АЛТЫНОРДА
Новости

Жекеменшік университеттер жабылуы тиіс пе?

©Нұрғиса Елеубеков (фото)Он мың студенттен аспайтын жоғары оқу орындары жабылуы тиіс. Өйткені жекеменшік білім беру орындары сапалы білім беруді қамтамасыз етуге қауқарсыз. Парламенттегі халық қалаулылары осылай деп дабыл қағуда. Депутаттардың пікіріне назар аударсақ дәл қазір қазақ елінде саны бар, сапасы жоқ университеттер жетіп артылады. Ал, білім дәрежесі болса күрт төмендеп кеткен. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жоғары оқу орындарын жабу қажет. Олай етпесе ұрпақ болашағына, яғни сапалы маман даярлау жолына елеулі қатер төнбек. Парламентте осындай сын садағына ілінген жоғары оқу орындарына енді қайтпек керек? Бүгінгі тақырыпты күйіп тұрған мәселенің күнгейі мен көлеңкесіне арнауды ұйғардық.

Салыстыруды тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастасақ. Статистика қазақ елінде сонау 1991 жылы 17 миллион халыққа небары 55 оқу орны болғанын растайды. Ал сол уақытта жоғары оқу орны деген дардай атақты тек екі-ақ университет иеленіпті. Яғни, осы университеттің түлектері экономиканың барлық саласын жоғары сапалы мамандармен қамтамасыз еткен. Ал 23 жыл өткенде екеудің орнына 127 жоғары оқу орны қол жеткізіпті. Олардың 72-сі жекеменшік жоғары оқу орындары. Салыстырмалы түрде айтсақ, 63 миллион халқы бар Англияда тек 89 жоғары оқу орны қызмет атқарады. Ал Европа мен Оңтүстік Шығыс Азияның дамыған елдерінде 320 мың адамға 1-ақ жоғары оқу орындарынан келеді. Ал, бізде 133 мың тұрғынға бір университеттен келеді.

Депутаттар осылай деп дүйім жұртқа жар салды. Парламент деректеріне сенсек бүгінгі күні қазақ университеттерінің жарты миллион студенттерінің тек 130 мыңы мемлекеттік грантта оқыса, қалған 340-мыңы ақылы негізде оқуда. Яғни, осынша студент жыл сайын жекеменшік университеттердің көмейіне миллиардтап қаржы құяды. Алайда, қаншалықты ақы алса да студенттер білімінің сапасы алға жылжыр емес. Керісінше күн санап құлдилап берекесі кетіп барады. Ал қолдарына күректей дипломдарын арқалаған мыңдаған маман жұмыссыздар армиясын көбейтуде. Ал ең қиыны жекеменшік оқу орындары берген құқықтық салада берген дипломдар ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіруі мүмкін, — дейді халық қалаулылары.

Бұл дана Абайдың «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» керін келтіретін сияқты. Олай демегенде ше?!. Кезінде «Ақшаңды төле де оқи бер» деген саясаттың әсері қазір мысқалдап шығып жатқаны ащы шындық. Қалтасы қалыңдар дипломды жекеменшік ЖОО-нан оқуын оқымай-ақ алып жатты. Ал бала кезінен оқудың соңына түскендер қалта жұқалығынан ысырылып қалды. Ал 4-5 жыл оқып білім алған студенттер сапалы маман бола алмай тұр.

Қысқасы былай тартса, өгіз өліп, былай тарса арба сынбақ. Депутаттар түйінді мәселені саны он мыңға жетпейтін жекеменшік университеттерді жабумен шешуді ұсынды. Мейлі, солай-ақ болсын. Сонда, осынша уақыт білім алып келген студенттердің алдағы тағдыры не болмақ? Желге ұшқан ата-анасының қаржысы мен жас студенттердің алтыннан қымбат уақыттарына кім жауап бермек? Білім деңгейі төмендеп кетті деп, білім ордаларын жаба берсек Астана мен Алматы қалаларында ғана ЖОО-ы қалмақ. Қайтпек керек? Бәлкім осы оқу орындарына назар аударып олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, білім беруші ұстаздардың біліктілік сапасын арттыру қажет шығар. Мүмкін оқу орындарына оқытудың жаңа технологиясымен жұмыс істеуге баса назар аударды міндеттеу керек пе? Қалай дегенмен де болашақтың тұтқасын ұстар жастардың меселін қайтармай, білімінің сапалы етуін қарастырған жөн сияқты.

Кадр демекші соңғы кезде аймақтық және республикалық деңгейде еш сұраныссыз кадрлар даярлау күшейіп келеді. Яғни, сұраныссыз мыңдаған кадрлар оқытылып жатыр деген сөз. Ал оқуын бітірген маманға даяр тұрған жұмыс жоқ. Бұл бір жағынан мемлекеттің қаржысын шығарып оқытқан студент елеулі шығын келтіргенін тағы айғақтайды.

Жоғары білімі бар жастардың көбінің жұмыссыз жүргені осының ықпалы екені айтпаса да түсінікті. Тағы сандарды сөйлетсек. Статистика тек 200-2014 жылдарда ғана қазақ елінде 1 миллион 800 мың жас жоғары оқу орындарын тәмамдағанын растады. Бұл жыл сайын 128 мың студент жоғары білім иеленгенін білдіреді. Яғни біз мемлекет пен ата-ана қаржысымен жыл сайын ондаған мың жұмыссыздар армиясын қолдан жасап жатқанымызды анық көрсетеді.

Әлемнің барлық елдерінде жоғары білімді мамандардың қажеттілігін анықтайтын және тізімге алатын орталықтар жұмыс істейді. Сондықтан да бізге білім және ғылым министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бірігіп алдын ала бірлесіп, қандай жоғары білімді қажет екенін анықтауы қажет. Жоғары оқу орындарында да осы тізімге сәйкес қана студенттер саны білім алуы тиіс. Тек осылайша біз саны бар сапасы жоқ «сауатты жұмыссыздар» қатарын азайтамыз, — деді депутаттар.

Халық қалаулылары жоғары оқу орындарының санын азайту туралы Елбасының тапсырмасын Білім және ғылым министрлігі орындамай жүргенін де сын садағына алды. Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының көпшілігінің басында Астанада лауазымды орында отырған көкелердің атында, — дегенді де атап қалды халық қалаулылары. Неге осы лауазымды тұлғалар өз балаларын жаңағы мақтаулы өз университеттерінде оқытпайды, — дейді депутаттар.

Сан-салалы күрделі мәселені депутат мырзалар мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына талапты барынша күшейту қажеттігімен шешу қажет деген пікірде. Қазір еліміздің 82 жоғары оқу орындарында 2-7 мың арасында ғана студенттер білім алуда. Сондықтан университеттерде кемінде он мыңнан астам студент болуы тиіс. Сондықтан дәл бүгінгі күні 10 мыңнан аз студенті бар университтерді түгел жабу керек. Оларға тек инситут не болмаса кәсби бағдарлы академия мәртебесінде қалдыру қажет. Бұл еліміздегі болашақта білімді жастардың көбеюі үшін аса маңызды, — дейді депутаттар.

Қысқасы университеттер жайы әлі біраз талас-тартысқа түсетін түрі бар. Бірақ ең бастысы болашақ ұрпақ жайы назардан тыс қалмаса екен дейміз.

Автор: Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/jekemenshk-universitetter-jabyiluyi-tis-pe-62861/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі