Тарихымызға қарап айтар болсақ, ықылым заманнан Сыр бойындағы ежелгі және орта ғасырлық қалалардың саяси-экономикалық маңызы зор болғаны көпшілікке белгілі. Оның ішінде көне қаланың бірі Сығанақ қаласының орны ерекше. Бүгінде сырға толы Сығанақтың тарих қойнауында бұғып жатқан мәдени мұралары баршылық. Сол себепті көне шаһардың құпиясын зерттеу – төл тарихымызды байыта түсетін кезек күттірмес шаруалардың бірі деуге болады. Сығанақтың атақты болуының себебі, ол өзінің 2 мың жылға жуық тарихында қаңлылардың, қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілқайыр хандығының (ХV ғ.), Қазақ хандығының (ХVІ ғ.) астанасы болған қала. Қала қандай шапқыншылыққа ұшыраса да өмір қайта жанданып отырған. Қаланың Ұлы жібек жолының бойында орын тебуі, Орта Азия мен Дешті Қыпшақ хандығының арасында орналасуы оған небір алмағайып заманда тез есін жиып, еңсе көтеруіне ықпал етті.
Тарихшы Зардыхан Қиянатұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағына береді. Қала 982 жылы түзілген «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен алғаш белгілі болды. Мұнда протоқазақтық Қимақ мемлекетінің аймақтары мен қалалары туралы баяндалған. ХІ-ХІІ ғасырларда Қараханид мемлекетінің кезіндегі жазба деректердің барлығында қаланың аты жаппай кездесіп отырады. ХІІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген Һысамиддин әл-Сығанақидың «Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай» деген жыр жолдарын осы күнге үзілмей жеткен өткен күннің сырлы әуені десе болғандай. Моңғол шапқыншылығынан кейін, яғни ХІІІ ғасырдың аяғынан бастап ХІV ғасырдың соңына дейін Сығанақтың аты жүз жылдан астам уақыт ешбір жазба деректерде кездеспейді, ХІV ғасырдың 20-жылдарының соңғы кезінен бастап «Жаңа Сығанақтан ақша шығарылды» деген дерек қаланың Шыңғысхан шапқыншылығынан туған зардаптарды жойып қайта көтерілгендігінен хабар береді. Әсіресе теңгедегі ақшаның Жаңа Сығанақтан шыққандығы туралы жазу шапқыншылықтан кейін, қираған қаланың жанынан қайтадан жаңа Сығанақ қаласы бой көтеріп, онда «теңгеханалар» салынды ма деген ой туғызады. Оны тек қалаға жүргізілген археологиялық зерттеулер ғана анықтайды.
Махмұт Қашқари «Сығанақ – оғыздар еліндегі қала» деп, ал Әбілғазының жазбаларында: «Қала қақпалы, қуатты дуалдармен қоршалып, ішінде сауда үйлері, керуен сарайлары және басқа да қоғамдық құрылыстары бар қала үйлері орналасқан. Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі тұрақ еді. Оның тұрғындары Кедейдің елшісі Хасан-Қажыны өлтіріп, моңғолдармен барынша қарсыласты» деп жазған.
Шаһар халқы ХІІ ғасырдан бастап Ислам дінін қабылдайды. Араб жазушыларының айтуынша, Сығанақ қаласында тұрғандар – қыпшақ пен қаңлылар және оларды біріне-бірі айырып болмайды. Сығанақ солардың астанасы дейді.
Сығанақтың гүлденген шағын өз көзімен көрген Шайбани ханның жылнамашысы Фазлах ибн-Рузбихан «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. …Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазған болатын. Аса ірі сауда шаһарына айналған Сығанақта күніне 500 түйеге артылған тауарлар сатылатын кездер болған. Солардың арасында көшпелілер алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болған. Сығанақ секілді алып шаһар үшін шайқастар Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ Енге төренің, кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының арасында болды. Осының бәрі шаһардың аса маңызды аймақтан орын теуіп, көптеген хандар мен айтулы ақсүйектер жерленген қасиетті орынға айналғандығынан болса керек. Талай-талай қиын-қыстау заманды басынан кешіріп, қаншама тарихи маңызды оқиғалар орталығы болған шаһардың қираған орны бұл күнде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында, Сырдария өзеніне жақын маңдағы Сұнақ ата қойнауында жатыр.
Шаһардың орнында болған көк күмбезді керемет кесененің қирандысын ХХ ғасыр басында ғалымдар зерттеп, сызба суретін салған болатын. Көп ұзамай кесене құлап, төбеге айналған. Сығанақты зерттеуге қатысқан ғалымдар осы кесене Әбілқайыр ханға арнап салынған деп топшылауда.
1867 жылы орыс археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша археолог П.И.Лерх Түркістан аймағындағы ортағасырлық қалаларды қарап шығуға жіберілгенде ол Сығанақ қаласына арнайы тоқтайды. Ғалым қалада болып, оның қай жерде орналасқаны туралы ақпарат қалдырған. Ал 1892 жылы өлкетанушы Е.А.Смирнов Ташкенттен Қызылордаға жасаған барлау жұмысы кезінде Сығанақта болып, Төменарық пен қаланың суландыру жүйесі туралы ғана хабарлап, ал қала туралы ешнәрсе жазбаған. Ал 1899 жылы Түркістан өлкетану бөлімінің меңгерушісі В.А.Каллаур қалаға барлау жұмысын жүргізіп, оның топографиясын сипаттап және қаланың шығыс қақпасынан 100 метр жердегі мешіттің жобасын қағазға түсіреді. Ал 1906 жылы қаланы археолог И.А.Кастанье қарап шығады. Ол Каллаурдың қала туралы жазғандарын толықтыра түседі.
1927 жылы Ресей Академиясы жанындағы Материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Сығанақ қаласын А.Ю.Якубовский біршама тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, жанындағы кейбір керегелері сақталған ғимараттардың суретін түсіріп алған. Қала туралы үлкен ғылыми мақала жазған.
Бұдан 20 жыл өткен соң қалаға 1947 жылы ОҚАЭ-ның жетекшісі А.А.Бернштам келіп, қаланың топографиялық жобасын түсіріп, жиналған материалдар бойынша қаланың біздің дәуірімізге дейінгі қаңлы дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқандығы туралы мәлімет келтіреді.
Бұдан кейін қалаға ХХ ғасырдың 40-шы жылдарының аяғында, 50-ші жылдардың басында ОҚАЭ-ның жетекшісі Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевичтер археологиялық барлау барысында жұмыс жүргізген. Олар жинастырылған материалдар бойынша қаланың V-VІІІ ғасырларда өмір сүріп, одан кейін құлдырап, ХІІ-ХVІ ғасырларда қайта көтеріліп, Ақ Орданың кезінде қайта жанданғандығын жазады. Алайда бұлар да қалаға қазба жұмыстарын жүргізбеген.
ХХ ғасырдың 70-ші жылдары қалаға Отырар археологиялық экспедициясының меңгерушісі К.А.Акишев пен К.М.Байпаковтар барады. Отырар қаласын зерттеп жүрген олар Сығанақ қаласының топографиялық тарихына да назар аударып, бұл қала ортағасырлық қалалардың ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген қорытындыға келеді.
Бүгінде қаланың археологиялық жағынан сақталу жағдайы өте нашар десек, артық айтқандық емес. Қазір қаланың зираттан тазарту жағына көңіл бөлініп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Әзірше, қаладан әулиенің сағанасы және 20-ға жуық адамдардың сүйектері алынып басқа жерге жерленді. Әлі де қалада зираттар көп. Олар да толық алынуы керек деген пікірдеміз.
Дегенмен, қалаға археологиялық зерттеу жұмысы жүргізудің алғашқы сатысы басталып кетті. Біраз жылдар бұрын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы Тәңірберген Мәмиев «Сығанақ қаласы көп зерттелді, әлі де зерттеуді қажет етеді. Алайда қаланың тарихы нақты тұжырымдалмаған» деген пікір айтқан болатын.
Жазба деректерге қарағанда, қала Ақ Орданың орталығы болып тұрған кезде Сасыбұқаның баласы Ерзен хан билік жүргізген. Тарихшылар Ерзен ханның Сығанақты көркейтіп, Сауран, Отырар, Баршынкент, Жент, т.б. қалаларды абаттандырып мешіт, медресе салғандығын жазады. Ал өзі осы Сығанақ қаласында жерленген дейді. Сондықтан да ашылып отырған кесене сол Ерзен ханның кезінде салынғандығына ешбір күмән жоқ. Алайда Ерзеннен кейін хан болған оның баласы Мүбарактың кезінде Сығанақ қаласының жағдайы біраз нашарлайды. Бірақ Шымтай мен Ұрыс хандардың кезінде Ақ Орданың жағдайы жақсарып, Сығанақ қаласы қайта гүлденген. Оның басты көрінісі Ұрыс хан саяси жағынан бытыраңқылыққа түсе бастаған Алтын Орданың ханы болуға тырысып, Сарайда билікті қолға ала бастайды. Оның тұсында Сығанақ қаласы экономикалық жағынан үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.
Сығанақ қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендер аймақ пен Дешті Қыпшақ арасындағы этникалық байланыстарда үлкен маңыз атқарды. Бұл қаланың қолайлы жерде орналасуына, саяси-әкімшілік, экономикалық маңызына орай билеушілер оны қуатты бекініске айналдырды. XV ғасырдың 70-90 жылдары оңтүстік Қазақстанның қалалары үшін шайбани әулетімен арадағы соғыстар Керей ханнан кейін Қазақ хандығының тізгінін ұстаған Бұрындық хан (1480-1511жылдары билік құрған) тұсында да толастамады. Сығанақ қаласы 3 ай бойы жаудың қоршауында өмір сүруге мәжбүр болды.
Сығанақ қаласы Қазақ хандығы үшін үлкен әскери-стратегиялық мәнге ие болды. Дешті Қыпшақ тайпалары үшін Сығанақтан айырылу жартылай тәуелсіздіктерінен айырылумен бірдей болатын. Оның екі себебі бар еді:
Біріншіден, Сыр бойындағы жақсы қыстаулардан айырылып, шапқыншылық қаупі жиі төніп отырар еді.
Екіншіден, бүкіл аймақтағы сауда айырбас Мәуеренахр билеушілерінің қолына көшкен болар еді.
Қазақ халқын көшпенді халық деп қана қарау тарихты тануда бізге қиянат келтіретінін естен шығармағанымыз жөн. Сыр бойындағы Түркістан, Сығанақ, Сауран сияқты қалаларда тұрған халықтың отырықшылыққа да бейім болғандығын зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр. Сол себепті көшпелі салтты жалаулатып, бұл қалаларды қазаққа жат етіп көрсетуге жол берілмеуі керек. Сығанақ қаласы қазақ халқының көне қаласының бірі, төл мәдени мұрасы. Сондықтан да ғасырлар бойы ірі саяси орталық ретінде өшпес із қалдырған осынау көне шаһар әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.
Мереке Түменбаева,
Батыржан Шалғынбаев атындағы
№217 мектептің тарих пәнінің мұғалімі
ҚЫЗЫЛОРДА
anatili.kz
Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/syiganak—ejelg-astana-64458/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі