөн.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
http://www.aikyn.kz/articles/view/63860