АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Адвокат: Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа және Жанболат пен Жазира маған қысым жасады[:]

[:kz]

 

 

Алматы қаласы Адвокаттар алқасының мүшесі Тілеужан Кішкенебаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 9 наурызда Алмалы аудандық соты оны кінәлі деп тапқан. Сот оған 499 мың теңге айыппұл салып, 3 жылға адвокаттық қызметтен шеттетті деп жазады www.nege.kz

Редакциямызға хабарласқан адвокаттың айтуынша, оған «Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова және Жазира мен Жанболаттардың қысымымен айып тағылған» көрінеді.

Естеріңізде болса, былтыр пандемияға дейін бірқатар танымал әншілер лотерея ұйымдастырып, түрлі ойын ойната бастаған-ды. Әншілер жарнама жасап, қаржы пирамидаларына ұқсас, күмәнді дүниелерге халықты легімен тарта бастаған.

«Инвестиция құйсаңыздар ақшаңызды еселеп қайтарып аласыздар. Мәселен, 300 мың салсаңыз, 600 жүз мың қылып аласыз. Ал 6,5 салсаңыз,13 милллион ұтып аласыз» деп қызықтырған.

«2019 жылы Жазира мен Жанболат та жарнама жасады. Соған бір отбасы 6,5 милиион теңге ақша салып жібереді. Бірақ кейін жабылып қалады да, көп адам тақырға отырады.

Роза Әлқожа да ойын ұйымдастырады. Ол да бірнеше автокөлік, үй тігіп, елді қатысуға шақырады. Бәрі әділ болады деп жарнама жасайды. Оған да халық ақша салып, билет сатып алды. Әншілер Мәди, Азат және басқа да екі жігітті менің менеджерлерім деп атайды. Олармен қалай хабарласуға болатынын посттарына жазады», – дейді адвокат.

Олар билет сатып алғандарға  ойын ұйымдастырылғанша, басқа бір ұсыныс жасай тұратынын айтады. «Тендерден медициналық аппараттарды Германия мен АҚШ-тан алдыртамыз. Соған инвестиция құйсаңыздар, ақшаңызды 15 күннің ішінде еселеп қайтарып аласыздар» деп үгіттейді. Роза Әлқожаға сенген халық ақшасын әкеп сала бастайды.

«Жарнамада: «Біз – шариғат жолындағы адамдармыз, намазханбыз. Ісіміз адал», – деп уағыз айтады. «Сол видеоны көріп, өзім де ақша салғым келіп кетті. Әдемі жеткізеді. Ойындар болады. Бірақ ақшасын әне береміз, міне береміз деп соза береді.

Екінші ойын басталғанда Роза Әлқожа бас тартады. Ары қарай Ақбота Керімбекова жалғастырады. Инвестиция тарту қайта жалғасады. Сосын мұның да арты сұйырқұйымшақтанып кетеді. Халық алданғанын біліп, адвокаттарды іздейді. Мені табады. Бұлар халықты ойынға шақырып алып, алдап тұр. Қаржы пирамидасына ұқсас бірдеңе», – дейді адвокат.

Өздеріңізге белгілі, қаңтар айынан бастап наурызға дейін Ернар Айдар да лотерея ойната бастаған. Тігілген мәшинелерінің бәрі жалға алынған көліктер болып шығады. Лотерея ұйымдарының бірі мұны байқап қалып, экономикалық тергеу департаментіне арыз түсіреді. Ернар Айдардың қалай ұсталғанын әлі ешкім ұмыта қоймаса керек.

«Негізі, ұйымдастырып жүрген қасында екі серігі бар – Мәди, Азат деген жігіттер. Әншілерді айналдырып жүргендер осылар. «Өзімнің ойыным» деп айтқызған. Ернар Айдар ұсталғанда, мәшине ұтқандардың бәрі – «өтірік адамдар», істемейтін нөмірлерді компьютерге тіркеп қойған. Бұл телеарналар бағдарламасында айтылып, шу болды. Өтірік нөмірлерді анықтады. Бағдарламаға өзім де қатыстым», – дейді Тілеужан Жұмабекұлы.

Көп адам алданып қалып, заңгерден ақшасын қайтарып беруге көмектесуді сұрайды. Адвокат Экономикалық тергеу департаментіне Ақбота Керімбекованың, Жазира мен Жанболаттың, Роза Әлқожаның және олардың артында тұрғандардың үстінен қылмысты істі қозғау туралы арыз жаза бастаған. «Бір адамға ғана қылмыстық іс қозғалып, қалғандарына сұрау салынбағаны қатты таңдандырды», – дейді адвокат.

Ешкім жауап та алмаған. Сұрастырып көрсе: «Карантин басталып кетті, әншілер ауырып жатыр екен» деп жауап береді тергеушілер.

«Шындығында, әншілер инстаграмда ұдайы отырғанын көріп жүрдік. Тергеушінің созбалаңға салып жүргенін сезіп, оның үстінен прокуроратураға шағым түсірдім. Одан қайран болмаған соң, «жұмыс істемей жатыр» деп, прокурордың да үстінен шағымдандым. Тым-тырыс. Ақырында бұқаралық ақпарат құралдарына жүгіндім. Жоғары басшылық қадағаламаса, бұл істі жылы жауып тастап жатыр деп шырылдадым. Кейбір әншілердің бірі ватсабыма хабарласып қарғап-сілеп, «неге қоймайсың» деп қоқан-лоқы көрсетті», – дейді Тілеужан Кішкенебаев.

 

Бірақ әділдік іздеп жүрген мұның өзінің үстінен қылмыстық іс қозғала бастағанда аң-таң болған. Адвокаттың пікірінше, бұл іс әншілердің ықпалымен болып жатқан көрінеді.

«2017 жылы бір іске адвокат ретінде қатыстым. Ол жерде учаскелік полицейдің қылмысы анықталады. Сол ісі үшін үш жылға сотталады. Іс жабылады. Бірақ ол іс қазір қайта қаралып, мен қуғынға ұшырадым. Бұл – жоғарыдан берілген тапсырма. Өштесу! Үстімізден арыздандың деп қала прокурлары да ерегісті»,– дейді адвокат.

Бір қызығы, бұл іске бес эпизод бойынша, екі адвокат қатысқан. Бірақ екінші адвокатты іздеп жатқан ешкім жоқ екен.

«Өйткені, оның кінәсі жоқ. Менің де кінәм жоқ. Менің қорғауымда қазір 50 адам бар. Аманатын алған соң, оларды қалай жарты жолдан тастап кетемін? Роза Әлқожа немесе Ақбота Керімбекова қысым көрсетті деп тастап кетемін бе? Судья мен прокурорлардан қорықсам, қалай адвокат боламын?» – деп сауал тастайды Тілеужан Кішкенебаев.  

Адвокаттың айтуынша, әріптестері оған барынша қолдау көрсетіп жатыр. 25 адвокат істі қарап шығып, қайта көтерілген істе ешқандай қылмыстық құрамның жоқтығын алға тартқан.

«Адвокаттарға қысым жалғаса берсе, БҰҰ-ға дейін шағымданамыз», – дейді Т.Кішкенебаев.

[:]