[:kz]
Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осыдан бірнеше күн бұрын ескі гараждан өлі күйінде табылған үш жасар қыздың ата-анасына барып, көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ғабидолла Әбдірахымов Instagram парақшасында қайғыдан қан жұтқан отбасының шаңырағына барып, жағдайды анықтағаны туралы жазды.
Әкім сол күні болған оқиғаны әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндап берді.
Оның сөзінше, аулада ойнап жүрген үш жасар Кәусар әкесінің артынан барамын деп өздерінің көршісімен бірге әкесі отырған жаққа жүрген. Қоршауды секіріп өтпекші болған көршісі Кәусарды қолынан түсіріп алған. Талып қалған сәбиді көріп қорыққан ол бүлдіршінді сол жерде қалдырып кетеді. Қылмыс жасаған азаматқа қатысты іс қозғалып, қамауға алынған.
«Іс-сапардан келісімен оқиға орнына барып, мән-жайдың барлығын анықтадым. Кәусарға қатысты ешқандай зорлық жасалмаған. Кәусардың ата-анасына көңіл айттым, сындарлы сағатта бекем болуға шақырдым. Кәусардың жатқан жері жарық болып, Алла алдынан жарылқасын! Әр бала біз үшін қымбат. Сәбилеріміздің қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Құрметті қала тұрғындары, балаларымызды сағат сайын бақылап қадағалап жүрейік!», — деді қала басшысы.
Сондай-ақ, шаһар басшысы қайғылы оқиғаға қатысты тиісті жұмыстардың жүргізілетінін, қылмыскердің өз жазасын алатынын айтып өтті.
Әкімшілік және қала полициясы тиісті жұмыстарды күшейтеді. Бүгін осы мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, тапсырма беремін», — деп жазды әкім.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Шымкенттегі ескі гараждардың бірінде үш жасар қыздың денесі табылды.
Полиция қыз өлімінің алдын ала себебін айтып, оның жерге құлау кезінде құсығына тұншығып қалғанын мәлімдеген еді. Алайда бүлдіршіннің ата-анасы мұндай нұсқаға сенбей, қыздарын біреудің өлтіріп кеткенін айтты.
[:]