Астана. 18 ақпан. Baq.kz — Қазақ киносының алтын қорына қосылған «Тақиялы періште» көркем фильмі туралы айтылар әңгіме көп. Өйткені бұл фильм экранға шыққан күннен бері жұрттың жүрегін жаулап алған.
Әсіресе, Тайлақтың рөлін тамаша сомдаған танымал актер, Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбековтің іс-әрекеті, қимылы, сөз саптасы көрерменін қызықтырмай қоймайды. Әсіресе, Тайлақтың тақиясы оны өзгелерден ерекшелендіріп қана қоймай, киноға ұлттық бояу берген.
Тақия демекші, редакцияға телефон шалған бір азамат дәл осы тақия туралы сұрады. «Әлімғазы Райымбеков ағамыз кинода басына киген тақияны бәссаудаға қойса, бірнеше миллион теңге болса да сатып аламын» деді бейтаныс азамат.
– Тақияма таңғалатындар көп еді! – дейді Әлімғазы аға. – Оны киіп, рөлімді барынша тиянақты ойнап шыққан секілдімін. Алғашында кино маған ерсі көрінді. Қимылым, әрекетім біртүрлі, өзімнен өзім ұялып жүрдім. Бірақ кейіннен…45 жылдан соң жақсы көріне бастады. Жұрттың пікірін естіп, киноға деген көзқарасым өзгерді. Халық сүйген соң, мен де сүйдім. Ал әлгі ала тақия мені өзге кейіпкерлерден өзгеше етіп көрсеткен құнды баскиім болды.
Айта берсек, Тайлақтың пәтерін іздегендер де болыпты. Қызығы сол, ол шын үй емес, қолдан құрастырылған пәтер болып шықты. Шешесімен қонаққа баратын үй де декорация, Атакентте түсірілген.
– Сіздерді таңғалдырған тақияны бір суретші жігіт арнайы тіккізді. Оның соншалықты құнды дүниеге айналарын білмеппін. Шәкен аға – Шәкен Аймановтың 80 жылдық мерейтойы Алматыда өтті. Сонда белгілі актер Ыдырыс Ноғайбаев «тақияң қайда, кимейсің бе?» деді. Тақияға көздері түскен Ли және Ким деген суретші екі қыз жалынып жүріп, «өзіңіз киіп жүргенше, халық та көрсін, көрмеге қоямыз» деп қоярда қоймай алып кетті. Қыздар тақияны музейге қойды ма, әлде қоймады ма, ол жағын білмедім.
Тақияның мөлшері 62 болатын.
Бойым – 190. 58 размерлі костюмдерді «Қазақфильм» арнайы тіктірді. Тіпті оның жартысы Шәкен ағаның жеке киімі еді. Аспалы жолда үстімдегі киімдер есіңде ме? Соның бәрі, құндыз бөрік те Шәкен ағаның киімдері еді. Шолпан екеуміз қыдырып жүретін жерімізде киген былғары куртканы арнайы тіккен.
Ал фильмнің соңындағы той көріністері Алматы мейрамханасында түсірілген. Оның өзі мейрамхана қонақтары түгел кетіп, ғимарат іші босаған соң, түнгі 12 шамасында фильмнің соңғы сәттері түсірілді. Ол таңға дейін жалғасты. Бұл енді нағыз есте қалатын дүние, – дейді Әлімғазы аға.
Бұл тойдың қанша қаражатқа түскені белгісіз. Алайда массовкаға түскендер түгел риза болған шығар. Қазір өнер адамдарынан «қанша шебер болсақ та, «Тақиялы періштені» қайта дәл осылай етіп түсіре алмаймыз» деген пікірді естіген ағамыз өнердің өз өкілі болған тау тұлғалы Шәкен Аймановтың рухына мәңгі риза.
Жақында интернетте «Тақиялы періште» фильмінің жалғасы түсіріледі» деген ақпарат пайда болды. Оның сценарийі-мен танысқан Әлімғазы аға Алматыға барып, киноны түсіруге қызығушылық білдірген азаматтарға ақыл-кеңесін беріп қайтыпты. Өкінішке қарай, бұл киномыз «Менің атым Қожаның» жаңа түсірілімі секілді көңілден шықпай қалмаса болғаны.
Қысқасы, 13 фильмге түскен Әлім-ғазы Райымбековке айтар алғыс мол. «Неге сол фильмде бас кейіпкерге тақия кигізілді? Әлде сол кездегі ұлттық ұстанымдарға қырын қарайтын саясат кезінде оның қандайда бір астары болды ма? Қазақтың тақиясын үлкен экраннан басты рөлде көрсету дегендей… Ол жағын білмедім. Дегенмен «Тақиялы періште» тақиямен сәтті түсірілген» дейді белгілі актер.
Иә, тамаша тақияның «тағдыры» ойландырғандар да бар екен. Сондықтан оны табуды жалғастырғанымыз жөн.
http://baq.kz/kk/news/60976