[:kz]
Бүгін таңертең Нұр-Сұлтанда болған ауыр жол апатынан 2 адам көз жұмып, 36 адам жарақаттанған. Апаттан зардап шеккендердің бірі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Соққының салдарынан оның мұрны сыныпты.
Оқиға орнына жедел жәрдемнің жиыны 15 бригадасы келген. Соңғы ақпарат бойынша, 2 адам көз жұмды. 36 адам жарақат алды. 7 азамат ауыр жағдайда. Олардың өмірі үшін дәрігерлер күресуде. Зәуреш Өтемісова соғылған автобустың ішінде болған екен. Ауыр соққыдан мұрны сынған, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап Stan.kz.
«Әдеттегідей жұмысқа бара жатқанмын. Автобус іші апат кезінде жартылай бос болған. Қолыммен бетімді жауып қана үлгердім. Бір сәтке есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, адамдар айқайлап, шулап жатты», — дейді зардап шегуші Зәуреш Өтемісова.
Көз жұмғандардың бірі 301-ші бағыттағы, жылдамдықпен келіп соғылған автобустың жүргізушісі, 53 жастағы Абай Оспанов. Екіншісі 24-тегі жолаушы Айзат Нурекенова.
«ҚР ҚК 345-бабы бойынша, яғни, жол жүру ережесін өрескел бұзып, осының салдарынан 2 және одан да көп адамдардың өліміне әкеп соққан бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып, сараптамалар тағайындалады. Оның ішінде сот-медициналық сараптама, автотехникалық сараптама бар», — дейді қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.
Автобустың техникалық жағдайы қалай болғанын білмек болып автопаркке беттедік. Ондағылар 2014 жылы шығарылған қоғамдық көлікте мін болмаған деп отыр.
«Толықтай барлығын механик тексеріп, печатін қойып берген ғой. Күнделікті тексереді, кешке кіргенде және таңертең. Автобустың тежегіші ұстамай қалды деген болжам мүмкін емес», — дейді автопарк механигі Мейрам Мұсаев.
Тағы бір болжам, жүргізушінің денсаулығы сыр беруі мүмкін. Абай Оспановтың 9 жылдай тәжірибесі бар. Автопаркке екі жыл бұрын келіпті. Қызметте де, денсаулығында да мін болмаған, құжат бойынша.
«Жүргізуші таңғы сағат 6:30-да медициналық тексеруден өткен. Денсаулығында мін болмаған. Егер өзі жайсыз сезінсе, рейске шықпаушы еді. Жыл сайынғы тексеруден соңғы рет 4 ай бұрын өтті. Жұмысқа жарамды деген қорытынды бар», — дейді «Астана LRT» компаниясының басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.
Автопарк басшылығы жүргізуші мерекелік демалыстан соң жұмыстағы екінші күніне кіріскен дейді.
«Біз қарадық, ол жұмыс күнінің алдында 3 күн демалған», — дейді автопарк басқарма басшысының кеңесшісі Сәбит Болатов.
Оқиғаның нақты себебін енді тәртіп сақшылары анықтайтын болады. Мерт болған автобус жүргізушінің артында 4 баласы қалған екен. Туыстарымен тілдескенімізде, ол кезінде Чернобль апатының салдарымен күреске қатысқанын білдік. Ал қапыда көз жұмған жолаушы Айзат бір баланың жалғызбасты анасы болыпты.
[:]