АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Әдiл Тойғанбаев. Бізге халықты көтере алатын партия жетіспейді[:]

[:kz]

 

«Тіліміз, жазуымыз, тарихымыз және болашақтағы миссиямыз сияқты қасиетті дүниелер бар» деген едіңіз президенттік сайлау алдында. Мұндай бағдарламаны ұсынған саяси күштер болды ма?
Жоқ. Саяси күштердің бәрі де қысқа мерзімге арналған міндеттердің шеңберінен шыққан жоқ, әрқайсысы жағдайдың өзгеруіне қарай орын табуға тырысты. Қай-қайсысы да өз мәселесін шешумен ғана айналысты. Елдегі мәселені шешкен ешқайсысы болған жоқ.
Сайлауда тараптардың ешбіріне қосылмауыңыз осы жағдаймен байланысты ма?

Сайлау кезінде заманауи және жас, патриоттық бағыттағы саяси күштер болғанда, солардың қатарында болуға арланбас едім. Көш басында болуым да міндетті емес еді, қатардағы азамат ретінде-ақ қолдар едім. Алайда, заманауи тарихымыздан немесе әлемдік тәжірибеден титтей де сабақ алмаған, қара басының қамынан басқаны ойлай алмайтын шенеуніктер мен жоқтан өзгені сөз қылатын оппозиционерлерді, сонымен бірге сайлау бола қалса, делебесі қозатын сайқымазақтарды ғана көрдім.

Әр тараптан айтылған ұсыныстар (әрине, сайқымазақтардікінен басқасы) бәлкім қызық та болған шығар. Олай болмағанның өзінде, әйтеуір бір ақпараты болды. Бірақ ешқайсысы ең негізгі, ғаламдық мәселені қозғай алмады. Сондықтан барлығы әңгіме деңгейінде қала берді.
Жаңа сайланған президенттің командасы оны заңдастыру арқылы алдына қойған міндетін орындады. Алайда, бұрынғы конституциялық норма шеңберінде болды, демократиялық реформа жасағанда, керемет сайлауалды бағдарлама болар еді. Ал саяси өзгеріссіз қол жеткізген жеңістің бағасы аса жоғары емес. Ендігі жерде танылу үшін Тоқаевқа президенттік қызметіне кіріскен алғашқы күннен жаңа сайлау науқанын бастауға тура келеді. Онысы теория жүзінде қалмағаны дұрыс. Ол үшін Мәжілісті таратып, халықаралық стандартқа сай әділ сайлау өткізіп, көппартиялы парламент жасақтауы керек. Одан әрі елімізді сыртқы саясаттағы рейтингте толыққанды демократия деңгейіне дейін жеткізуі тиіс. (Бұл Қазақстанның инвестициялық рейтингтегі орнына да оң ықпал етеді).
Сіз үшін әділ сайлау деген не? Ең бірінші кезекте?
Көздеген мақсаты Конституцияға қайшы келмейтін кез келген партияны тіркеу. Барлық процедура ашық жүруі керек, Әділет министрлігінің қолдан кедергі жасауына жол берілмеуі тиіс. Әлемде жоқ, ойдан шығарған шектеулерді алып тастау. Пропорционал сайлау жүйесі ғана бар ел үшін партиялық құрылым – ұлттық артықшылық. Әйтпесе, ат төбеліндей үміткер арасынан дауыс беруге тұрарлық тұлғаларды көрмей қалуымыз да мүмкін.

Сонымен бірге, барлық партия негізгі ақпарат құралдарына емін-еркін, ешқандай кедергісіз шыға алуы керек. Теңдей жағдай жасалса, тіпті керемет болар еді. Ондай болмағанмен де, орталық ақпарат құралдарына шыға алатындай болуы керек. Сондай-ақ, жоғарыдағылардың белгілеп берген форматы шеңберінде сөйлемей, тікелей өз бағдарламаларын ұсынуы тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – дауыс санауды бақылау, конкурс бойынша және тепе-теңдікті сақтай отырып, жергілікті атқарушы биліктен толықтай тәуелсіз сайлау комиссиясын құру. Әділ сайлау өткізу үшін осы аталғандар болса жеткілікті. Бұл заңнамаға өзгеріс енгізудің дайын бағдарламасы, Мәжіліс мұны бір демде-ақ енгізе алады. Бұл Тоқаев пен оның айналасына жалпыхалықтық диалог құратын толыққанды пікірталас алаңын құруына, көпшіліктің саналы түрдегі таңдауын көрсететін заң шығарушы орган құруына мүмкіндік береді. Саналы түрде дегенде аты бар да, заты жоқ өсиеттерді емес, түрлі мазмұнды бағдарламалар арасынан таңдауды айтып отырмын.
Көппартиялы жүйе жөнінде тыңғылықты пікір білдіргеніңізге қарап, жеке жобаңызды тіркейін деп жүр ме деген ойға қалады екенсің…
Иә, солай болуы да мүмкін. Қазіргі тіркелген оппозициялық партиялардың әлеуеті белгілі, ұйымдастыру жағынан да, идеялық тұрғыдан да әлсіз. Олардың кейбірін тарату туралы талпыныс та бар, кейбіріне қатысты нақты әрекет те бар. Дегенмен, келіссөздер қара бастың қамына көбірек келеді, әсіресе, олар үздіксіз болса. Ұлт өзінің болмысын көрсеткісі келеді. Ал өткен сайлауда патриоттық позицияның халі тым мүшкіл болды. Сіз сөз басында айтқан тіл, әліпби, тарих және болашақтағы орнымыз, сонымен бірге қазақ жерінің тұтастығы еліміздегі кемінде бір партияның мақсат-мұраты болуы тиіс. Ол белгілі саяси ұйымдардың одағы бола ма, әлде мүлдем жаңа ұйым бола ма, ол жағы маңызды емес. Маңыздысы – оның болуы. Өткен сайлауда ешкім бұл мұраттар үшін күрескен жоқ, ұлт тақырыбы сайлаудан мүлдем тыс қалды. Яғни, үміткерлердің қай-қайсысы да не бізге бөтен, не алысты көздей алмайды деген сөз. Меніңше, екеуі де бар.

Сіз «Тоқаев жеке танылуы керек» дегенді айттыңыз. Бұл нені білдіреді? Оған не кіреді?

Тоқаевты білетіндер мен өткен жылдар ішінде оның әрекеттерін бақылап, әр сөзін жіпке тізіп жүргендер соншалық көп емес. Президенттік сайлаудағы оның бағдарламасы да жұрт назарын аударатындай болған жоқ. Ендеше, тікелей Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, оның ұстанымы мен көзқарасына, ішкі және сыртқы саяси мәселелер бойынша ұстанымдарына бола дауыс бергендер де көп емес деген сөз. Оның көп дауыс алуы да «бұл адамның билігі тұсында бәрі бұрынғыдай болады» деген принцип бойынша, негізінен инерциямен болды. Оның үстіне, Елбасы да ашықтан-ашық уәде берді. Яғни сайлау қазіргі мемлекет басшысының жеке жетістігі емес, оның статусының табысы. Назарбаевпен салыстырғанда, Тоқаев ұлтқа да таныс емес.

Енді ол жағдайды қалай өзгерте алады?

Тікелей өзінің атымен байланысты маңызды реформаларға бастамашы болу арқылы ғана. Саяси кеңістікті кеңейтіп, қазіргі таңда белгілі бір ұйымға кірмесе де, жүйеге қарсы, көңілі толмайтын топтардың әрқайсысына заң шеңберінде ұстанымын білдіруге рұқсат беру арқылы таныла алады. Қазіргі қарсы пікірдегілердің көпшілігі елдегі шағын оппозициялық бірлестіктерге сенбейтіндер, тіпті олардың бар екенін де білмейтіндер.

Бұл адамдар пікірін тікелей әрекетімен көрсетеді. Мәселен, Шымкенттегі Арыс тұрғындары секілді. Тереңдеген сайын олардың қарсылығы да күшейе түседі, қатары да көбейе береді. Жаңа президентіміз зардап шеккен қаладағы үйіндіні реттегісі келсе, Ортақ болашақ жолындағы үйіндіні тазалағысы келсе, бәрінің тең дәрежеде сөз алып, ойын еркін жеткізуіне мүдделі болуы тиіс. Олай болса, Қазақстандағы саяси өмірді минадан тазартып, халыққа еркін білдіруге мүмкіндік беру керек. Олар қарсылығын қиратып, тас лақтыру арқылы емес, дауыс беру арқылы ғана білдіруі керек. Тас лақтыру деген – бер жағы.
Парламент деген – найзағай тартқыш іспетті. Халықтың билікке қояр талап-тілегі де, айтары да көп және билікке халықтың үні жетпей жатуына бірінші кезекте солардың қатысы бар. Билік болса, халықты тыңдағысы келмейді, тыңдауға ешқандай мүмкіндігі де жоқ.

Билікке үні жетпей отырғандардың үні болуға дайын кім бар?

Олардың үнін жеткізетін біреу міндетті түрде табылады. Мұны идеалист ретінде айтып отырмын, дегенмен президент жедел Шымкентке ұшып баруы тиіс болатын. Наразы топтың алдына шығып қана қоймай, олардың көңілінен шығатын шешімді бірге іздеп табуы тиіс еді. Билік бұйыруға әбден үйреніп алған: «үйлеріңе тараңдар, біз сендердің мәселелеріңді шешіп береміз!» дей салады. Билік «біз» және «сендер» деп сөйлейді, зардап шегіп, бір ауыз жылы сөзге зәру болып отырғандарға өзім деп қарамайды. Президент, министрлеріміз бен әкімдеріміз терезенің ар жағындағы топқа не сұрап жүргені белгісіз, проблемасы бітпейтін ашулы адамдар ретінде қарамай, оларға өзім деп қараса, нағыз демократия туады.

Олардың ашуы – биліктің немқұрайдылығына берілген жауап. Бауырластық бар жерде, жанашырлық бар жерде ұлттық деңгейдегі апат ұлттың бірлігіне алып келеді. Мұндай кездегі қолдау мен көмек «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін көрсетеді. Дереу Парламент отырысын шақырып, сол халықтың сұраған жерінен үй салып беруге мүмкіндік қарастыру керек еді. Ал қирап жатқан қалаға қайтадан қуып тығу сол халыққа жасалған психологиялық қастандық. Ал одан кеңірек қарастырсақ, түйткілді мәселені бюрократиялық шешіммен жауып тастау ғана.
Халықтың жағдайын тыңдап, шешу оңай емес және тәуекелге баруды да қажет етеді. Одан гөрі оларды қақпақылдау оңай. Билікте отырғандар наразы топқа өзімен тең дәрежеде қарамаса, оларды өзіндей көрмесе, бұл немқұрайдылық айналып келіп өздеріне тиеді.
Кез келген мәселеде режимді кінәлауды пайдаланып қалғысы келетін популистің сөзі емес пе бұл?..

Популистік болса, яғни халықтық деген сөз. Бізге жалпы демократияға қатысты мәселелер туралы түсінігі дұрыс, сонымен бірге көмекке зәру адамдармен бірге алаңға шыға алатын, халықты «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» дегенге сендіре алатын, билікті қатесін мойындатып қана қоймай, қомақты қаржылай өтемақы төлеуге де мәжбүрлей алатын партия жетіспейді. Әзірге жер-жердегі наразылық акциялары мен оларды күшпен жаныштауды ғана көріп отырмыз. Халықтың айтылмаған наразылығы әлі де әрекет етуге дайын емес, бірақ сенімі де жоқ бұқараны тудырады. Халықтық партия бұлардың да, басқалардың да үдесінен шығар еді. Тіпті, халықтың қайтсем үнімді жеткізсем деп отырған топтары үшін де керек екені даусыз. Саяси мәдениет оқығаннан қалыптаспайды, ол жылағанға жұбаныш болу жолымен ғана қалыптасады.
Әділ, мұныңызбен келіспеске амал жоқ. Дегенмен, қазіргі қазақстандық оппозицияның жағдайын қалай бағалайсыз? Бәрін басынан бастауға мүмкіндігі бар ма? Өткен сайлауда оппозиция кандидатының ойламаған жерден көп дауыс жинауына қуануға негіз бар ма?
Оппозиция қуанатындай себеп көп емес, сондықтан жоғары пайызға қуануға тура келеді. Президент жеке-дара саясаткер ретінде жеңіске жеткен жоқ, «бәрі бұрынғыша бола берсін» деген инерцияның арқасында сайланды. Оппозиция да мақтана алмайды, өйткені оның нәтижесі «бәріне қарсы» электораттың жалпы дауысы, әрі қарай да «бұрынғыша бола беруіне» қарсы, оны қаламайтын топтың дауысы. Тоқаевтың да, Қосановтың да сайлаушылары тек өткенге наразылығын білдірді. Нәтижесінде билік те, оппозиция да бір қатарда болып тұр.

Оппозиция кандидатына дауыс бергендер нақты Қосановтың жақтаушылары деп ешкім айта алмайды, ол аңғалдық болар еді. Екі үміткердің де белгілі бір көңіл-күйді көрсеткені анық, екеуінің де орнында басқа кез келген адам болуы мүмкін еді және олар да сондай нәтиже көрсетер еді. Біздің саясатта жеке өлшем деген дүние қалып бара жатыр. Бұл жерде көсем, оның сүйкімі мен имиджі туралы айтып отырған жоқпын. Қазір қазақтың мұндайға бойы үйреніп, еті өлгені жақсы да шығар. Саясаткерлердің жеке бағдарламасының жоқ екенін айтып отырмын. Бұл ұлттың болашағы үшін жауапкершілікті мойнына ала алатын адамның да жоқ екенін көрсетеді.

«Бәріне қарсы» топтың үміткері шын мәнінде маңызды рөл ойнады, бірақ бұл тек бір реттік қана. Ол биліктің кандидатынан гөрі сапалы бағдарлама ұсына білді. Процедуралық мәселелерге назар аударды, демократиялық және әділ мемлекеттік құрылымға көңіл бөлді. Бірақ онда навигация жоқ, онда ұлттық мүдде жоқ. Ал ұлттық мүдде – принцип мәселесі. Ол мемлекетшілдік векторын анықтайды, оның мән-маңызын көрсетеді. «Тәуелсіз Қазақстан не үшін керек?» деген сауалға жауап береді. Онсыз ең негізгі мәселеге жауап та болмайды. Ал біз мұндай сұрақ қоя алмайтындарды көрдік.

Ұлттық мүдде негізгі мәселемізді шешеді, шарықтау шегіне жетіп тұрған таптық бөліністі жояды. Дамудың бұдан басқа жолы жоқ. Ал жеккөрушілік, әлеуметтік наразылық пен азамат соғысы – ақымақтық әрі геноцидті бастан кешкен, мемлекетті жаңадан құрып жатқан халық үшін мүлдем қажеті жоқ нәрсе.

Новости Казахстана. Алтынорда

[:]