АЛТЫНОРДА
Интервью

Әлі Шер Сүлеймен, кинорежиссер: Сезімнен – саралау, сөзден – ой үстем болса игі

pv_242677Оның кино әлеміне алғашқы қадамы өткен ғасырдың 70-жылдары жарық көрген «Құлагер» фильмінен басталды. Ақан серінің мылқау баласын сомдаған 7 жасар бүлдіршіннің болашағы сол кезде-ақ бағдарланып қойған еді. Араға жиырма бес жыл салып ол өз саласына – режиссураға қайта оралды. 1990 жылдары көрерменнің көзайымына айналған «Құс» қысқаметражды фильмінің жалғасы – «Ай Күнді сүйеді» киноновелласының тұсаукесері өтті деген ақпараттан соң іле-шала оның биыл Қазақстан атынан Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасына қатысатыны туралы жаңалық ақпарат құралдарында лезде тарап кетті. Осы орайда фильмнің режиссері, композитор, продюсер Әлі Шер Сүлейменмен әңгімелескенді жөн көрдік. Сұхбат өнер мен мәдениеттің шеңберімен шектелмей, қоғам өмірінің өзге салаларындағы өзекті мәселелерді де қаузады.

– Тырнақалды туындыңыз – «Құс» қысқаметражды фильмі 1990 жылы жарық көрген еді. Оның жалғасы тек 25 жылдан соң ғана экранға шығып отыр. Көрерменді неге мұнша ұзақ күттірдіңіз?

IMG_3959– Киноновелланың бірінші бөлімі тоқырау кезеңіне тап келді. Кеңес Одағы құлап, тәуелсіз Қазақстан құрылып жатқан кез. Экономикалық қиындықтар қос бүйірден қысып тұрды. Алғашында зор қарқынмен басталған ырғақ тежелді де қалды. Кино саласынан кетуіме «Қазақфильм» киностудиясының жабылуы әсер етті. Бұл киелi шаңырақ менің екінші үйім болды. Киноға деген махаббатым 1972 жылдан басталды. Ол кезде «Қазақфильм» 8 март көшесінің бойында орналасқан еді. Сол жылы түсірілген атақты «Құлагер» фильмінде Ақан серінің мылқау баласының рөлін ойнадым. Киноның сценарийін менің әкем Асқар Сүлейменов жазған болатын. «Қазақфильмде» жүріп, қазақ кино өнерінің майталмандары – аты аңызға айналған актерлер мен режиссерлердің көзін көріп, үлгi алдым. Ұлттық кинематографтың жауһарларына айналған фильмдердің түсірілімі көз алдымда өткен. Шәкен Айманов, Нұрмұқан Жантөрин, Сәбира Майқанова сияқты кино марғасқаларының ақ тер, көк тер боп ойнағаны көз алдымда. Болашаққа деген бағыт-бағдар сол кезде-ақ белгіленіп қойды.

Мәскеудегі Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография инс­титутын тәмамдаған соң, 1988 жылы елге оралдым. Режиссер, сценарист ретінде алғашқы жобаларым сол кезден басталды. «Айналайын» фильмінің сценарийін жаздым, «Құс» қысқаметражды фильмін түсірдім. Көркем фильмдерде бірлі-жарым рөлім болды. Туындыларым бағаланып, 1992 жылы Қазақстан Жастар мемлекеттік сыйлығын алдым. Куаныш көпке созылған жоқ. 1993 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты киностудиямыз жабылып қалды. Қақпасына қара құлып салынды, қолымызға «жұмыссыз» деген бір-бір қағазды алып, жан-жаққа тарап кеттік. Басқа салаға бет бұруыма тура келді. Музыкамен кәсіби түрде шұғылданып, шоу-бизнеске түрен салдым. Телевизияда, коғаммен байланыс, бизнесте бақ сынап жүрдiм, аткарылған жұмыс пен үйренген кәсіп аз болды дей алмаспын. 25 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз.
«Құс» фильмін түсіргенде жа­сым небәрі 25-те еді. 25 деген режиссура үшін, жалпы шығар­ма­шы­лықтың қай саласы үшін де өте аз ғұмыр. Саралаудан – сезімнің, ойдан – сөздің көп шағы. Тәжірибе толыспаған, көрерменге айтар ойың жүйелене қоймаған кез. Кейінгі 25 жылды өзімді, өмірді тануға, тәжірибе жинақтауға арнадым. Ел көрдім, жер көрдім, әр саланың адамдарымен араластым. Бірақ түбінде кино әлеміне қайта оралатынымды білдім.
– «Құс» фильмі жарық көре салысымен Киевте өткен «Молодость» Халықаралық кинофестиваліне қатысып, байқаудың бірінші жүлдесіне ие болған екен. Сондай-ақ Мәскеу мен Ташкент кинофестивальдарында да жоғары бағаланыпты. Қазіргі уақытпен, киноның бүгінгі мүмкіндіктерімен салыстырғанда оның көмескі тартып, шикі секілденіп тұруы заңды шығар. Жастығыңызды бекер жазғырып жатқан жоқсыз ба?
– Кинематографтың ол кез­дегі қауқарын қазіргі әлеуе­ті­мен салыстыруға болмас. Стилис­ти­калық, эстетикалық тұрғыдан алып қарасақ, ет қызуымен жасалған эпизодтар бар. Бірақ фильмнің негізі – көтерген тақырыбы, идея­сы күні бүгінге дейін өзектілігін жоймағанына, қазір де көрерменнің жүрегін жаулап, сезімдерін билейтініне көзім жетті. 25 жылдан кейін оның жалғасын жұрт құныға, қызыға көрді.
– Біткен іске сыншы көп. Көрер­мен­нің талқысына салынған соң мақ­таудың да, даттаудың да болатыны белгілі. Кімнің пікіріне көбірек иек артасыз? Ең бірінші сыншыңыз кім?
– Өнерде жүрген адамның ең бірінші сыншысы – өзі. Алғашқы идеясынан бастап тұсаукесерге дейін­гі әр қадамым өз бақылауымда. Ал ең бірінші көрерменім – жолдасым, балаларымның анасы – Әсел апайың. Ол – өнертану ғылымдарының өкілі, өнердің өз адамы. Сондықтан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін менен артық білмесе, кем білмейді.
– Анаңызбен де кеңесіп отыратын боларсыз. Белгілі жазушы-драматург, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова фильмге қандай баға берді?
– Анамның пікірі мен үшін өте маңызды. Батасын алмай, үлкен іске кіріскен емеспін. Ақылын айтып, артық кеткен жерімді түзеп, кем түскен жерімді толықтырып отырады. Ол кісі кино саласының жілігін шағып, майын ішкен адам. Қазақ ССР мемлекеттік кино комитетінде бас редактор болды, «Жаңа фильм» журналына жетекшілік етті. Қаншама режиссерлер мен драматургтердің томағасын сыпырып, өз қолынан ұшырды. Анам ретінде ғана емес, маман ретінде де ол кісінің көмегіне көп жүгінемін. «Ай Күнді сүйеді» фильміне келсек, туынды анамның оң бағасын алды.
– Баспасөзге берген бір сұхбаты­ңызда: «Табиғи, пәк ғұмырдың ұзақ­тығы 7-ақ жыл» деген екенсіз. Пен­де­шілік 8 жастан бастала ма сонда?
– 7 жастан кейін әлеуметтік ғұмыр басталады. Адам баласы жеті жасқа дейін және 77 жастан асқан соң өзінен жоғары, биiк құдіретпен тікелей байланыста бола ма деп ойлаймын. Өмірге пәк, таза көзбен қарайды. Мәселен, еңбектеп жүрген бала алманың алма деп аталатынын білмеуі мүмкін. Бірақ оның иісін алыстан жазбай таниды, дәмін де ештеңемен шатастырмайды. Мұқағалидың «Сәби болғым келеді» деп жырлауы бекер болмаса керек. 7 жастан кейін мектеп, жоғарғы оқу орны, жұмыс, қоғамдық істер – қым-қуыт тірлік тізбектеле береді. Тіршілікке деген көзқарасың күрт өзгереді. Санаңды «Өмірдің мәні – біреуді басып озу, қай істе де өзіңдікі жөн екенін дәлелдеп, жеңіске жету» деген ой билейдi. Адамның жалған «мені» пайда болады. Менің әкем, менің шешем, менің ойыншығым деген меншіктер менің отбасым, менің жұмысым, менің табысым деген иеліктерге айналады.
– Сіз режиссерлар мен музы­кант­­тар­ға ғана емес, журналистерге де әріптессіз. Бір кездері «Атамекен», «Майдан», «Асар» атты төл­ жобаларыңыз арқылы тележур­налис­­ти­када да өз қолтаңбаңызды қалдыр­­ды­ңыз. Көк жәшіктің бүгінгі тыныс-тіршілігін бақылап отырасыз ба?
– Жоқ, мүлдем көрмеймін. Телеар­налардың не беріп, не қойып жатқанынан бейхабармын.
– Неге? Отандық телеөнімдер тартымсыз ба?
– Арналарды отандық, шетелдік деп бөліп жатқан жоқпын, теледидарды мүлдем қоспаймын. Ақпараттық сайттарды да ақтара бермеймін. Аптасына бір рет шолып шығуым мүмкін. Елең еткізген құбылыс, назарымды жаулаған оқиғалар аз.
Телевизия – ақпарат құралы. Мен ақпарат емес, білім іздеймін. Екеуін шатастырмаған жөн. Телевизияның танымдық функциясы бар дегенге сеніңкіремеймін. Ақпараттың білімге айналу құбылысы адамның өз санасында жүзеге асады. Адам мың кітап оқуы мүмкін. Бірақ сонша кітаптан алған ұшан-теңіз ақпараттың білімге айналдыру тетіктерін таба білмесе, уақыты мен күш-қуатының зая кеткені. Мәселен, сіз бидайды дақыл күйінде жемейсіз ғой. Диірменге тартып, ұн жасап, қамыр ашытып, оны пісіріп барып тұтынасыз. Оқыған мың кітабыңнан керегіңді алып, игілігіңе жарата алмасаң, уақытты бекер өлтірудің қажеті жоқ.
Ақпараттық жүйелер білім береді деген жалған көзқарастан арылу керек. Олар тек ақпарат береді. Ал оны түсіну мен ұғу, қорыту мен игеру өзіңнің ішкі сана-сезіміңнің қабылдау деңгейіне байланысты. Мысалы, менің медицинаға қызығушылығым бар, сонғы 8 жылдың iшiнде бірнеше саласын зерттеудемiн. Молекулярлық медицинада, гомеопатия мен фитотерапияда, энерготерапияда ақпарат өте көп, біразымен таныстым. Бірақ қанша оқысам да, бәрін асай беру шарт емес. Ақпарат – бiлiмге, бiлiм – тәжiрибеге айналуы қажет.
– Белгілі адамдардың баласы болу адамға үлкен жауапкершілікті жүк­тей­тіні анық. Өнерге алғаш қадам басқан шақта ата-анаңыздың есімі үлкен демеу болғанын үнемі айтып жүресіз. Бұл қарыздың қайтарымы перзенттік парыздың өтемінен бөлек болар?
– Казақ өнерінің нымшасына тері сіңген адамдардың баласы болу оңай нәрсе емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, ауыр жүк. Атақты адамдардың перзенттері мойындарына ауыр қамыт іледі. Ол жеңіл өмір емес, жеңіл өмір деп ұғып жүргендердің ту биікке көтерілгені шамалы. Ата-анасының өткен жолымен жете таныс баланың жауапкершігі екі есе артады. Әулетіңнің атына дақ түсірмей, ата-анаң жеткен биікке сенiң де ұмтылуың шарт. Артыңнан ерген балаларыңа кімнің немересі екенін түсіндіру, ата-әжесінің атына лайық болуды ұқтыру қажет. Қазақ халқының салт-дәстүрінде бұл үлгі-өнеге бар. Сонықтан дәстүрді берік ұстанар болсақ, бұл қасиет балаларға да беріледі.
– Балаларыңыз Асқар Сүлей­ме­нов пен Алтыншаш Жағанованың шы­ғар­машылығымен жете таныс па?
– Балаларым ата-әжесінің шығар­ма­ларын түсініп оқитын жасқа жете қойған жоқ. Үлкен ұлым 6 жасынан бастап АҚШ-та тұрады. Оның қазақ тілінің деңгейі бір-екі жылдық тілтану курстарын тәмамдағанмен бірдей. Ағылшыншасы, аздап орысшасы мен французшасы бар. Бірақ Қазақстанға жиі келмегендіктен қазақ тіліне шорқақ, ол жағынан осалдаумыз, шыны керек. Оған Асқар Сүлейменовтің лингвистикалық прозасын оқу оңайға соқпасы анық. Бәлкім ағылшын тіліне аудару керек шығар. Екінші ұлымның жасы 13-те. Әдебиетті оқып қана қоймай, көкейіне тоқитын жасқа енді жетті деп ойлаймын. Үшінші ұлым 7-де, төртіншім 4 жаста. Жастары жетіп, ақылдары толысқан соң ата-әжесінің шығармаларын ғана емес, қазақтың мықты қаламгерлерін міндетті түрде оқытамын.
– Сөз күйінде қалдырмай, Асқар Сүлейме­новтің шығармаларын ағыл­шын тіліне аудару ісін қолға алғыңыз кел­мей ме?
– Әрине. Әкемнің туындыларын орыс, ағылшын тілдеріне аудартқым келеді. Бұйырса, қаржы көздерін қарастырып, осы мәселені шешуді қолға аламын. Тағы бір асқақ арманым бар: екі деректі фильм түсіргім келеді. Бірі – әкем жайлы, екіншісі – анам туралы. Қазір қолға алып, жос­парлап қойған жобаларым сапталған соң, арманымды жүзеге асыру жолында тер төгу керек.
– Қолға алған жобалар деп көпші­лікті елеңдетіп қоймай, кеңірек тоқ­талып өтсеңіз. Көрерменге ұсын­ба­ғыңыз не?
– Канн фестивалінің қорытындысы шығып, «Ай Күнді сүйеді» фильмін көрсеткен соң, сәуірден бастап екінші фильмге көшеміз. Жаңа кино­но­велланың аты – «Тұлпар». Қазақтың төл бейнесін сипаттайтын жоба. Киноновелла шал мен тұлпардың байланысын өзек етпек. Қарияны жан серігіне айналған жануарды өз қолымен бауыздауға душар еткен не, шал тұлпарын бауыздай ма, жоқ па – көрермен бұл сұрақтардың жауабын «Тұлпарды» тамашалау кезінде алар. Фильмнің сценарийі дайын, бюджеті есептелген. Қаржы көздерін, демеуші болатын адамдарды іздестірудеміз. Кино саласында қай кезеңде де ақша – шешуші құрал. Қажетті сома жиналса, фильмнің көрерменге жол тартар күні алыс емес.
– Әлемдік киноиндустрия крауд­фандинг әдісін батыл қолдана бас­тады. Мәселен, ресейлік режиссер Андрей Шальопа «28 панфиловшылар» фильмі үшін дәл осы тәсілмен, яғни көрермендердің көмегімен 30 миллион рубль жинаған. Қазақстандық режиссерлер бұл әдіске баруға неге жүрексінеді, әлде қазақ көрермендерінің белсенділігі төмен бе?
– Оны толықметражды фильмдер тү­сіріп жүрген режиссерлерден сұрау керек. Қысқаметражды фильмдердің табиғаты мүлдем басқа. Фильм түсіріліп болған соң, бір-екі көрсетілімнен кейін оның деңгейі анықталады. Әлемдік туындылармен бәсекеге түсе алатындай жоғары деңгейде болса, халықаралық кинофестивальдарға қатысады. Фестивальдар аясында киножәрмеңкелер ұйымдастырылады. Жәрмеңкелерде өз туындыңды продюсерлер мен дистрибьюторларға ұсына аласың. Көңілінен шығып, фильмнің коммерциялық құқықтарын сатып алатын болса, фильмнің қайда, қашан көрсетілетінін солар шешеді. Сондықтан «Ай Күнді сүйеді» фильмінің тағдыры әзірге белгісіз. Қазақстанда көрсетіле ме, көрсетілмей ме – тап басып айта алмаймын.
Киножәрмеңкелерде әлі түсіріл­меген жобалар да синопсис деңгейінде сатылып кетуі мүмкін. Кейбір продюсерлер жартысын, кейбірі қажетті соманың 100 пайызын құюы ықтимал. Қазақ фильмін Америка, Франция мен Португалия жұртшылығы көретін болса, қуанамыз әрине. Еліміз бен жерімізді, мамандарымыздың әлеуетін танытуға тамаша мүмкіндік емес пе? Бірақ өзім түсірген туындыны алдымен өз көрерменім, қазақ аудиториясы көргенін қалаймын. Мәселе қаржы көздеріне келіп тіреледi. Бұны қалай шешуге болады? Меніңше кино туралы жеке заң қабылдап, құжатта салаға меценаттарды тартудың жолын жеңiлдету керек. Біздің белді де білекті кәсіпкерлеріміз, әлеуетті компанияларымыз бар. Егер мәдениет пен спортқа қаржы құйғысы келетін азаматтар үшін жеңілдіктер жасап, салықтардан босатудың жолы қарастырылатын болса, өнердің өрісі кеңейе түсер еді. Мысалы, шетелдік тәжірибені алатын болсақ, спорт ұжымдарына, байқаулар мен турнирлерді өткізуге ақша бөліп жүрген кәсіпкерлер жыл соңында салықтан босатылады. Біз де демеушілікті заң жүзінде жүйелесек, өнерге, әсіресе, кино саласына демеу болғысы келетін азаматтар баршылық. Солардың арқасында режиссерлеріміз бен продюсерлеріміз сыртқа елеңдеуді, қаржы іздеп шетел асуды қояр еді. Егер қазақ киносын экономикалық тұрғыдан қолдағымыз келсе, «Мәдениет туралы» заңға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізген жөн. Қазіргі таңда отандық кинопрокаттың 95 па­йызы Голливудтың блокбастерлерінен тұрады. Біздің коммерциялық өнімдер қаншалықты табысты болса да, олардың үлесін шетелдік өнімдермен салыстыра алмайсың. Менің ойымша, заңмен негіздеу арқылы кинопрокаттағы шетелдік фильмдерге салық салу керек. Сол салықтан түскен қаржы қазақ киносының дамуына жұмсалуы тиіс. Яғни шетелдік киноның табысы артқан сайын, отандық фильмдердің әлеуеті де арта түспек. Бұл жүйе Франция кинематографында кеңінен қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеген. Бұған қоса, қазақ киносын түсіруге мұрындық болғаны үшін, эфир уақытынан көбірек орын бергені үшін телеарналарға да преференциялар берілуі тиіс. Мен экономист емеспін, бірақ отандық киноны дамытудың мұндай жолдары көкейге қонымды деп ойлаймын.
– Қазақ өнерінің қай саласын алып қарасақ та, мейлі кино мен театр, бейнелеу өнері мен сәулет өнері болсын, шетелде насихатталуы көңіл көншітпейді. Сыртқы ортамен мәдени байланыстың жолға қойылмағанын жуырда вице-министр Бердібек Сапарбаев та сынға алды. Қалай ойлайсыз, бұл қазақ өнерінің нарыққа бейімделе алмағанын көрсете ме?
– Қазақ елінде дарынды адамдар өте көп. Күні бүгінге дейін арамызда жүрген өнер майталмандары бар, олардың өкшесін басқан аға буын мен өнер саласында енді ғана бой көрсетіп жүрген жас таланттар бар. Кино мен театрда ғана емес, бейнелеу өнерінде, би өнерi, операда, сәулет өнерінде де дарындар жетерлік. Сыртқы насихатты арттыру үшін алдымен ішкі насихатқа мықтап ден қою керек. Қазіргі жағдайда мәдени даму сараланған, өлшеніп-пішілген, терең талданған стратегия жолымен жүруі керек деген ойдамын. Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, Кедендік одаққа мүшеміз, Дүниежүзілік сауда ұйымына енетін күн де алыс емес дейді мамандар. Бұл интеграция тек экономикалық алмасу емес. Тетігін тапсақ, рухани байланысқа, мәдени алмасуға да жолдар ашылып отыр. Не өндіріп жүрміз, не ұсынып отырмыз, не жинап жүрміз – қолда бардың бәрін жүйелендіріп, бір ізге түсіру қажет сиякты. Өнер азаматтарының, мәденет қайраткерлерінiң, дарынды тұлғалардың, Мәдениет және спорт министрлігінің алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Алла каласа, Қазақстан деген мемлекет, қазақ деген халық жер шарына енді ғана құлаш сермей бастады, оның әлемге танылар, көптің аузына ілінер күні әлі алда.
Жаһандануға бір кездері үрке қарайтын едік, қазір оған мойын­сұн­дық. Жаһандану деген не? Эконо­микалық тұрғыдан алсақ, бұл ірі транс­континенталдык, халықаралық корпо­рациялардың пайда болуы. Идеологиялық тұрғыдан, яғни ақпарат­тан­­дыру жағынан да мүмкіндік мол. Айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызатын интернет деген құрал бар. Спутниктік жүйе арқылы әлемнің кез келген бұршынан ақпарат ала аламыз. Мәдени тұрғыдан алсақ, халықаралық байқаулар мен басқосулар бар. Біз бұл құбылыстарға тәуелді болмасақ та, ішкі дамуымыз сыртқы ортамен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек.
Жаһанданудың әрбір халықтың ұлттық ерекшеліктерін жойып жіберетін қауқары бар. Қазiр қандай істі қолға алсақ та, алтынқазығымыдың мықты болуына ерекше көңіл бөлу керек. Киіз үй тұрғызғанда біз ең алдымен неден бастаймыз? Үлкен бақанға бекітіп, шаңырақ көтереміз. Кейін шаңыраққа уықтармен бекимiз, уықтарды керегеге байлаймыз. Содан соң кіретін есігін орнатамыз. Қаңқасы жасалған соң, сыртын әдемі киізбен қаптап, шаңырағына түндік жабамыз. Жел мен суық өтетiн бірлі-жарым қуыстарды жамау керек. Қазақтың мәдениеті, дәстүрі мен салтын, тілі мен ділін – бар байлығын сақтап қалу үшін, жаңа заманға бейімдеу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуі ауадай қажет. Егер ауыл-аймақтағы кітапханалар сандық технологияга көшсе, интернет еліміздің түкпір-түкпірінде қолжетімді болса, қандай жақсы. Урбанизация қарқыны неге жыл өткен сайын артып барады? Ауылдағы технологиялык, ақпараттык, мәдени құбылыстардың дамуы баяу болғандықтан жастардың біразы ат басын қалаға бұрады.
– Кинематографтағы үзеңгілес­те­ріңіздің еңбегін, салаға енді ғана түрен салған жастардың аяқ алысын бақы­лап отыратын боларсыз. Сіздіңше қазақ киносының соңғы 2-3 жылдағы табысы қайсы?
– Кино саласында екі бағыт бар: коммерциялық және коммерциялық емес. Біріншісі кино арқылы бизнес жасауды көздесе, екіншісі – таза өнер. Екеуi де ел үшiн. Бiрақ пайдасы мен құндылығы әртүрлi. Қазір алғашқысы басым түсіп тұр, тек табыс табу үшін түсірілген фильмдер көптеу. Сапасы сын көтермейді, арзан сериал деңгейінде. Ортаңқол дүниесiн көрсетіп, «кино түсірдім» деп жалпақ әлемге жар салып жүргендер жетедi. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Әркімнің талғамы әртүрлі. Маған ұнамайтын туынды басқаға ұнауы мүмкін. Мені қызықтыратыны – екінші бағыт, яғни киноөнер. Елімізде ғана емес, шетелдік кинематографта да есімдері танылып үлгерген жастардың бары қуантады. Олар бәйгеге қосылса, тілеулерін тілеп отырамын. Меніңше, түсірген туындың сапалы болуы үшін кино өнерін жан-тәніңмен сүюің керек. Өнерге баюдың жолы деп емес, ойыңды жеткізудің, көппен диалог орнатудың жолы деп қараған жөн сияқты.
– Қазақта «Екі кеменің құйры­ғын ұстаған суға кетеді» деген тәм­сіл бар. Сіз бір емес, бірнеше кәсіп­ті қатар алып жүрсіз. Егер уақы­тым мен күш-қуатымды бір ғана сала­ға, айталық киноға арнасам, өнерге бергенім көп болар еді деген өкіні­шіңіз жоқ па?
– Жоқ, өкінген емеспін. Жылқы бағу­дың қыр-сырын білетін жылқы­шы­ға жалғыздан гөрі бiр үйір жылқыны баққан оңай. Алла Тағаланың әмірімен кей адамның маңдайына өзінің және жақындарының игілігі үшін ғана емес, көптің игілігіне қызмет ету парызы жазылуы мүмкiн. Табысты істің 99 пайызы еткен еңбегіңе байналысты, 1-ақ пайызы дарынның үлесіне тиеді-ау. Тоқсан тоғыз пайыз талантты болса да, оны шыңдау үшін тер төкпеген адамнан ештеңе шықпайды. Тағы бір түсінгенім, кішігірім нәрселермен шұғылданып жүрген адамның ірі дүниеге тісі батпайды, уақыты да, шама-шарқы да жетпейді. Өзіме келер болсақ, кино, музыка, әдебиет – үшеуі де шығармашылықтың салалары болғандықтан, бір-бірімен тығыз байланысты. Біреуі екіншісіне кедергі келтірмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұрады. Табиғаттың құбы­луына қарай жылдың әр мезгілінде әр салаға ықыласым артады. Мысалы, көктемде музыкаға, жазғытұрым кино саласына, күз бен қыста уақытымның басым бөлігін әдебиетке арнаймын.
– «Ай Күнді сүйеді» фильмі қоғам­дағы махаббат пен мейірімнің тапшылығын арқау етіпті. Сіздіңше, бұл құндылықтардың құнын төмен­деткен не? Қоғам неге қатыгез боп бара­ды?

IMG_3961– Адами қасиеттердің бәрі тәлім-тәрбие арқылы бойға сіңеді. Мораль­дық құндылықтардың қадір-қасиетін арттыру үшін ең алдымен, бесікті түзеу керек. Ұлттық тәлім-тәрбиеден тағылым іздеген жөн. Әлемде діни экстремистер көбейіп барады. Күнде жан түршігерлік оқиғаларды құлағымыз шалады. Оның себебі неде, сақтанудың жолы қайсы?
Салт-дәстүрге берік, ұлттық тәрбие­ге қанық болсақ, бізге ешқандай экстре­мизм қауіп төндіре алмайды деп ойлаймын. Ұлттық дәстүрдің өзегінде имандылық қағидалары жатыр. Бұл – ата-бабамыздың ғасырлар бойы шыңдап, ұштап, ұрпаққа қалдырған аманаты. Олар бізге бақытты болудың, рухани кемелділікке жетудің жөн-жобасын жасап беріп кетті. Біз сол дәстүрлерге ден қойып, күнделікті тұрмыста қолдансак, соңымыздан ерген іні-қарындастың, балаларымыздың бойына сіңіре білсек болғаны.
Қазір әлемдік құбылыстардың даму жылдамдығы күшті. Бұрын атқа мініп, аламан бәйгеге шықсақ, қазір көкпардың қақ ортасында жүрміз. Талас-тартыс, алыс-жұлыс. Қызу жанталастың ішінде сіздің махаббатыңыз бен мейіріміңіз кімге керек? Адамдардың бір сәт кідіріп, Абай айтпақшы, «өз-өзіне есеп беруге», істеп жүрген ісінің дұрысы мен бұрысын саралауға уақыты да, ынтасы да жоқ. Қырық күнде бір рет болса да адам өз-өзіне есеп беріп отыруы шарт. Сонда ғана ол өседі, толысады.
Меніңше, соғыс – адам баласының рухани деңгейінің бейнесі. Бірін-бірі жеп қоярдай жауласып жүрген адамдардың деңгейі қандай? Бір-бірін қолдап, мейiрiмдi болып жүрген жандардың дәрежесі қай сатыда? Тарихтың қалың қатпарларында қалған соғыстарды, қазір жүріп жатқан қақтығыстарды алып қарасақ та, жауыздық пен қатыгездік рухани азған топтан шығатынына көзің жетеді.
Менің атам, Сүлеймен, 1942 жылы соғыста қаза тапқан. Айтоты әжем 24 жасында жесір қалды. Атамыз соғысқа аттанар кезде қыстың қақаған аязына қарамастан 22 жастағы талдырмаш келіншек 2 жасар қызын көтеріп, 6 жасар ұлын жетектеп, жолдасын шығарып салу үшін вокзалға барады. Сондағы арманы – эшелон тоқтап, барса-келмеске аттанып бара жатқан атамды бір құшу еді. Бірақ эшелон тоқтаған жоқ, тек жүрісін баяулатты. Екі баланың көз жасына қарамастан, омбы қарға сүрінiп, жылжып бара жатқан пойыздың соңынан жүгіреді. Атамды алыстан көргені болмаса, құшу арман боп қалды. Пойыздың ішінде – атам, сыртында – әжем, бір-біріне жанталаса ұмтылған жүректер табыса алмады. Атам өлең жазған дәптерін әскери белбеумен буып, терезеден лақтырған – қолынан келгені сол.
Осы оқиға, атам мен апамның мөлдір махаббаты Шыңғыс Айтматов­тың «Ана–Жер-Ана» пьесасына арқау болғанын біреу білсе, біреу білмес. Жастарды мейірімділікке үйрететін, ер мен әйел арасындағы сыйластық пен махаббатты өзек еткен осындай дүниелер отбасында, бала-бақшада, мектепте, театр мен кинода насихатталса, бұл қасиеттердi жастардан да табармыз.
– Әжеңіз Айтотының есімі қазақ жазу­шылары арасында аңыз боп тараған екен. Әбіш Кекілбаев ол кісі туралы: «1960 жылдары әдебиет әлеміне келген барлық қаламгерлердің анасы, ел анасы еді» деп жазыпты. Әжеңіздің тәрбиесін көрдіңіз бе?
– Иә, әжемнің баласы болдым (күліп). Менің адам ретінде қалыптасуыма ол кісі берген тәрбиенің үлесі орасан. Әжем туралы мына бір оқиға ойыма оралды. Бір күні жұмыстан шаршап келдім. Балконға шығып, темекі тартып тұрғам, қасыма әжем келді. Түрімнің әбіржіп тұрғанын көріп: – Не болды саған?, – деді.
– Шаршап кеттім.
Сәл үнсіздіктен соң:
– Неден шаршадың, – деді.
– Жұмыстан шаршадым.
Қайтадан жым-жырт. Бір кезде жұлып алғандай:
– Ер адам жұмыстан шаршамайды, – дедi.
– Енді неден шаршайды?
– Бұл заманда ер адам арақ пен ойдан шаршайды. Аяқ-қолың аман, денің сау. Айналысатын ісің, қара шаңырағың, демеу болар әйелiң бар. Неден шаршайсың? Басыңды тік ұста! – дедi. Ол кезде жасы тоқсан екіде болатын. Үйге кірді де, өз қолымен ас дайындап берді. Әжем тамақ әзірлеудің шебері еді, ақ дастарқанынан қонақ үзілмейтін. Соның арқасында игі жақсының әңгімесін тыңдап, батасын алғам.
– Ата мен әже институтының бүгінгі әлеуеті қандай?
– Биологиялық ата мен әжелер көбейіп жатыр, шүкір. Менің қатарым, бізден жасы кішілер де немере сүйіп үлгерді. Бірақ олардың қаншасы сол ардақты атқа лайық екенін тап басып айту қиын. Институт дәрежесіне көтеру үшін, тағы да қайталап айтамын, салт-дәстүрге көбірек көңіл бөлу керек. Әке мен ұлдың, ана мен қыздың қарым-қатынасындағы ұлттық бояуды қанықтыру қажет. Қазақ елiнде туыстық қатынастағы ерекше тұрған байланыстың бірі – аға мен інінің және аға мен қарындастың арасындағы байланыс. Бұл – қазақта ғана бар ерекше қасиет, өзгеше өнер. Өкінішке қарай, қарындасын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, алақанына салып аялайтын ағаларды, ағасына сүйкімді қылықпен еркелейтін, әкесімен тең көрмесе, кем көрмейтін қарын­дас­­тарды жиі кезіктірмейтін бол­дық. Қазақ ауыз әдебиетінде аға мен інінің қарым-қатынасы да өзге халықтан ерек екенін көрсетеді. Бірін-бірі үшін жан беруге даяр тұратын ағалы-інілілердің сыйластығы қаншама аңыз-әңгімеге арқау болды. Бір ғана Төлеген мен Сансызбайдың қарым-қатынасы талай буынға үлгі болып келген.
– Мемлекеттің «Үш тұғырлы тіл» саясатын ілгерілетіп жүрген адамдардың бірісіз. «Ай Күнді сүйеді» фильмінің кейіпкерлерінің үш тілде сөйлеуі соның айғағы болса керек…

IMG_3962
– Менің үш тілде еркін сөйлей­тінімді білген соң, «Қай тіл жаныңызға жақынырақ?», «Отбасындағы қарым-қатынаста қай тілге басымдық бересіз?» деген сауалдар жиі қойылады. Әкемнің қанымен, анамның ақ сүтімен дарыған тіл – қазақ тілі мен үшін әрқашан бірінші орында тұрады. Бірақ қызмет бабымен әр түрлі ортамен, түрлі ұлттың өкілдерімен араласқан соң орыс тілінде, ағылшын тілінде байланыс орнатуға қабілетті болу заман талабы. Екеуі де халықаралық дәрежеде мойындалған тілдер, ағылшын тілі жаһанданған экономика мен жаңа технологиялардың тіліне айналды. Оларды меңгеру қазақ тілінің тамырына балта шабады деген көзқарастан арылу керек. Дамыған елдермен тереземізді теңестіру үшін де бұл тілдерден бас тарта алмаймыз. Бастысы, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы ұмытпасақ болғаны. Мәселе сөзде емес, ойда. Сөздің ар жағында ой жатпаса оның салмағы да, құнары да болмайды. Ойдың ар жағында рух, рухтың қақ ортасында жүрек дірілің болмаса, нәтиже шықпайды.
– «Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдар­ла­масында» 2020 жылы қазақ тілінде сөйлейтін қазақстандықтардың үлесі 95 пайызға жетеді деген меже бар. Тіл дамуының қазіргі қарқынымен мақсатты межеге жете аламыз ба?
– Алла қаласа, жетеміз. Сан сапаға айналса, тіпті жақсы. Қазақ тілінің қолданыс аясы біртіндеп кеңейіп келеді. Мемлекеттік тілге бет бұрған өзге ұлт өкілдерінің көбейгені қуантады. Қазақ мектеп­терінің саны да жылдан жылға артып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматыда санаулы қазақ мектебі болды, мемлекеттік тілде білім алған оқушылардың саны небәрі 8 мың болатын. Бүгінде олардың саны 12 есе артып, 90 мыңнан асқан. Балаларымыз қазақ екенін ұғынады, өз тілінде қымсынбай сөйлейді. Мен мектеп жасына жеткенде қалада жалғыз қазақ мектебі болатын: №12 мектеп. Орын тапшы болғандықтан, екінің бірі ол мектептің табалдырығын аттай алмайтын. Ата-анамнын абыройынын арқасында, №12 мектепке қабылдандым. Әйтпесе мен де өзге құрдастарым сияқты тілімді «Әліппемен» емес, «Букварьмен» сындыратын ба едім, кім білсін?
Демографиялық өсіміміз де жыл өткен сайын оңалып келеді. Қазақ әйелдерінің қайсарлығы, қазақ аналарының асылдығы мен қанындағы тазалықтың арқасында дүниеге дені сау ұрпақ келіп жатыр. Сондықтан қыздарымыз бен қарындастарымызды аялап, аналарымыз бен жарларымызға деген құрметті төмендетпеу керек. Олар жақсылық атаулының бәріне лайықты.
– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында халыққа айтар тілегіңіз?
– Аспанымыз әрқашан ашық болсын! Көгімізді бұлт, жүзімізді мұң торламасын! Берекелі күндеріміз көп болғай!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА

http://turkystan.kz/