АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Абыройлы парыздың арналары (Елбасы кітабы туралы пікірлер)[:]

[:kz]

362191b7d93a045ebca11ef50da3f512-small«Егемен Қазақстан» газетінің 2016 жылғы 5 қарашадағы басылымында Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» атты шығармасының үшінші бөлімі – «Туған тілдің тұғыры» атты еңбегі жарияланды. Президентіміз сонау тарих қойнауынан етек алатын киелі тіліміздің тұғырын, Отарлау саясаты кезеңіндегі тіл езгісін, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның тілдік ахуалының мән-мағынасын ашып, алдағы негізгі ұстаным бағыт-бағдарын көрсетті. Ана тіліміздің дамуына бұғау болып тұрған кедергілерді белгіледі. Жаһандық үрдістегі тіл мәселеміз әрі қарай қалай өрбуі керек екендігін саралап берді. Ол үшін Елбасы ең алдымен мынадай мәселелерді алға қойып отыр.

«Мемлекет дамуындағы маңызды мәсе­ле­нің бірі – үш тұғырлы тіл мәселесі десек, артық айтқандық болмас. Жаһандану жағ­дайында жалғыз тілмен қала алмайсың. Әлем­дік ақпарат, технология, жаңа инно­ва­циялық индустрия ағылшын тілінде жү­ріп жатыр. Демек бұл тілді де біз еркін мең­геруіміз керек. Ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілі де ел дамуында өзіндік рөлін жо­ғалтқан жоқ. Оны тарихымыздан сызып тас­тай алмаймыз. Бұрын көп тіл білушілік мақ­тан болса, енді ол қажеттілікке айналды.

Қажеттілігі сол, көп тіл білсең, көп ақ­паратты игересің, өзгелердің озығы мен то­зығын айырасың. Бүгінгі уақыттағы эко­но­микалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық пәр­мені бар, қуатты дамып келе жатқан мем­лекеттердің үлгі-өнегесін танисың. Бәрі­мен санасуға тура келеді. Оны заман айқын көрсетіп отыр. Жас ұрпақ осыны терең түсініп, жан-жақты болуы шарт. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет».

Тілдің қолданылу аясына байланысты ор­таға салар бірталай жайттар да бар. Тіл дамуы үшін тілдік орта қажет. Бұл – ең бірінші шарт. Сосын тілге деген қажеттілік керек. Үшінші шарт, ана тіліңді ардақтайтын ұлттық намыс керек. Қандай заң болса да оның өмір сүру, қызмет ету аясы уақыттың құзырына тікелей тәуелді болып жатады. Мұндай жағ­дай тәуелсіздігін енді алған, дамудың жаңа, өзіндік жолына түскен мемлекеттердің та­ри­хында көп кездеседі. Біздің де әп деп азаттық алған тұсымызда туындаған, қа­был­данған көп заңдар уақыт өте келе сапалық өзгерістерді бастан кешті. Олар жетілдірілді, то­лықтырылды, өзгерістерге ұшырады.

Мемлекеттік тілдің алдында тұрған ма­ңызды мәселелердің бірі оның жаңа әлеу­меттік-мәдени болмысты бейнелеудегі мүм­кіндіктерін кеңейту қажеттігі болып отыр. Бұл бағытта нақты, нысаналы ғы­лыми жұмыстар, сараптамалық іс-шаралар жүр­гізілуі тиіс. Әлі орыс тілінің білім мен ғылым, әлеуметтік-тұрмыстық салаларда басымдығы анық байқалады.

Заң бізге тікелей тіл үйретіп бермейді. Бірақ заң білген адам заманның қиындығына аса абыржи қоймайды. Жағдайдың жөнін біледі. Одан шығатын жолды жаңылмай таба алады. Әрине, жұрттың бәріне заңды жатқа біл, баптарын басыңда ұста деп талап ете алмайсың. Бірақ Қазақстан заңы әрбір отандасымыздың арын арлап, барын қорғауға қызмет ете алады. Соның ішінде тіл туралы түйткілдердің өзін заңдық, құқықтық деңгейде толық реттеуге болады» деп атап өтті.

Осы айтылғандармен толықтай келісеміз және Елбасының ой-пайымдарының жете­гін­дегі бізге жүктелген жауапкершілік те өсе түсетінін білеміз. Қазір облысымызда 19 тіл дамыту орталығы жұмыс істейді. Мұнда үш­тұғырлы тіл мәселесіне айрықша назар аударылған. Былтырғы оқу жылында 1944 адамға арнайы сертификат берілді. Биылғы курстарға 4880 кісі қатысып жүр.

Жыл сайын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл – парасат», «Ой-сана», «Тілдарын», «Тіл мерейі», «Тіл шебері», «Абай оқулары», «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы», ақындар мүшәйрасы сынды іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Үгіт-насихат жұмысы да белсенді ат­қа­ры­луда. Облыстағы газеттерде 35 айдар мем­лекеттік тілді насихаттауға бағытталған. Облыстық телеарнада берілетін барлық хабарлардың 69%-ы, радиода 50%-ы қазақ тілінде таратылады. 2016 жылдың тоғыз айы бойынша тіл саясатына қатысты 431 мақала мерзімді басылымдарға жарияланды, оның 282-сі мемлекеттік тілде болса, 140-ы орыс тілінде, 9-ы аралас тілде.

Мемлекеттік органдардан қазақ тілінде шығатын ісқағаздардың үлесі: 2016 жылдың қазан айы бойынша 98 % деңгейде тұрақтады.

Тиянақтай айтар болсақ, тіл мәселесі барлығымызға ортақ. Елбасының алға қойған межелерін жүзеге асыруда еселі еңбек ету баршамыздың абыройлы парызымыз болмақ.

Арман БЕРДАЛИН,

Ақмола облыстық тілдерді дамыту

басқармасының басшысы

Ақмола облысы

Бабалар мұрасын ұлықтауға үйретеді

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегін мұқият оқыдым. Оның алғашқы тарауындағы Тәуелсіздіктің тал бесігі болған, қасиетті мекен, ұлттық сананы қалыптастырудың рухани орталығы, өнер мен мәдениеттің қайнар бұлағы ару Алматы атанған арман қала туралы салиқалы ойлар түйген жолдар әркімнің-ақ жүрегін тебірентері хақ.

Алатаудың баурайында туып-өскен Президенттің ару Алма­ты­дағы астананы Ақмолаға ауыстыру тура­лы ой-арманы тәуелсіздіктің алғашқы күн­дерінен бастау алған. Бұл мә­селе туралы баспасөз бет­терінде жиі сөз бола бастады. Ел ішінде қарама-қайшылықтарға толы әр ­түр­лі пиғылдағы пікірлер толас тап­пады. Ақыры Алматы бас қалаға лай­ық болса да, жаңа заман тала­бына сай астананы Ақмолаға ауыс­тыруға бекем бел байлайды. «Ұлы көштің тізгінін қағар тұста, – деп жазады Н.Ә.Назарбаев, – алып – ұшақтың баспалдағында тұрып жаным толқып, аяулы Алматыға бас иіп қоштасқан сәтімді ұмытқан емеспін. Алатаудың ұшар басына көтерілген алтын шапақты арқаланып тұрып, сонау заңғар көкте қалықтаған қыранға да қош айтқандай болғанмын. Алатау сонда ақ сақалы алдын жапқан абыз қариядай басын шұлғып, батасын бергендей сезініп, қанаттанып аттандым».

Осынау жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Міне, тәуелсіз ел бол­ғанымызға ширек ғасыр толған шақ­та Нұрсұлтан Әбішұлының ба­тыл шешімінің дұрыстығына, оның данышпандық көрегендігіне елі ғана емес, бүкіл дүние жүзі қау­ым­дастығы сөзсіз мойындаған шын­дыққа айналды. Қазір Ас­тана қаласының әсемдігіне қазақ­с­тандықтар ғана емес, шет­ел­дің мүйізі қарағайдай бас­шы­ларының өздері таңғалысып, бас шайқайды.

Елбасы туындының «Саясат сал­танаты» тарауында: «Ұлы да­ла­ның ұлағатын ұлттық тари­хымыз деп бағалай отырып, жаңа тарихтың тарау­ларын жазып жатырмыз. Бұл орайдағы берік ұстаным – ұлт­тық ынтымақты ту ету», дей ке­ліп, өзі кіндік кескен жері Шама­л­ған деген шағын ауылдың сол кездегі тіршілік-
тынысы туралы сыр шертеді. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, осы ауыл бірлік пен ынтымақтың мектебі болған. Көршілер бір-бірімен татулықта, тонның ішкі бауындай үйлесіп, жарты нанды бөліп жеп өмір сүрген. Жас отауға бүкіл ауыл асарлата үй көтеріп, үйелмені қиналмасын деп алдына мал салып берген. «Бір ерекше есте қалғаны, біздің ауылда жанжал деген мүлде болмайтын, – деп жазады Елбасы, – әлде ауыл ағалары болдырмай ма екен? Әйтеуір жұрт жұмылып, бір-біріне сүйеу болып, аядай ауылдың ортақ абыройын қызғыштай қоритын». Осы жолдарды оқығанда қазіргі кейбір елді мекендердегі қалыптасқан теріс ахуалға қарның ашады. Ақсақалды атасының, ақжаулықты анасының алдынан кесіп өтпейтін, қисынды сөзге тоқтайтын ауылды аңсайсың. Кейбір ауылдарда жастар түгілі қариялардың түрлі жиын-тойларда араққа сылқия тойып алып, бірімен бірі жанжалдасу, тіпті жаға жыртысуға дейін баратындары, ру-руға бөлініп, әкімдіктерге домалақ арызды боратып жаза беретіні, сөйтіп сүттей ұйыған ел ішін ала тайдай бүлдіретін фактілердің орын алып отырғаны жасырын емес. Мұның сыртында көрші отырып, бірінің малын бірі ұрлау, өрт салу сияқты қылмысты жаман қылықтар да жоқ емес. Кезінде тізгін ұстаған ел ағаларының бәтуалық сөзіне құлақ аспайды. Өкпенің арты өкініш, даудың соңы даурығу екенін түсінгілері келмейді. Ел ішінде тыныштық бұзылса, ол жерде ешқашан береке-бірлік орнамасы анық.

Елеулі еңбекте қазақстандық даму жолының тиімділігін әлемнің мойындап отырғандығы, елдегі қоғамдық келісімді, ұлттар мен ұлтаралық татулықтың үлгісі ретінде жоғары бағалағаны, Қазақ­с­танның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшесі болып сайлануы республика­­ның халықаралық дәре­жедегі беделі­нің өсе түскендігі ерек­ше аталып өтеді. Қазақстанның Ресей мен Украина, Әзербайжан мен Армения, Мәскеу мен Ан­ка­ра арасын жақындастыруда ара­ағайындық, мәмілегерлік іс-ша­ра­ларды өткізуіне, Орталық Азия­да алғашқы болып Эко­но­микалық ынтымақтастық және да­­му ұйымы Бәсекелестік жө­нін­дегі комитетінің мүшелігіне қа­былдануына Елбасы жоғары баға бе­реді.

Президент еңбегінде «сыбайлас жемқорлықтың – жегіқұрт, халықтың қазынасын тонап жатқан, іс басына келгенше мінәйім, қолға билік тигесін «құдайым» бола қалатын адамдар арамызда әлі де кездесетінін, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» екенін ашына жазады.

Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев­тың «Ұлы дала ұла­ғат­тары» ең­бе­гі өте өзекті мә­се­ле­лерді қоз­ға­ған. Автор ойын: «Кон­­с­ти­ту­ция­­да тұжырымдалған бас­­ты қа­ғ­и­даттарды негізге ала оты­­рып, Қа­зақстанның үшінші мың­­жы­л­дық­тағы орнының тек қа­на төрден та­былуына бар күш-жі­ге­рімізді, ақыл-парасатымызды жұ­м­сайтын бо­ламыз. Серттей сөзі­міз – осы. Сер­пінді ісіміз де сон­дай болмақ. Серт­тің сыны мен сер­пі­нін уақыт көр­сетеді. Сол кезде біз уақыттың бе­тіне ұялмай қа­рай аламыз деп се­неміз» деп тұжыр­ы­м­дайды. Иә, тәуелсіздік алғанына 25 жыл тол­ғалы отырған Қазақстан бо­лашағының жарқын болатыны­на, келешек ұрпағымыздың бір жең­нен қол, бір жағадан бас шы­ғарып, Елбасының көрегендік бас­шылығымен ортақ жеңістерге жет­е бе­ретініне күмәнсіз екеніне біз де се­нім білдіреміз.

Ғұмар ХМЕТЧИН,

Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық

филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері

ҚОСТАНАЙ

Ең бастысы – ел бірлігі

«Адамзаттың бәрін сүй, бауы­рым деп», деп данышпан Абай атамыз айтқандай, тағдыр жазмышымен біздің жерімізде тоғысқан алуан ұлт пен ұлыстың, өзіміздің де береке-бірлік, достығымызды өсіп-өркендеуіміздің алтын қазығы ретінде ұстанып, болашаққа қарай адымдай беруге тиіспіз.

Осыншама қиындықпен келген тә­уел­­сіздік рухымызды асқақтатып, бо­ла­шаққа деген сенімімізді күшейтті. Ба­балар жү­ріп өткен жолдың тарихи та­­ғылымы біз­ге береке бастауы – бір­лік­­те, ырыстың алды – ынтымақта еке­нін айқын көрсетті. Ел­басы Нұр­сұл­­тан­­ Назарбаевтың «Ұлы дала ұла­­ғат­та­ры» ат­ты жазбаларында елдің бірлігі, та­ту­лығы, ынтымағы қа­рапайым ғана мы­салдармен өте жақ­сы баян­далыпты.

«Біз – ынтымақ деген сөздің мән-ма­ғынасын бала кезден бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Әрі мұны тек мектеп оқулықтарынан ғана емес, алақандай ауылдың қарапайым адамдарынан ес­тіп, күнделікті тірлігінен танып өстік. Осын­дайда бір тәмсіл еске түседі. Баяғыда бір қария жеміс ағашын егіп жатыпты. Өзі белі еңкіш тартып, әбден қартайған кәрі адам екен. Оны көргендер: «Ата, өзіңіз болсаңыз қартайдыңыз, бұл ағаш қашан жеміс береді, оны сіз көре алмайтын да шығарсыз, несіне әуре болып жатырсыз?», дегенде, белін бір сәтке жазған қария: «Мен жемісін жемесем де, оны кейінгі ұрпағым жейді ғой, сол үшін отырғызып жатырмын», депті.

Біздің әкелеріміз осы тәмсілдегі қа­рияның өзіндей, ұрпағын ойлаған үлкендердің көзіндей еді. Алатау бау­райында бой көтерген ауылдардағы қариялардың бәрі дерлік осы тәмсілді өз бастарынан кешкен ұрпақ еді. Мұны жылдар өте келе терең ұғына түстік. Ал бүкіл қазақ даласын жаудан да, даудан да қорғап, келер ұрпағы үшін шыбын жанын да, қасық қанын да қиған қасиетті аға ұрпақтың ел мен жер туралы мәңгілік тәмсілін бүгінгі ұрпаққа жан-жақты ұғындыра алдық па? «Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ» деген Махамбеттен жеткен ма­ғыналы сөз бар. Кейде бір азаматтар ша­мадан тыс міншіл болып жатқанда, осы сөзді ұстанған баяғы ауыл қарттары ес­ке жиірек түсетіні бар» деп толғанады Ел­басы «Ұлы дала ұлағаттарында».

Шынында, ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Ал ынтымақ-бірлікке шақырар ақсақалдықтың абы­рой-беделін арттыру – уақыт талабы. Өйткені, еліміз ежелден ел ағаларына, ардақты абыздарына, қағидасы қазына­лы қарияларына қарап, ойын да бойын да түзеген. Талантты тұлғаларына тәу етіп, тұтқалы тәжірибелерінен үлгі ал­ған, еңселерін тіктеп, еңбекке де, ерлікке де ақылмандардың ақ батасы арқылы бел байлаған. Бүгінгі егемен еліміздің мамыражай жағдайында аға ұрпақтың қадірі арта түспесе кеміген жоқ. Әрбір игілікті іс, толағай тірлік, бәтуалы бірлік алаш асылдарының, ақ ниет­ті ақсақалдарының қолдап-қуат­тауымен, ақ жол тілеп алқа­лауымен жүзеге асып жатады.

Негізі дос сүйсініп, дұшпан қызғана қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы, қазақстандықтардың ынты­мақ­тас­тығы мен бірлігі арқасында жетіп оты­рған игілікті нәтижелер. Ата-баба аманатына адал болу, өсиет ақылдарын іске асыру – басты парызымыз.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жамбыл облысы

Шешендік шеберлігіне тәнті болдық

«Ұлы Дала ұлағаттары» атты Елбасы еңбегінің ел газеті «Егемен Қазақстанда» кітапша нұсқасымен жарияланғанын жұртшылық жылы қабылдады. Тәуелсіздіктің тұғырлы 25 жылдық мерекесі қарсаңында елдің жігерін жанитын, намысын қайрайтын, санасын сергітетін сөздің Елбасы шығармасы болып оқырманға жол тартуы құптарлық дүние. Ең алдымен, Нұрсұлтан Назарбаев ойының орамдары түскен туындының көркем тілмен жазылғаны ұнады. Қаламы ұшқыр автор оқырманын өзі жетелеп отырады.

Бұл тұрғыда Президентіміздің қазақтың қара сөзін жан-дүниесімен түсінетіндігін ғана емес, жеткізе алатындығын да көріп, шешендік ше­­бер­лігіне тағы бір тәнті болдық. Мә­селен, Мемлекет басшысының жа­ңа шығармасындағы: «Қазақ сөзінің кө­бі астарлы, бейнелі. Сөзіміздің бәрі ұй­қа­сып тұрған қара өлеңдей әсер етеді. Мәселен, қара деген сөздің мән-мазмұны кең. Ол көп, қалың, мол, үлкен деген ұғымдарды береді. Ал осы сөз – қайғының қара бұлтын серпитін жауынгер ұғым. Халқымызды қара орманым дейміз. Үлкен, бас үйді қара шаңырақ дейміз. Түркі жұртының қара шаңырағында отырған қазақтың әрбір тірлігі халық тарихы – ұлттың ұраны, қаруы мен құралы. Қара шаңырақтың иесі де бізбіз, киесі де бізде» деген байламы қандай әсерлі!

Расында, қазақ – күллі түркі жұр­ты­ның қара шаңырағы болса, түркі халықтарының қара шаңырағы – Төр Алтай! Осы орайда «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген Елбасының сонау сақ, ғұн дәуіріндегі Алтайдың мемлекеттілікті құру тарихы­ның қайнарында тұрғанын тарихи деректермен тарқатуы талайларға ой салса керек. Өйткені, ата-баба тарихының тұжырымдары да ұлттық ұлағат. Тарих текті ұмытпау үшін, өткеннен сабақ алу үшін жазылады.

Мемлекет басшысының бастамасымен қазақтың қасіретті ошағына айналған Семей сынақ полигоны жабылды. Бүгінде атом әлеуетін бейбіт мақсатта игеру жөніндегі қазақстандық үндеуге жаһан жұрты бас изеп, мақұлдап отыр. Тәуелсіздік жылдары еліміз антиядролық күрестің тізгінқағар жетекші еліне айналды. Бұл – көк аспанын радиация бұлты торлаған шығысқазақстандықтар үшін қайтадан күн шығып, шұғыласын шашқандай болды десек, артық айт­қандық емес.

Нұрсұлтан Әбішұлының шығарма­сында туған жерінің қасиеті мен тұлғаларының аракідік болса да сөз болуы бекер емес. Өйткені, әр адам ал­ғаш­қы нәрді, болмыс пен бітімді туған же­рінен алады. Сондықтан да қазақ хал­қы кіндік кескен жұртты, атамекенді ерекше қадірлейді. Отан туған ошақтан басталады. Елбасы туған өңірдің асқақ Алатаудың баурайында, эпикалық жырау Жамбылдың елінде болуы да қазақтың ұлттық мақсат-мұраттарының пайдасына шешілді дер едім. Өйткені, адам туған жерді, туған елді таңдай алмайды. Бұл – Жаратушының жазмышы. Тәуелсіздік тарихымен бірге дүние жаратылысынан, өмір пәлсапасынан сыр шертетін «Ұлы Дала ұлағаттары» – ұлағатты ой-толғам.

Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы

ӨСКЕМЕН

egemen.kz

[:]