АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Айт дастарханына қойылған қойдың басы да пакет ішінде кетіпті[:]

[:kz]

Бүгінде қазақтың ежелден келе жатқан өнегелі салт-дәстүрлерін ұстанатындар азайып барады.

Осының салдарынан кей жерлерде өте келеңсіз жайлар да орын алып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушысы Асыл Арыстанбек өзінің жеке парақшасында 
осындай бір сорақы жай жөнінде жазыпты. Ол кісі былай дейді:
«Көршіміз құрбандық шалып, айт дастарханына шақырды. Бардық. Бір қойдың етін түгел асып, үлкен екі табақпен екі үстелге үймелеп алып келді. Ет турайтын жігіт табақтағы етті түгелдей келесі табаққа салып алды да, бауырдан, жіліктің жуан еттерінен жонып, әр адам басына санағандай етіп қамырдың үстіне шашып тастады.
Қойдың басы тұр телміріп. «Пәленшекеңе бер басты», – деп еді, ол: «Қой, мен бас жемеймін», – деп келесі кісіге ұстата салды. Қайран қойдың басы мүжілмеген қалпы тұрды. 
Етке қолымызды салар-салмаста үй иесі целлофан пакеттер тарата бастады. Әлгі үйме табақ етке бәрі бас қойып, пакетке салып алды. Бас та бір пакеттің ішінде кетті. Дереу дастарханды жинап кетті де, бос үстелге бата сұрады.
Артынша әруақтарға құран бағышталды. Үй иесі құран оқылып жатқанда атып тұрып: «Ақшамды ұмытып кетіппін», – деп басқа бөлмеден ақша әкеліп, құран оқып отырған ақсақалдың алдына 2000 теңгелікті тастады. Тағы біреуін келесі адамға ұсынып: «Сіз де оқыңыз», – деп бақилық болған туыстарының тізімі жазылған қағазды әлгі кісінің алдына жылжытты.
Шай дастарханы да тып-типыл етіліп, пакет-пакет боп келген қонақтардың қолында кетіп бара жатты. Қарап отырып қайран қалдым. Қазақта әр сыйлы қонаққа тартылатын табақ түрі болушы еді. Оған салынатын мүшелердің де мәні зор-тұғын. Ал бастың жөні бір бөлек. Басты қолына ұстаған адам құлағынан бастап әр тілімін атап-атап үлестіріп беруші еді. Ақыры соңында миын алып мипалау жасап, оны да отырғандарға үлестіретін. Мәселен, құлағын «құйма құлақ бол» деп балаларға, таңдайын «таңдайың тақылдаған шешен бол» деп бозбала, бойжеткендерге беруші еді. Жауырынды да жігіттердің біріне «жауырының жерге тимесін» деп ырымдап беретін. Айта берсек, әр мүшені үлестіргенде айтылар тілек бөлек-тұғын. Асқа шақырғанда келе алмай қалған сыйлы кісіге сыбаға беретін. 
Үйдің дастарханынан мүшелеп, табақ үстінен бөліп кету – жаман ырым. Ол сол үйден сүйек шығарумен бірдей. Дастарханды түгелдей сыпырып-сиырып кету де жақсылықтың нышаны емес. Біздің елде бата жасар алдында табақты келіндер сәлем салып алып, сол үйге қарасты ұрпақтары түгелдей тікесінен тік тұрып бата сұрайды. Құранды имам немесе аузы дуалы ақсақалдың бірі оқиды. Ақша таратып, бірнеше адамға құран оқыту дегенді де бірінші рет көрдім. Біреудің жайған дастарханын сынап ұпай жинайын деп отырған жоқпын. Әсілінде қазақтың айт пен тойы түгел философия еді. Таң-тамаша болған күйімді жасыра алмай бөліскенім ғой».
…Міне, А.Арыстанбек осылай дейді. Оның осы жазбасына орай көптеген желі қолданушылары өз пікірін білдіріпті. Солардың біразын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.
 
Бота Мерекеқызы: – Тура осы үрдіс орталықта, оның ішінде Қарағандыда кеңінен таралған. Табақтың берекесін алып, үстелді талан-тараж етіп. Қанша ескертілсе де қоймайды.
 
Алмагүл Жанұзақ: – Дәл солай бізде де. Не жеп, не қойғаныңды білмейсің. Пакетке салып алу үшін жанталас. Адам басын санап қылдай бөліп аласың мейізге дейін.
 
Марал Әли: –  Көкшетаудан көрдім тура осындай жағдайды. Кішкене қазыны әрең сұрап жегенмін. Екі жағынан көтеріп әкеліп қойды табақты. Бір ер адам табақтан бар етті алды да, алдымызға бір-бір кесіп лақтырды. Қалғанын ас үйге алып кетті. Кетерде салып береді деп. Маған керегі жоқ, салмаңдар дегенмін. Қоярда-қоймай пакет ұстатты. Жолда қарасам, жарты пирог пен еті сылынған бір кәрі жілік. Далаға қойып кеткенмін. Иттер мүжісін деп. Біздегідей табақты сыбағасымен қоймаған соң үйіп-төгіп асқанын қайтейін?
 
Зәуреш Әшірбекова: – Қызық-қызық кезеңге тап болдық қой. Пакет тарату мақтаныш болды, бәріне тараттық деп отырады. Барған адамды қайыршы сияқты қылып.
 
Гүл Жанәділова: – Сол сыпырып-сиырып кету үрдісі бізде де өршіп тұр. 
 
Қасен Қисаұлы: – Дүбәра буыннан әлі талай кереметті көресің. Кейде ойланып қалам, қалай ел боламыз деп…
Дайындаған — Н. ӘБДІ
 Zamana.kz 
 

[:]