[:kz]
Елге белгілі адвокат Абзал Құспан Ұлттық бірыңғай тестілеуде орын алған заңсыздықтар туралы сұхбат берді. Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін жалған құжат әзірлеу фактісі туралы ақпаратты неліктен жариялағанын түсіндірді.
Бұл туралы заңгер Қасқа жол бағдарламасында айтты.
Абзал Құспан Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты ақпаратты ішкі істер органы өкілдерінен алғанын мәлімдеді. Айтуынша, орган қызметкерлері ақпаратты жариялауды өтінген. Себебі іске қатысты заңсыздықтар орын ала бастапты.
“Мен бұл туралы 13 маусымда желіден көрдім. Ол кезде ешкім мән бере қойған жоқ. Мен жария еткен соң шу болды. Ішкі істер органының қызметкерлері бәрі қолымызда бар, бірақ сұмдық болып жатыр деді. Осыны желіге жарияла деп өздері берді. Әдетте мұндай қылмыстар республика бойынша көп. Әр облыста да, ауданда да. Егер сіз сот төрағасын немесе прокурорды жақсы танысаңыз, қылмысты өз қалауыңызша жасап ала аласыз. Бұл бәріне белгілі. Бұл заңсыздық. Мен осы істен соң ҰБТ-ның қаншалықты сыбайластыққа, жемқорлыққа ұласқанын көрдім. 1,5-2 миллион теңгең болса, сіздің балаңыз 120-140 балл алып шығады. Бұл бір ғана Тұрсынбек емес, қанша қылмыс осылай өтіп жатыр. Оның қаншалықты кең етек жайғанын түсінуге болады”, – деді заңгер.
Абзал Құспан қолында дәл осы Тұрсынбектің қызының оқиғасына қатысты бірнеше қылмыстық заңсыздықтар туралы ақпарат бар екенін айтады. Алайда оларды жария етпегендіктен ол туралы айтудан бас тартты.
“Мен осы туралы желіге жазғанда Тұрсынбектің әйелі хабарласты. Ол менен ешнәрсе өтінген жоқ. Тек өз нұсқасын айтты. Менің дұрыс түсінбегенімді айтты. Ер адам ретінде, ол әйел адам болған соң одан кейін мен ешнәрсе жариялаған жоқпын. Еш ақпаратты да жариялаған жоқпын. Ешкімнің жеке басына тиетін ақпарат жазған емеспін. Негізі бала 16 жастан бастап жауапқа тартылады. Кей жағдайда 14 жастан бастап жауап береді. Менің таңғалғаным құжатты жасаған адамның ғана жауап беріп жатқаны. Егер ол құжатты Тұрсынбектің қызы пайдаланған болса, ол да жауапты болу керек. Менің айтайын дегенім сол. Не үшін қылмысқа қатысты бір ғана адам жауап береді?”, – деді ол.
Абзал Құспан Тұрсынбек пен әйелінің қызының қылмыстық ісі жайлы білмейміз деп ақталғанына сенімсіздік танытты.
“Мен Тұрсынбектің айтқандарына сене қоймадым. Ол бәрін білді деп нақты айтпай-ақ қояйын. Мен білмеймін. Тек сене қоймадым деп айтайын. Адамды сот үкімі шыққанша кінәлі не кінәсіз деп айыптай алмаймыз. Айыптайтын болсақ, кейін сот үкімімен ол адам ақталып қалса, бұрын оны кінәлі деп айыптаған адамды да жауапқа тартуға болады. Сондықтан мен ешкімді кінәлі демеймін”, – деді заңгер.
Stan.kz ақпарат агенттігі
[:]